Бозторғай

Бозторғай қанатымен ерте келген,
Әсемдік, әдемілік еркелеген,
Даланың ақ төсінде тұнып тұрды,
Ауада жел қақпаған ертеменен.

Ақ сәуле албырайды көгінде аспан,
Бәйшешек жаудырайды көзін ашқан,
Беттерін ашып жатты рай таңмен
Жазылған күй сазымен сезім-дастан.

Кеудеде дірілдеген күйдің көркін,
Шығарып көк айдынға сермеп еркін.
Даланың өз бұлбұлы – бозторғайы
Жөнелді күмбірлете емін-еркін.

Алыстан үн келеді қанаттанып,
Кірпігін кербез дала шыққа малып,
Аспанға анасындай жаудырайды,
Еркедей ерте тұрған ұйқы қанып.

Бозторғай әуенімен елтіп, еріп,
Күй көңіл күлімдейді гүлін теріп.
Алдыңнан арман алып шыға келді
Айдала арқасына Күн көтеріп.

Жақан СМАҚОВ