Спорт

Боз кілемде – тәртіп сақшылары

Қарағанды облысы Ішкі істер департаменті басшылығының ұйытқы болуымен «Динамо» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орайластырылып, бәсекелі тартыс – самбо күресінен біріншілік өткізілді.

Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аталған спорттық шараның мақсаты – сайыпқыран спортшылардан ІІД құрама командасын жасақтап, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен «Динамо» республикалық қоғамы тарапынан ұйымдастырылатын республикалық деңгейдегі чемпионатқа тиянақты дайындық жүргізу болып табылады.

Байрақты бәсекенің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қарағанды облысы ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев: «Біз үшін түпкі меже – салауатты өмір салтын ұстану және барлық қызметкерлерді спортқа ынтызар болуға баулу. Тәртіп сақшылары арасындағы самбо сайысы жыл сайын өткізіледі және осындай сипаттағы жарыстарды ұйымдастыруға алдағы кезеңде жіті көңіл бөлетін боламыз. Барлық құқық қорғау органдары қызметкерлерін алдағы Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтай отырып, баршасына денсаулық, қызметте жеміс тілеп, әрқашан елдің айбынды азаматтары болуларына тілектеспін», – деді.

Біріншілікке жалпы саны 110 балуаннан құралған 26 команда қатысып, самбошылар сегіз салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты. Олардың қатарында әлемдік ареналарда ел намысын абыройлы қорғап, жеңіс тұғырынан жиі көрініп жүрген Мерей Жұбанов, Махмұд Мұхамеджанов және Нұржан Халилин сынды танымал спортшылар да болғанын атап өткен жөн. Сондықтан да, белдесулердің басым дені тартысқа толы болғаны анық.

Жарыс қорытындысында әбжіл қимыл таныта білген облыстық ІІД Жедел қимылдайтын арнайы жасақ командасы І орынды жеңіп алды. Ал, ІІ орынды облыстық ІІД оқу-жаттығу взводы иеленсе, жүлделі ІІІ орынға №22750 әскери бөлімі табан тіреді.

Белдесулерде «Жас Сұңқар» жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы ұстаздарынан жасақталған төрешілер алқасы билік тізгінін ұстады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар, кубоктар және арнайы медальдар табыс етілді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button