Жаңалықтар

Болат МУСИН: “Қарттық қамықтырмауы тиіс”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарындағы қаржының бір бөлігін мақсатты пайдалану, атап айтқанда, баспана немесе білім алуға жұмсау мәселесін қарастыруды тапсырған еді. Бұл үшін Үкімет жанынан Парламент депутаттары, сарапшылар кіретін жұмыс тобы құрылды. Президент пәрмен берген тапсырмамен Қазақстанның зейнетақы жүйесін жетілдіру жөніндегі нұсқаулар жылдың соңына дейін қарастырылады деген жақсы хабар да айтылды. Жыл аяқталуға жақын. Жұмыс тобы тиімді шешім қабылдар болса, жақсылықтың да ауылы алыс емес. Ол өз алдына… Ал, біз әзірге өзіміздің де, оқырмандардың да көңіл түпкірінде жүрген сұрақтарға жауап алу мақсатында «БЖЗҚ» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Болат МУСИНДІ әңгімеге тарттық…

– Болат Қанатұлы, Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі болжамды өзгерістерге өзіңіздің көзқарасыңызды айта кетсеңіз?

– Әзірге кесіп айту қиын. Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту нұсқаларын әлі ұсынған жоқ. Қандай шешім қабылданса да, оның кездейсоқ болмайтыны анық. Білікті мамандар мәселені жан-жақты талқылап, оңтайлы шешім қабылдайды деген үміттемін.

– Ал, қазіргі өзгерістерге тоқталсақ. БЖЗҚ-да цифрландыру үдерісі қалай жүргізілуде? Электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса, қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болады емес пе?

– Қазір бізде зейнетақы шотының жайкүйі туралы біліп қана қоймай, Қор қызметтерін қашықтықтан алуға мүмкіндік беретін электрондық сервистердің көптеген түрлері енгізілген. Бұл бағыттағы алғашқы қадам – электрондық поштаны пайдалану болса, бүгінде БЖЗҚ салымшылары мен алушылары Қордың www.enpf.kz сайты мен Android, iOS (iPhone, iPad) және Windows Phone операциялық жүйелеріне арналған мобильді қосымшаны пайдалана алады. Ал, «Цифрлық Қазақстан» ұлттық бағдарламасын енгізу – салымшылармен байланыс орнатудың жаңа мүмкіндіктерін енгізуге септігін тигізді. Электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен онлайн режимде Қор сайты арқылы ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға, жеке зейнетақы шотынан үзіндікөшірме алуға, жеке деректемелерге өзгерістер немесе толықтырулар енгізуге, I және II топтағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін рәсімдеу бойынша өтініш беруге және өтініштің, оның ішінде зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару туралы орындалу барысын бақылай алады.

Айта кету керек, қызметтер онлайн форматында көрсетіле бастағаннан бері салым­шыларымыз қызметтің осы түріне көптеп жүгінуде. ЭЦҚ пайдалану уақытты айтарлықтай үнемдейтінін ескерсек, бұл азаматтардың белсенді бола түсуіне де оң әсер етеді.

– Ел арасында зейнетақы жинақтары мұрагерлікпен берілмейтін болыпты деген қауесет бар. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады?

– Шыны керек, мұндай қауесет жоқ жерден пайда болады. Біреу бірдеңе айтады, оны дұрыс түсінбеген басқасы бұрмалаған ақпарат таратады. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 31, 32, 33 баптарына сәйкес, мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебiнен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар өсиет бойынша және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

– Еліміздегі орташа айлық жалақыдан бірнеше есе жоғары табыс табатындар өздерінің болашақтарына сенімді болатыны анық. Мәселен, зейнетақы қорына жинамай-ақ, қарттығымды алаңсыз қарсы аламын дейтіндерді де кездестіреміз. Олар БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын төлеуден бас тарта алады ма?

– Жарна төлеуден ешкім де бас тарта алмайды. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес, барлық азаматтар ай сайын зейнетақы аударымдарын жасау арқылы жинақтаушы жүйесіне қатысуға міндетті. Заңның 24-бабында көрсетілген адамдардың белгілі бір санаттары ғана бұл міндеттен босатылады. Олардың қатарында зейнет жасына толғандар, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алушылар, салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар бар.

Тізімге кірмейтіндер зейнетақы жарналарын төлеуге міндетті. Зейнетақыны жинақтау адамның өзіне байланысты. Яғни, зейнетақы көлемі де жинаған ақшаға байланысты. Оны келешегің үшін жасаған қадам десе де болады, өйткені болашақта алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Қарттық қамықтырмауы үшін ол туралы ерте бастан ойлану қажет.

– Менің білуімше, Қор «Мобильдік агент» қызметін әзірлеп, жүзеге асырды. Қарағандылықтардың агент қызметін пайдалануға деген қызығушылықтары қандай?

 – «Мобильді агент» – салымшыларға (алушыларға) көшпелі қызмет көрсету үшін әзірленген жоба. БЖЗҚ штатында ерекше қорғалатын тәртіптік нысандарда жұмыс істейтіндерге, сондай-ақ денсаулық жағдайы бойынша кеңсеге келуге мүмкіндігі жоқ адамдарға барып қызмет көрсететін мамандар бар. Ол үшін Қор сайтында өтінім қалдыруға немесе Қордың байланыс орталығына 1418 нөмірі бойынша қоңырау шалуға болады. Бұдан әрі Қор қызметкерлері алдын ала қоңырау шалып, келетін күн мен уақытты белгілейді. «Мобильдік агент» жобасы аясында қызмет атқаратын мамандар ноутбук, USB-модем, принтер секілді құрылғылармен жабдықталған. Бұл қызметті қала тұрғындары жиі пайдаланады. Биылдың өзінде мобильдік агенттің көмегімен 10 606 операция жүзеге асырылды десек, көшпелі қызмет көрсету бөлімі қызметкерлерінің атқарған жұмысын бағамдай беріңіз.

– Облысымызда интернет желісі тартылмаған шалғай ауылдар баршылық. Зейнетақы жарналарына қатысты әр кез аудан орталығына шапқылай беруге де мүмкіндік жоқ. Осы орайда, БЖЗҚ «Қазпошта» филиалдарымен тікелей жұмыс істейді дегенді естідік…

– 2019 жылғы 15 сәуірден еліміздің шалғай елдімекендерін зейнетақы қызметтерімен қамту мақсатында «БЖЗҚ» АҚ және «Қазпошта» АҚ салымшылар мен алушыларға қызмет көрсету бойынша бірлескен жобаны іске қосты. Бүгінгі күні 94 елдімекен тұрғындары Ұлттық пошта байланысы операторы арқылы қызмет түрлерін алады. Мысалы, салымшылар (алушылар) жеке деректемелерін өзгерту туралы өтініш беру, ақпарат беру тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қою, оның ішінде «БЖЗҚ» АҚ қызметтеріне электрондық форматта қол жеткізу сияқты қызметтерді «Қазпоштаның» кез келген бөлімшелерінен ала алады. Сондай-ақ, БЖЗҚ кеңселері жоқ шалғай елдімекендер мен аудандар үшін жақын уақытта барлық қызметтерді online режимінде ұсынатын «Мобильді кеңсе» жобасын іске қосу жоспарланып отыр.

– Болат Қанатұлы, сұхбатыңыз үшін рахмет. Оқырмандарымыз өздеріне қажетті біраз мағлұмат алады деген сенімдеміз!

 – Сіздерге де рахмет. Келемін деушілерге Қор үш ай сайын «Ашық есік күні» шарасын өткізіп тұратынын айтқым келеді. БЖЗҚ мамандары зейнетақы капиталын қалыптастырудың маңыздылығы туралы айтып, болжамды зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін есептеп береді. Салымшылармен әр түрлі ақпаратпен бөліседі. Сондайақ, келушілер зейнетақы жүйесі мен Қор қызметіне қатысты өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына толыққанды жауаптар ала алады.

Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button