Жаңалықтар

ҰБТ талабы өзгермейді

БИЫЛ ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ СҰРАҚТАРЫНДА ЖӘНЕ ӨТКІЗУ ФОРМАТЫНДА ӨЗГЕРІСТЕР БОЛМАЙДЫ. ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ АҚЫЛЫ БӨЛІМІНЕ ОҚУҒА ТҮСЕТІН ТАЛАПКЕР ҮШІН ЖЫЛЫНА 4 РЕТ ӨТКІЗІЛЕТІН ҰБТ-НЫҢ КЕЗ КЕЛГЕНІНЕ ҚАТЫСЫП, ШЕКТІ БАЛЛ ЖИНАУЫ ЖЕТКІЛІКТІ. АЛ, МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ БЕРУ ГРАНТТАРЫ КОНКУРСЫНА ҚАТЫСУ ҮШІН МАУСЫМ АЙЫНДА ӨТЕТІН ТЕСТІЛЕУГЕ ҚАТЫСУ – МІНДЕТТІ.

Айта кеткен жөн, биылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз) өткізілуде. Әр ҰБТ-ны тапсыру кезінде талапкер түрлі бейіндік пәндер комбинациясын таңдайды. Ал, мемлекеттік білім беру грантын иеленуге үміттенген талапкерлер маусым айында өтетін тестілеуді міндетті түрде тапсыруы қажет. Өйткені, наурыздағы тестілеуде шекті балл жинаған тестіленуші сертификатымен ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады. Осылайша, наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу түлектерге негізгі тестілеудің алдында өз білімдерін тексеруге қосымша мүмкіндік береді.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, білім беру гранттары маусым айында өткізілетін ҰБТ сертификатының балдарына қарай, конкурстық негізде бейіндік пәндер комбинациясына сәйкес бөлінеді. Білім беру бағдарламаларының тобына жоғары оқу орнының бір немесе бірнеше білім беру бағдарламасы кіреді. Барлығы 97 білім беру бағдарламасының тобы бар. Бейіндік пәндер комбинациясы сәйкес келген жағдайда, талапкерге білім беру грантын тағайындау конкурсында төртке дейін білім беру бағдарламаларының тобын таңдау мүмкіндігі беріледі. Мысалы, «Биология» + «Химия» бейіндік пәндер комбинациясымен талапкер: 1) «Химия пәнінің мұғалімдерін даярлау»; 2) «Биологиялық және сабақтас ғылымдар»; 3) «Ветеринария»; 4) «Жалпы медицина» сияқты білім беру бағдарламалары топтарын таңдау мүмкіндігіне ие.

Сондай-ақ, «Шығармашылық емтихан» + «Шығармашылық емтихан» комбинациясы арқылы «Бастапқы әскери даярлық пәні мұғалімдерін даярлау» сияқты бір білім беру бағдарламаларының тобын таңдай алады.

Мемлекеттік гранттар саны бекітілгеннен кейін ҚР БҒМ және Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланады.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button