Жаңалықтар

Бизнестің тынысы ашылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұсақ, шағын бизнесті салықтан үш жылға дейін босату туралы Үкіметке заңнамалық негіз жасауды тапсырды. Сөйтіп, заңнамадағы бұл өзгерістердің 2020 жылдан күшіне енуі тиістігі жөнінде Үкіметке міндеттер жүктеді.

Бұл – кәсіпкерлерге жасалған нақты қолдау. Бұған қоса, 2020 жылдың қаңтарынан шағын кәсіпкерлік субъектілерін үш жылға дейін тексеруге тыйым салған шешімі де күшейеді.

Мемлекет басшысы атап айтқандай, шағын және орта бизнеске қоқан-лоқы жасау деректерінің де көбейгені жасырын емес. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіру мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қарастырылуы тиіс деген ұстанымы да кәсіпкерлердің көңілінен шығары сөзсіз.

Кәсіпкерлікті дамытуға Үкімет тарапынан Мемлекет басшысы атаған заңнамалық өзгерістерге толық қадамдар жасалса, бизнес те ілгерілейді. Шағын кәсіпкерлікті адымын аштырмай жатып, тұншықтыратын осындай кереғар жайттарды тап басып, оның шешімін ел Президенті Жолдауда көрсетіп отыр. Ендігі қадам – сол тапсырмалардан тиянақты нәтиже шығару. Сонда бизнестің тынысы ашыларына күмән жоқ.

Индира БЕЛҒАЗЫ,

жеке кәсіпкер.

Басқа материалдар

Back to top button