Бас тақырып

ҰБТ: Талапкер нені білуі керек?

Бүгін еліміз бойынша шәкірттердің 11 жылдық білімін тексеретін ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Оған қатысуға Қарағанды облысы бойынша 6122 талапкерден өтініш түскен. Салалық министрлік осынау жауапты сынақты ойдағыдай өткізуге дайын ба? Қандай жаңашылдықтар мен өзгерістер бар? ҰБТ нәтижесі мектептердің рейтингіне қалай әсер етеді?

Жыл басынан бері түлектердің бір парасы ақылы тестілеуден өткен болатын. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл оқушыларға түсетін психологиялық қысымды азайтады. Қаңтар және наурыз айларында өткен тестілеуге түлектердің 78% қатысқан. Олардың 70% қазірдің өзінде ақылы негізде жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алады. Ал, осы жолы мемлекеттік гранттан үмітті талапкерлер сынға түседі. Тестілеуге қатысу үшін 117 242 адам өтінішін білдірген екен. Олардың 72 пайызы – мектеп бітірушілер.

Биыл ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Десек те, бірқатар жаңашылдықтар да бар екен. Яғни, түлектерге ҰБТ сертификатымен бірге мамандықтар тізімі, оларға бөлінген грант саны және шекті балдар көрсетілген ақпараттық парақ беріледі. Бұл талапкерлердің мамандықты жинаған бағаларына сай дұрыс таңдауына жол ашады. Сонымен қатар, IELTS сертификаты бар түлектер шет тілінен тест тапсырмайды. Оларға пән бойынша максималды балл автоматты түрде қойылады. Тағы бір айта кетерлігі, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де барынша қолайлы жағдай жасалған. Яғни, ерекше қажеттілігі бар түлектер бөлек аудиторияда сынақ тапсырады. Олардың қасында ҰБТ шеңберінде тапсырылатын пәндердің мұғалімі емес көмекшілер мен ымдау тілін білетін мамандар болады. Бұл үшін денсаулығы туралы анықтама ұсынып, алдын ала өтініш беруі керек.

Әу баста мектеп түлектерінің білім деңгейлерін анықтау, еуропалық стандарттарға сай болу мақсатында қабылданған ҰБТ соңғы жылдары мектептер арасындағы рейтинг жарысына ұласып кеткен болатын. Бәсекенің болғаны жақсы-ақ. Десек те, баланың білімін емес, өздерінің беделін ойлаған кей мектептер жоғары сыныптарда сабақты кейін ысырып қойып, балаға тест жаттатқызуды әдетке айналдырған. Бұл ұстаздың кінәсі емес, әрине. Сондықтан да, Үкімет отырысында ант қабылдап, қызметіне кіріскен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әкімдерден ҰБТ нәтижелері бойынша облыстың, қалалар мен аудан мектептерінің рейтингтерін жасамауды сұрады.

– Қазіргі таңда ҰБТ – түлектердің жоғары оқу орындарына түсу үшін өз еркімен тапсыратын емтихан. Ал, оның нәтижелерін рейтинг жасауға пайдалану – дұрыс емес, – деген министр әкімдерден тестілеу кезінде түлектерге және олардың ата-аналарына қолайлы жағдай тудырып, балаларды тасымалдау мәселесін оңтайлы ұйымдастыруды сұрады.

Министрдің айтуынша, кей кездері ата-аналар түлектерден артық қобалжып, сары уайымға салынып жатады. Бұл – дұрыс емес. Баласының сынақтан сүрінбей өтуін ойлаған ата-ана оған психологиялық тұрғыда қолдау көрсетіп, жігерлендіруі керек. Ал, талапкерлер болса, сынақ тапсыруда «шпаргалкаға» емес, өз білімдеріне сенгені абзал.

– Өзімен бірге «шпаргалка» немесе ұялы телефон алып жүрген адамның мазасы кетеді. Әуелі «оны аудиторияға қалай кіргізем?» деп басы қатады. Содан кейін «мені байқап қалмас үшін оны қалай пайдалансам болады?» деп миы ашиды. Ол да уайым. Мұндай ойлар сергуге көмектеспейді. Сондықтан да, талапкер ең әуелі өз біліміне арқа сүйеуі керек. Сынаққа тест бойынша емес, бағдарламалық материалмен дайындалған абзал. Сол кезде жемісті нәтижелерге қол жеткізеді. Мұны өз тәжірибемнен лемін, – деді Асхат Қанатұлы.

Талапкерлер сынаққа кірместен бұрын міндетті түрде тексеруден өтеді. Телефондар, шпаргалкалар, көмекші құралдар кіреберісте тапсырылуы тиіс. Аудиторияға кіргізуге қатаң тыйым салынған. Әйтсе де, тексерістердің соңы айқай-шуға ұласып, түрлі дау-дамайға себепкер болып жататын кездер де жиі кездеседі. Үкімет басшысы Асқар Мамин биыл мұндай келеңсіздіктерге жол бермей, талапкерлерді жедел және әдепке сай тексеруді тапсырды. Сонымен қатар, ішкі істер органдарын, Денсаулық сақтау министрлігін және Ұлттық қауіпсіздік комитетін ҰБТ ұйымдастыруға қолғабыс жасауға шақырды.

ҚАНША ГРАНТ БӨЛІНДІ?
2019-2020 оқу жылына мемлекет 66 556 грант бөліп отыр. Оның 51 085-і бакалавриатқа, 13 159-ы магистратура, 2312-сі докторантураға (PhD).

Шекті балл қанша?

Ұлттық ЖОО – кемінде 65 балл;
Басқа жоғары оқу орындары – кемінде 50 балл;
Оның ішінде “Педагогика ғылымдары”, “Ауыл шаруашылығы және биоресурстар”, “Ветеринария” мамандықтарына – кемінде 60
балл;
“Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)” – кемінде 65 балл.

Тестілеудің нәтижесін қайдан көруге болады?
ҰБТ нәтижелері тапсыру пунктінде сол күні жарияланады. Сондай-ақ, Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан немесе @edugovkz_bot телеграм ботынан ЖСН теру арқылы көруге болады

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button