Теміртау

“Брейн-ринг” білімділер сайысы

Әйгілі суретші Леонардо да Винчи бір сөзінде «Ұстазынан асып түсуге талпынбаған шәкірт – бейшара» деген екен. Әрбір ұстаз шәкіртінің өзінен асып түскенін қалайды. Өйткені, ұстаздың мықтылығы шәкіртінің білімімен бағаланады.

Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, «Үш тұғырлы тіл» саясатын насихаттау және ұстаз бен студент арасындағы байланысты нығайту мақсатында «БРЕЙН-РИНГ – TEACHERS VERSUS STUDENT» интелектуалдық ойыны өтті.

«Брейн-ринг» – телевизиялық ойын. Ол 1990 жылдың 18 мамырынан бастап «Не? Қайда? Қашан?» ойынының үлгісінде эфирден көрсетілді. Командалық ойын бірден танымалдылыққа ие болып, білімді жастар аясында жиі ойнала бастады. Бейресми деректер бойынша «Брейн-ринг» атауын Борис Бородин, Оксана Балазанова, Марина Белоцерковская және Александр Рубин есімді білімпаздар ойлап тапқан.

Ойынға университет оқытушыларының және студенттерінің командалары қатысып, үш кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде білім сайысына қатысушылар қазақ тілінде қойылған сауалдарға жауап берсе, екінші кезеңде орыс, үшінші кезеңде ағылшын тіліндегі тапсырмаларды орындады.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында танымдық сипаттағы осындай шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Командаларға қойылған сауалдар логикалық сипатта. Бұл оқытушылар мен студенттердің ойлау шапшаңдығын арттырады. Әрі қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеруге ықпал етеді, – дейді ҚМИУ Жастар саясаты және тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің директоры Мәдина Салпенова.

Интеллектуалды ойынды ұйымдастырушылардың айтуынша, оқытушылар мен студенттердің ойын барысында қарсылас болуы олардың арасындағы сыйластық пен достықты қалыптастыруға оң ықпал етеді.

 Бізге осы ойынды ұйымдастыру барысында «Студенттер мен оқытушылар бір-біріне қарсы ойнап жатыр, кейін реніш болмай ма?» деген сұрақтар қойылған еді. Ол – ескі түсінік, өтіп кеткен жүйе. Эрих Фром деген әйгілі неміс ғалымы «Шығыстың мұғалімдері шәкіртінің жүрегінен жол табуға тырысады. Ал, батыстың мұғалімдері өзін мойындатуға ұмтылады» деген. Бұрын біз өзімізді мойындатуға тырысатын едік. Қазір осындай ойындар арқылы шәкірт пен ұстаз арасындағы өзара сыйластық, достықты қалыптастырамыз, – дейді қазақ, орыс және шет тілдері кафедрасының меңгерушісі Нұрзия Әбдікәрім.

 Ойын барысында қатысушы қос команданың өкілдері барынша белсенділік танытып, қойылған сауалдарға нақты жауап беруге тырысты. Университет техникалық бағытта білім береді. Әйтсе де, студенттер әдебиет, мәдениет, тарих ғылымдарынан қара жаяу еместіктерін аңғартты. Әсіресе, үш тілде қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап бере отырып, өз білімдерінің деңгейін анық көрсете алды.

 Ойынның басты шарты – шапшаңдық. Қатысушылар сұрақтың жауабын тез табумен қатар қарсыластарынан бұрын жауап беріп үлгеруі тиіс. Бұл ретте студенттер командасының жылдамдығы ұстаздарына қарағанда басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ұстаздар жағы шәкірттерінің жеңіске жеткеніне ерекше қуанғандарын аңғартты.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button