Бозоқта бой көтерген Алаш астанасы

Ата тарихқа үңілсең, астанасыз болмағаныңа сүйсінесің. Сақтардың салтын сақтап, ғұндардың ғұрпын ұстанып, Көк түрікті – Тамырымыз, Көк аспанды – Тәңіріміз деп ұғындық. Арқадан Алатауға көз жүгіртсең – ұлан-байтақ жер жатыр. Алтайдан Атырауға шола қарасаң – бетегелі бел жатыр. Һақ төрінде жігерлі халықтың жүрегіндей лүпілдеп «Бағаналы ордам, басты ордам, күн дидарлы астанам» – Нұр-Сұлтан шаһары шырай төгіп тұр!

Тұлпардың тұяғымен жазылған Мәңгілік Елдің дастанын Ұлы Дала ұландары ұмытқан жоқ! Мыңжыл­ дықтардан бері жырлап келеді, әлі де жырлайды. Ғасырлар тоғысында тарлан тарихтың бедерлі беттері бір аударылатыны бар емес пе? Өткен ғасыр соңы да солай болды. Азат­ тықтың алтын таңында Тұңғыш Пре­ зиденттің төл перзенті бой көтерді.

Бала емес – қала! Есілді өрлей біткен Елорда! Бозоқта бой көтерген Алаш астанасы…

Тұтас бір халықтың өрлігі мен ерлігінің, қайтпас қайсарлығы мен сөнбес жігерінің ажары һәм айнасы іспетті ол. Қазақ Елі аталар ғажап ел­дің тамырына қан, түнегіне таң жү­гірткен алтын сәуле де сол. Айбынын көрген дұшпаны аласарып, ай-күнін көрген достары қажет десең тау аса алатын рух тұнып жатыр онда.

Бейбітшіліктің – бесігі, есіл дос­ тықтың – есігі! Алматының алтын нұрын Алатауда қалдырып, Азат елдің ұрпағы Арқа төріне Ақорда тіккеніне де міне, жиырма жылдан асты. Ширек ғасырға жетер-жетпес шектеулі мерзімде алты құрлықтың баласы аң-таң болған жауһар шаһар шуағына шомылдырып тұр. «Алпыс басты ақордам, Ардақтаған аяулым» (Бұқар жырау). Соны көріп, сүйем жер үшін сүйегін беретін азаматтың да рухы аспандайды!

«Отаны бірдің – жүрегі бір, жүре­гі бірдің – тілегі бір»! Ел деп соққан жүрек те, Елорда деп айтылған тілек те тамырлас. Аспанда Тәңірі дейтін алып, жерде соның көлеңкесі іспет­ті халық тұрғанда Алаш астанасы да тұрмақ!

Рауан ҚАБИДОЛА.