Жаңалықтар

Болашағы зор технология

Мемлекет басшысының биылғы жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл жастарды жаңа техникалық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты»,– деп атап көрсетті. Елбасының Жолдауда айтқан міндеттерін іске асыруда әрбір оқу орны өз бағдарламаларына өзгерістер енгізіп, жаңа бағыт бойынша еңбек етуде.

Қазақстанда білім беру сапасын дамыту оқушылардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыратын, олардың іргелі қалыптасуының жоғары деңгейін қамтамасыз ететін, шапшаң қарқынмен өзгеретін әлеуметтік-экономикалық және технологиялық шарттарға бейімделген жеке тұлғаны дамытатын білім сапасын арттыру мәселесі өзекті болып отыр.Осы жүзеге асыру үшін жетекші бағыт материя және оның формасы туралы жаратылыстану-ғылыми білімдерді кіріктіру болып табылады.
Физикалық білімдер осы көріністерді теориялық тұрғыда біріктіреді. Себебі физика – материяның құрылымын және оның өмір сүру формаларын зерттейтін ғылым. Дидактика аумағындағы жаратылыстану-ғылыми білім беру мазмұнының біртұтастығы, жаратылыстану-ғылыми пәндерді оқыту әдістемесі, эксперименттік бағдарламаларды құрастыруда әртүрлі жаратылыстану пәндерін кіріктіру оқушылардың оқуға деген қызығушылық пен ынтасын арттыратынын көрсетеді. Жаратылыстану-ғылыми білім беру мазмұнының біртұтастық мәселесін шешуде, жаратылыстану-ғылыми ойлауды дамытуда орта мектептегі физика курсы жетекші рөл атқарады.
Мектеп бітіруші әр түлектің мамандық таңдау мәселесі жыл сайын туындайды. Сондықтан, отбасы, алдыңғы буын өкілдері мен ұстаздар, өндіріс жетекшілері түлектерге көмектесу мақсатында күнделікті ақпарат құралдарында ғылым мен өндірістің дамуының жаңа бағыттары туралы ойларын ортаға салса, жастарға мамандық таңдауда көп көмек болар еді.
Іргелі университеттерде маман даярлауда негізінен ғылым негіздері ғана емес, сонымен бірге, олардың қолданбалы жағы да қоса зерттеледі.
Бұл жұмыстар академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің физика-техникалық факультетінде іске асыруда. Факультет кафедраларында физика, кәсіптік
оқыту, физика-информатика, көлік, көлік техникасы және технологиялар, аспап жасау, жылу энергетикасы, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, техникалық физика, сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі, көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру сияқты мамандықтар бойынша мамандар даярланады.
Осы мамандықтардың ішінен физика және нанотехнология кафедрасында қазіргі заманғы оқытудың әртүрлі әдістерін меңгерген нанотехнология бойынша мамандар даярланады. Соңғы жылдары әлемдік ғылымда, қоғамдастықта және бизнесте наноматериалдарға, нанотехнологияға және жалпы наноғылымға деген қызығушылық күрт өсті. «Нанотехнология» аясында нанометрлік өлшемде яғни, атомдар мен молекулалар, кіші молекулалық түзіліс диапазонында реттелетін материалдарды, құрылғыларды, жүйелерді құру және пайдалануды меңгереді. Атомдық-молекулалық мөлшерді пайдалану арқылы құрылған наноқұрылымдар бейтабиғи жолмен жасалған өте ұсақ объектілер ретінде көрініс береді. Олардың жаңа физикалық, химиялық және биологиялық қасиеттері кіріктірілген байланыстармен сипатталады. Осыған байланысты наноғылым, нанотехнологиялар және наноинженерия (наноғылым – наноматериалдар мен құбылыстардың қасиеттерін нанометрлік өлшемде іргелі зерттеумен, нанотехнология –наноқұрылымдарды дайындаумен, наноинженерия – тиімді әдістерді іздеу және оны пайдаланумен айналысады) ұғымдары пайда болды.
Нанотехнология атомдық-молекулалық деңгейде құрылымды реттей білу және микротехнология арасындағы өзіндік ерекше «көпір» болып табылады. Бақыланатын диапазонды кеңейту материалтану үшін ғажайып болашақты ашып береді.
Нанотехнология – XXI ғасырдың ғылыми-технологиялық төңкерісінің іргетасы және индустриясы дамыған елдердің ғылыми технологиясы мен өндірісіндегі келешегі зор әрі сұранысқа ие ғылым саласы. Нанотехнология жетекші елдерде әлеуметтік, экономикалық, қаржылық, саяси және әскери қуатын дамытатын иінтірек ретінде қарастырылады. Дамып келе жатқан елдерде нанотехнологияны мемлекет тарапынан қолдау өздерінің өнеркәсіптік өндірісін көтерудің тиімді жолы мен кең қолданыстағы өнімдерін әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілікпен ұсынуды көздеу мақсатын ұстанады.
Бұл мамандықтарды даярлауда аталған факультеттің оқытушылары еліміз бойынша алдыңғы қатарда. Қоғамның сұранысы бар мамандық таңдап, өзінің жарқын болашағының іргетасын қалағысы келген жастарды білім нәрімен сусындатуға әркез дайынбыз.

С.ДӘРІБЕКОВ,
ҚарМУ-дың физика және
нанотехнология
кафедрасының профессоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button