Тұлға

Болмысы бөлек тау тұлға

Сарыарқаның алтын төрі, қазақтың қара сабасы атанып жүрген біздің Қарағанды өңірінен кәтепті қара нардай қабырғалы азаматтары да көптеп шыққаны жұртшылыққа мәлім. Әсіресе, Ебіней Бөкетов, Әбілқас Сағынов, Баян Рақышев сынды атақтары аймағымыздан асып, бүкіл елге, қалаберді дүние жүзіне жайылған ғұлама ғалымдарымыздың ерен есімдерін күні бүгін пір тұтамыз. Кеудемізді керіп мақтанамыз. Сол «Алыптар тобының» біреуі де бірегейі – академик, еліміздің экономика ғылымының негізін қалаушылардың бірі Яхия ӘУБӘКІРОВ ағамыз еді.

Ағаның кіндік қаны тамған жері – Шет ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, болмысы бөлек Тау тұлға туралы қалам тартқанды жөн санадым.

Менің кезінде еліміздің саяси-теориялық бас журналы «Қазақстан коммунисінің» ғылым бөлімін басқарғаным бар. Сонда еліміздің экономика ғылымдарының үш көшбасшысын білуші едік. Олар – Сақтаған Бәйішев, Яхия Әубәкіров және Түймебай Әшімбаев еді. Біздің басылым үшін, әсіресе, ұлтымыздың оң жамбасына келетін ауыл шаруашылығы экономикасының білгірі Яғаңның жөні бөлек болды. Ол кісіге басылымымыздың тарапынан тапсырыс жиі түсетін. Бетімізді қайтарған емес. Тап-тұйнақтай етіп орындап береді. Және әр мақаласы сол нөмірге үлкен леп әкеліп, айрықша аталып жататын. Ол тұста Яхаңның өзіміздің Шет өңірінен, тіпті, аталас туыс екенін біліп қалған кезім. Әлгіндей сәттерде көңілім көкке жетіп, бүкіл бойымды мақтаныш буы баурап алатын.

Одан кейін есейдік, ес жидық дегендей, көбіне жақсылардың ортасында жүрдік. Бірақ, дәл Яхия ағадай мейірі сыртқа төгіліп тұратын, үлкенге де, кішіге де ізетті, ізгі жанды сирек кездестірдім. Ол кісі «зиялы адам» деген атаудың ерен этолоны, жарқын үлгісі еді. Алатаудың орман-тоғайға бөккен баурайында «Алатау» деген санаторий болушы еді. «Совминге» қарайтын. Сәті түсіп сонда барсам, алшаң басып ағам жүр екен. Ол кезде ғалымдардың, оның ішінде, академиктердің атақ-абыройы аймен таласатын кез еді ғой. Айлықтарының өзі бір арба ақша. Соған тоғайған олардың көпшілігі-ақ кергіп, ыздиып, тіпті, берген сәлеміңді алмайтын. Ал, мына ағамыз болса барынша қарапайым. Сол қарапайымдылықтың ар жағында даладай кең дархандық, баладай таза пәктік сезіліп тұрады. Барынша кішік. Сол кішіпейілділіктің әр жағынан теңіздей толқыған кісілік пен ірілік мен мұндалайды. Жанап кетсең, бейне бір өзіңді парасат биігінің түбінде, білім мұхитынның жағасында тұрғандай сезінесің. Бүкіл бойында тұнып тұрған білім мен ілімнің кәусар бұлағынан бір дәм татып дәніктің бе, бітті, бас ала алмай қаласың.

Кеудесінде сәл саңылауы бар дегендеріміздің бәрі кешкі серуен кезінде сол кісінің маңайына үймелейміз. Ол кезде айтыла бермейтін әңгіме көп еді ғой. Әсіресе, Ауғанстандағы дүрбелеңнің дүркіреп тұрған тұсы. Кеңес әскерлерінің Кабулға бір-ақ түнде басып кіріп, көңілінің ауаны Америкаға ауа бастаған Амин деген Ауғанның патшасын аударып тастап, орнына Бабрак Кармалды қойған кезі. Ол кім өзі? Соғыс шығынсыз бола ма? Азаматтарымыз не үшін айдалада ажал құшып жүр?

– Олардың анау Гиндкуш деген тауларының жоталары жалпақ болып келеді екен. Оны жағрапияда плато деп атайды, – дейді ағамыз. – Егер, америкалықтар ол елді бізден бұрын алып қойса, сөз жоқ, ол жерлерге өздерінің «Тамагавка» деген оқ тұмсықты зымырандарын орнатар еді. Ауғанстан – іргеміздегі ел. Ол жерден атылған зымыраннан қорғанып та үлгере алмайсың. Әп сәтте жетіп келеді. Ол жердегі боздақтарымыздың қаны бекер төгіліп жатқан жоқ. Тіпті, бүкіл елімізді ықтимал апаттан аман алып қалды олар. Ал, Бабракқа келсек, ол Мәскеуде оқыған өз бауырымыз, –деп өзінің жылы да жұмбақ жымыйысына салады сонсоң ағамыз.

Ол жолғы демалысымыздан атақты академикпен бірге болдық деп бәріміз де марқайып қайттық. Ең бастысы, көп нәрсеге көзіміз ашылды. «Жақсымен бірге өткізген жарты күнің, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деген рас екен. Жақсы ағамыздың жан жылуын бәріміз де сезіндік сол жолы.

– Мен сонау қиыр шеттен келген, өмірдің шындығын біршама көрген адаммын, – деді ол бір оңашалау сәтте. – Мына құрып жатқан қоғамымыздың практикасы теориясынан мүлдем алшақ жатыр. Осы бетімізбен кете берсек, түбі не болатыны белгісіздеу, – деп, сонсоң етекте жайылып жатқан Алматыға қарап терең бір күрсінді. Бұл жолдың ақыры күйреуге апарып соғатынын сол кезде-ақ білген екен-ау дегдар ағамыз деп ойлаймын бұл күнде.

Біздің көргеніміз тек лагерьлік соцализм ғана. «Аштық, қуғын-сүргін, еңбек лагерьлері және түрлі жетістіктер мен Ұлы Отан соғысындағы жеңістеріміз, міне, біз өмір сүрген қоғамның бет-бейнесі осындай еді» деген екен Яхаң бір сөзінде.

– Иә, ол кездерді еске алудың өзі ауыр, – деп толғанады сосын. – Менің балалық шағым отызыншы жылдардың ашаршылығына дөп келді. Екі бауырым аштан, онымен қоса келген індеттен кетті. Осындай қиын жағдайдан әйтеуір аман қалыппын.

Мен республикалық прокуратурада қызмет істеп жүрген кезімде Мұхтар деген азаматпен танысып, табысқаным бар. Яхаңның туған ағасы Зікірияның немересі екен. «Өзінің кіші бауырына әкесін жоқтатпай білім мен тәрбие берген Зікірия ағасы» деп Жәния толғана жазатын Зікірия – осы.

Мұхтар бауырымыз да жай ғана қатып қалған прокурор емес, тегіне тартқан жанжақты, білімді азамат. Әубәкір әулетінің соқтықпалы-соқпақты өмір жолымен мені осы Мұхтар қанықтырды.

Оның айтуынша, Яхия ағамыз Шет ауданының Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Әубәкір Тілегенұлы (Мұхтардың өзінің фамилиясы – Тілегенов) аса бай болмаса да дөңгелек қана шаруасы бар тұрмысты адам болған. Үйіне Сәкен Сейфуллин, Қажымұқан сияқты атақты адамдар түсіп жүретін беделді кісі екен. Сол беделі қаһарлы 37-ші жылы өзіне бәле болып жабысып, ұсталып, ақыры атылады. Содан 56-шы жылы бір-ақ ақталады ғой.

Әкесі атылысымен үлкен ұлы елден безіп, сонау сібірдегі қазаққа ұқсас Хакасиядан бірақ шығады. Кейінірек есін жиған соң ауылда қалған інісі Яхияны жасырын келіп алып кетеді. «11 жасында жетім қалған әкем өмір бойы өз әкесін аңсаумен өтті» деп кейінірек Жәнияның еске алатыны осы тұстың елесі.

Болашақ ғұлама ғалымның оқуға құштар, зерек болғаны түсінікті жайт. «Яхия қуықтай бөлменің бір бұрышында сығырайған майшамның жарығымен сабақ дайындап отырушы еді» деп еске алады екен Зікірия ағасы кейінірек.

Содан Яхия ағамыз тынбай талаптанудың арқасында, Омбы педагогикалық училищесін, Қарағанды мұғалімдер институтын және қазіргі Омбы мемлекеттік университетін бітіреді. Ол кезде жоғары екі білім алмақ түгілі мектепті толық бітірудің өзі мұң ғой.

«Халық жауының баласы» деген атағың бар, партия-совет жұмысына жолама, бұлар түртпектеуін қоймайды, бір жола ғылыммен айналыс» деп өмірлік жолын сызып берген де, «Алыстағы Алматыға тарт» деп жөн көрсеткен де осы Зікірия ағасы.

Соғыстан кейінгі жоқшылық кез ғой. Пойызға шығарып салып тұрғанда Зікірия інісінің шалбарының жыртық екенін көріп, өзінің шалбарын шешіп інісіне беріп, оның жыртық шалбарын өзі киіп қалғанын прокурор Мұхтар көзі боталап тұрып айтады.

Сөйтіп, Әубәкірдің кіші ұлы Қазақ университетіне келіп, экономика ғылымының тұңғыш аспиранты атанады. «Жаманның ғұмыры шағым мен арыздан тұрады, жақсының ғұмыры қарыз бен парыздан тұрады» дегендей, абзал ағамыздың парасат бигіне барар жолы осылай басталған. Ол әкесінің орнына әке болған аяулы ағасының айтқандарын бұлжытпай орындап, бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнап, табандылығы мен талаптылығының арқасында оның шырқау шыңына шықты. 50-ші жылдары кандидаттық жұмысын, 70-ші жылдардың басында докторлық диссертациясын қорғап, ғылымға үлкен үлес қосты. Бұл жерде атап айта кететіні, ол кісінің докторлық қорғауына кезіндегі қайта құрудың атасы Мәскеудегі атақты академик Абалкиннің өзі мұрындық болған.

Ол кейбіреулерге ұқсап доктор атанғаннан кейін «болдым, толдым» деп тоқырап қалған жоқ. Ғылымдағы жолы үнемі өмір өзгерістерімен өзектесе өріліп отырды. Ақылойынан туындаған экономика теориясы мен практикасының түйінді мәселелеріне арналған үш жүзден астам құнды еңбегі – соның айқын айғағы.

Ол кезде бүкіл одақ елдері сияқты Қазақстан да орыс тілінің темір құрсауында тұрғаны рас. Тіпті, қазақ тілі тек қана отбасы құралы ғана болып, ғылым тілі болудан қалып бара жатты. Аяулы ағамыздың тағы бір ерекше ерлігі сол, ол ғылыми еңбектерінің көпшілігін қазақ тілінде жазып, ана тілімізді ғылым-білім тілі деңгейіне қайыспай көтерді. Аса қиын пәннің бірі саяси экономика, оның теориясы бойынша қазақ тілінде дәріс берген алғашқы экономист ұстаздың бірі де осы ағамыз болғанын бұл күнде біреу білсе, біреу білмес. Сол кісінің ықпалының арқасында «журфактағы» біз де Қанатбаев деген ағайдан саяси экономикадан қазақша дәріс алдық. Кейіннен қазақ тілінде жарық көретін басылымдарға қызметке барғанда көп пайдасы тиді.

Ол – ғылым жолына қадам басқаннан өмірінің соңғы күніне дейін шәкірт тәрбиелеуден жалықпай кеткен ұлы ұстаз. Жарты ғасыр ішінде ағамыздың алдынан мыңдаған шәкірт өрбіген. Ол кісінің ғылыми жетекшілігімен және көмегімен жазылып, қорғалған докторлық және кандидаттық диссертациялардың өзі жүзден асып жығылады. Үлкен бір ғылыми институтқа жүк болатын осындай жұмыстарды Яхаң бір өзі атқарған. Академик Әубәкіровтің «шекпенінен шыққан» шәкірттердің ішінде көптеген көрнекті қайраткерлер, ғалым-академиктер, министрлер, ректорлар бар.

– Яхия Әубәкіров өзінің мағыналы өмір жолымен, ішкі рухани байлығымен, адами қасиеттерімен, кішіпейілдігімен, еңбекқорлығымен, ақыл-парасатымен бәрімізге үлгі болған үлкен Тұлға. Тек, экономистер ғана емес, ғылым қуған барлық жастардың рухани көсемі, тәрбиешісі, ақылшысы, бапкері, қамқоршысы да сол кісі еді, – деп еске алады кезінде ҚазМУ сияқты қара шаңырақты басқарған академик Көпжасар Нәрібаев.

Қара шыңырақ демекші, «журфакта» оқып жүрген кездері Яхаң «Нархоздан» бізге проректор болып келді. Жай келген жоқ, алтын ұямызға жылылық ала келді. Содан ақтық демі таусылғанша осы шаңырақта аянбай қызмет етті. Сол кездегі ректорымыз Өмірбек Жолдасбеков екеуі бірін-бірі толықтырып, қандай жарасып жүруші еді.

 Амал не, осындай ғұлама ғалым, атпал азаматқа сол кездегі билік одан биік қызмет берген жоқ. Жоғарыдағы біреуге жақпай қалыпты деп естіп жүрдік. Алайда, ол үлкен лауазым иесі болмаса да, жұрт өзіне табынып, құлдық ұрып жатпаса да, көзі тірісінде жұртшылықтың орасан қадір-құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді. Бұл құрметке биік мансапсыз-ақ, қатардағы қарапайым ғалым ретінде-ақ ие болды. Сол үлкен билікте отырғандардың өздерінің де қолы жете бермейтін дәрежеде танымал, сыйлы болды. Адал еңбегі, ақ жолының арқасында ел құрметіне бөленді.

Онымен бірге жүріп, қатар қызмет еткен Кенжеғали Сағадиев, Көпжасар Нәрібаев сияқты үлкен ғалымдар, қазақ зиялыларының бәрі де Яхаңның жібектей мінезі мен биік парасатына, жалпы ерекше бітім-болмысы мен ғажайып адами қасиеттеріне тәнті болған. Жарқын да жайдары мінезі, тазалығы, адалдығы мен сабырлы әрі салмақты сөздері, айрықша қарапайымдылығы төңірегіндегі жандардың бәрін тәнті етіп, тартып тұрған. Жиырма жылға жуық проректор, отыз жылдан аса кафедра меңгерушісі болған уақытта ешуақытта маңайындағыларға биліктің биігінен қарамапты. Ұлықтарға иіліп, бас шұлғымаған, өзінен кішілерге кеуде көрсетпеген.

Ол кісінің тағы бір айрықша үлкен еңбегін айта кетпеуге сірә болмас. Өткен ғасырдың соңына таман саяси экономиканы, жалпы экономика ғылымын жаңа қоғамға бейімдеп аман алып қаған осы ағамыз деп айтуға толық негіз бар. Ол соңғы жылдары нарық экономикасының өзекті мәселелерін тыңғылықты зерттеп, көптеген еңбек жазды, түрлі басқосуларда баяндамалар жасады. «Нарық қатынастарына көшу экономиканың, қоғамдық формацияның даму заңдылықтарының нәтижесі, сондықтан, ендігі барлық мәселелерді осы нарық талаптарына сәйкес, соған сай жүргізуіміз керек» деген тұжырымды алға тартты. Бұл заман талабына сай айтылған орынды пікір екендігіне дау жоқ. Ол кісінің бірнеше рет арнайы шақыртумен Президент қабылдауында болуының өзі осыны аңғартса керек. Және кейбіреулерге ұқсап, жеке басының пайдасын күйттеген жоқ. Ұлттық идеологияны қалыптастыру, нарықты жоспарлы экономикамен байланыстыру сияқты атан жілік ұсыныстар айтқан еді.

Ғалым Яхия Әубәкіровтің есімі алыс-жақын шетелдерге де танымал болды. АҚШ, Англия, Болгария, Венгрия, Германия, Словакия, Чехия сияқты мемлекеттерге барып, олардың жоғары оқу орындарында оқыған дәрістері мен жасаған баяндамалары өте жоғары бағаланды.

– 1994 жылы қараша айында еліміздің бір топ ғалымдары Лондон қаласындағы Мидл-Сикс университетіне бардық, – деп еске алады академик Көпжасар Нәрібаев. – Арамызда ағамыз да бар еді. Мұны естіген ағылшын экономистері оның дәрісін тыңдауға ағылып келе бастады. Оған тіпті басқа факультеттердің жетекшілері де қатысты. Одан кейін атақты Оксфорд университетіне барғанымызда да дәл осы жағдай қайталанды. Ол жолы да шетелдік ғалымдардың арасында Яхия Әубәкіровтың беделінің жоғары екендігінің тағы да куәсі болдық.

Осы мақаласында көпті көрген Көпжасар аға үлкен ой айтыпты: «Рейспублика деңгейінде шешілетін мәселелер бар», – дей келіп ол кісі мынандай ұсынысты ортаға салған: «Алматыда, Қарағандыда көшелерге, туған жерінде ауылға, мектептерге атын беру керек. Әріптестері, университет басшылары бұл мәселеге белсенді түрде ат салысуы керек»

Бұл орынды ой осыдан он жыл бұрын айтылса да, әлі күнге ой қосқан жан жоқ. Өзгені қойғанда жерлестері де үнсіз. Жақсының аты өлмек емес, жарандар!

… 70-ші жылдары университетте оқып жүрген кезіміз. Бойымызды «білмекке құмарлық» буып тұрған кез. Бір күні «Араб тілі оқытылатын болыпты» деген хабар дүңк ете қалды. Бұл енді орыс тілі толық үстемдік құрып тұрған заманда ашық күнде найзағай ойнағанмен бірдей еді. Оның үстіне, ол қасиетті Құранның тілі ғой. Бұл пәнді жүргізетін Мәрзия Мәженова деген апай екен. Бұрынырақ зиялылар ордасы Ленинград университетінен Шығыс тілдері факультетін бітіріп келіпті.

Тұрсын Жұртбаев, Асқар Егеубаев сияқты курстастарымыз бірден соған ауысып кетті. Бұлар кейіннен елге танымал үлкен ғалым болғаны баршаға аян. Ал, Мәрзия жеңгеміз ағамыздың тек аяулы жары ғана емес, өмірде де, ғылымда да сенімді серігі болып, өзі де профессор болды.

Сол кездері Алматыдағы бүкіл зиялы қауымды таңқалдырып, аса жоғары кәсіби деңгейде ән айтатын екі тәтеміз болды. Оның біреуі – куратор ұстазымыз Әбілфайыз Ыдырысовтың (Сыртқы істер министрі болған Ерланның әкесі) зайыбы Зара болса, екіншісі осы Мәрзия апайымыз еді. Бұлар бұлбұл дауысымен қырық құбылтып ән шырқағанда отырған жұрт сілтідей тынушы еді. Кезінде осы ағаларыма ақ дастарқанымды жайып, осы екі жеңгемнің де даусын үйімде тыңдау бақытына ие болғанымды әлі мақтан тұтамын.

– Әкем бізге өзінің өмірімен өнеге көрсетіп кетті, – деп толғанады қызы Жәния. – Біз ата-анамыздың мәнді де мағыналы өмірін көріп өстік. Олар өте қарапайым өмір сүрді. Қулық-сұмдыққа бармады. Біреуге қиянат жасамады. Қолынан келсе көмек қолын созды. Әкемнің өнегелі өмірі біз үшін үлкен мектеп болды.

 «Ата-ананың мықтылығы – тектілігі» деген рас. Өзінің ғажайып өнерімен еліміздің атын бүкіл дүние жүзіне аспандатқан Жәния қарындасымызды таныстырып жатудың өзі артық. Бұл қырмызы қызымыздың тәуелсіз Қазақстанның музыкалық білім беру стратегиясын жасап шыққанының өзі неге тұрады?! Ол да Елбасымыздың қабылдауында болып, батасын алып шыққан айтулы тұлға бүгінде.

Осы қарындасымыз әкесінің жолын қуып, экономика ғылымдарының докторы болған сіңлісі Жанарды, қаржыгер бауыры Қанатты ертіп елге келе жатыр деп естіп отырмыз. «Ат тұяғын тай басар» деген осы. Оларды туған елі құшағын жайып, жолдарына қарап асыға күтіп отыр.

Ал, негізгі әңгімемізге қайтып оралсақ, осындай асыл жанның арамыздан кеткеніне биыл 10 жыл болыпты. Бұл естелікті-эссені аяулы ағамызды елінің есіне алғаны деп ұғарсыздар.

 Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,

 Халықаралық Ақпарат академиясының академигі, «Қазақ журналистикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button