Боксшыға құрмет көрсетті

Алақандай Балқаштың баласы Азия чемпионы атанды. Сүйіншілі хабарға өңір халқы ғана емес, тұтастай еліміз ерекше қуанғанын көрдік. Чемпионаттан оралған жас боксшы Ерасыл Ермекті қала әкімі Ораз Тәуірбеков қабылдап, сый-сияпат көрсетті.

Жасөспірімдер арасындағы турнир 8-17 қазан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Байрақты бәсекеге 26 мемлекеттен 250-ге жуық боксшы қатысқан.

57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ерасыл бұл жарыста 4 кездесу өткізген. Әуелі Тайпей елінің спортшысын 4:1 есебімен тізе бүктірсе, ирандық қарсыласын 5:0 есебімен ойсырата жеңген. Жартылай финалда қытай боксшысынан 3:2 есебімен басым түсті. Ақтық бәсекеде Өзбекстан өкілі Билолбек Ихволовты 5:0 есебімен жеңіп, алтыннан алқа тақты. Осылайша, әлемдік бәсеке төрінде Қазақстанның көк Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды.

Қала басшысы Ерасыл мен оның бапкері, бокстан КСРО спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі төреші Амангелді Маканалинге Алғыс хат табыстады. Ақ тілегін арнап, сәттілік тіледі.

Ерасыл бұл күні Ә.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжінің студенті. Қаладағы Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің түлегі. Спорт шебері бұған дейін Қазақстан Республикасының чемпионы атағын екі мәрте жеңіп алған. Қарағанды облысының бірнеше дүркін чемпионы. Бокстан Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі. Өзге де халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

Бұған дейін 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының жеңімпазы, Вэл Баркер кубогінің иегері, балқаштық Василий Жиров жасөспірімдер арасында Азия чемпионы болған еді. Міне, жеңісті жолды Ерасыл қайта жаңғыртты. Бәрекелді!

Қуаныш Аманқұл.

БАЛҚАШ қаласы.