Жаңалықтар

Болашағы кемел ел

    Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамның басты мәселелері – мәдениет, тіл, рух, патриотизм ұғымдары ерекше назарға алынған.

Тәуелсіздік алғаннан бері экономикамызды қалыптастыруға және Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетін арттыруға зор мән берілді. Ендігі кезекте рухани жаңғыру өте қажет деп есептеймін.

Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөзін әр қазақ бойына сіңіре білуі тиіс. Туған жерге деген сүйіспеншілік, Отанға деген ыстық сезім отбасынан бастау алады. Кейінгі өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сіңіру – әрбір ата-ананың парызы болып саналады. Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болуымыз, дін – адам болуымыз, салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет.

Әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру – мақсатымыз екені белгілі. Осынау мақсатқа жас ұрпақ бойында туған халқына деген құрмет, жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана жетеміз.

Елбасы «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз» деп, Үкіметке нақты талап қойды. Бұл қазақ тілін үйрену жолындағы саяси өзгеріс деп білемін. Осынау кезге дейін өлмеген, өшпеген қазақ тілі үшін қауіп жоқ. Қазіргі заман ашықтық пен жан-жақтылықты талап етеді. Қазақ тілі латын әліпбиіне көшетін болса, ағылшын тілін үйренуге септігі тиер еді. Шет тілін білу сән емес, заман талабы екені белгілі. Туған тіліңді жетік меңгер, қастерлей біл. Бірақ бір тілмен ғана шектеліп қоймай, жан-жақты бол, тіл үйрен. Бұл сенің болашағыңның ғана емес, тұтастай ұлтыңның болашағының жарқын болуының кепілі.

Осы мiндеттерді iске асыру барша қазақстандықтарға үлкен жауапкершiлiк жүктейдi.

А.ЖЕКСЕНБАЕВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button