Руханият

Дәстүрді дәріптеген туынды

Жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарих ғылымдарының кандидаты Ержан СМАҒҰЛОВТЫҢ «Қазақтың ас беру дәстүрі» атты монографиялық кітабы жарық көрді.

«Қазіргі заманғы әлеуметтік антропология саласындағы зерттеулер» сериясына енгізілген аталмыш кітапта XVIII–XIX ғасырлардағы деректер бойынша ас беру дәстүрінің бастаулары мен әлеуметтік-саяси қызметіне терең тоқталып, тарихи оқиғаларды қамтып, зерттеулер жүргізген. Монографиялық еңбек әзірге 100 данамен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алтын Кітап» баспасында басылып шыққан.

Аталмыш кітап «Ас беру дәстүрінің шығу тегі», «Ас беру дәстүрінің ғұрыптық мәні мен өткізілу тәртібі», «Ас беру дәстүрінің әлеуметтік-саяси реттеушілік мәні» атты үш бөлімнен тұрады.  Монографиялық еңбекте үш жүзге сауын айтылып, дала төсін ұлан-асыр думанға бөлеген тарихи тұлғаларға арнап берілген астардың мән-маңызы жайлы сөз болады. Қазақтың ас беру дәстүрінің шығу тегін саралап, бүгінгі күнге дейінгі жеткен сабақтастықты пайымдайды. Хандар мен сұлтандарға берілген 7 асты және билерге, батырларға, байларға берілген 37 астың тарихын тар қатып, пайдаланған деректерге кәсіби дәрежеде талдау жасап, маңызды да қызықты ойлар айтқан. Халқымыздың тарихында аңыз болып қалған Абылай ханның асы, Өскенбайдың асы, Сағынайдың асы сол кезеңдегі қазақ қоғамының бірлігін, ұйымдастырушы жұрттың намысы мен абыройын алға тартады. Ас беру дәстүріне сай жолжобасын сақтап, әр елдің ақылман ақсақалдары мен билері, батырлары, өнерпаздары мен балуандары, көкпаршы, мергендері шақырылып, желмен жарысқан жүйріктері алдырылып, әлеуметтік үлкен маңызы бар берекелі шара өткізілгендігін баяндайды. Сонымен қатар, ас беруді ас ішіп, аяқ босату емес, әр атаның сөз ұстайтын білікті ақсақалдарымен, қабырғалы билерімен ақылдаса отырып, ортақ мәселеге байланысты маңызды пәтуаға келгендігін мәлімдейді. Мәселен, Әбілмәмбеттің асында Абылай, Абылайдың асында Уәли хан болып сайланып, сондай-ақ, әлеуметтік мәселелер де шешіліп отыр ғандығы туралы деректер қамтылған.

Асты өткізу тәртіптері, ондағы бәйге, балуан күресі, айтыс, жамбы ату, тұл аттың сойылуы, септің таратылуы, қаралы тудың сындырылуы сынды ғұрыптардың орындалуын сөз етеді. Тіпті, қазақ халқының адам қайтыс болғанда жаназасын шығарып жерлегеннен бастап, 7 күн, 40 күн және жылдығын беру әдет-ғұрыптарына байланысты тұжырымын айтады.

Жарыққа шыққан ғылыми монографияға пікір жазғандар: тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев бірауыздан монографиялық еңбек ғылыми зерттеудің талаптарына сай деп қорытынды жасаған.

Кітап авторының айтуынша, бұл еңбектің жалғасы толық тырылып шығарылатын болады.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button