Бас тақырыпЖаңалықтар

Бизнесті қолдау – экономиканы дамыту

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ Қарағанды облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі отырысына қатысты. Сондай-ақ, аталған іс-шараға облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығы, мемлекеттік орган өкілдері мен бизнесмендер де қатысты.


Тимур Құлыбаев «Атамекен» ҚР ҰКП жұмысының негізгі нәтижелеріне тоқталып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 2013-2017 жылдарда бизнесті қорғау жолында 23 мыңнан астам өтініш келіп түскенін атап өтті. Өтінімдердің 40%-ы оң шешімін тапқан.
Нәтижесінде, кәсіпкерлердің меншік құқығы 111 миллиард теңгеден астам сомада қорғалған. Қорғалған меншік құқығы сомасына айыппұлдар, өсімақылар, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерге қайтарған қаражаты, сондай-ақ, бизнестің сақталған мүлкі кіреді.
«Атамекен» бес жылдық қызметінде 22 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілер және заң жобаларына сараптама жүргізген екен.
– Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ескертулері мен ұсыныстарының шамамен 73%-ы мемлекеттік органдар тарапынан ескеріліп, нәтижесінде Ұлттық палатаның және бизнестің белсенді қатысуымен жаңа Салық кодексі әзірленді, онда шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режимдері мен қосымша құн салығының шектік мәні сақталды, әкімшілік ету айтарлықтай жеңілдетілді, – дейді Тимур Асқарұлы.
Ұлттық палатаның қатысуымен 2014 және 2017 жылдары бақылау
және қадағалау функцияларының екі ауқымды реформасы жүргізілген.
Өткен жылдағы реформа аясында мемлекеттік органдардың 540 функциясының 137-сі алынып тасталды, талаптардың саны 56%-ға, яғни, 17 мыңға азайып, 1 мыңға жуық бақылаушы қызметкер штаты қысқарды.
Қылмыстық және әкімшілік заңнаманы гуманизациялау бойынша жұмыстарды атап өту маңызды. «Атамекен» ҰКП бастамасымен ҚР Қылмыстық кодексінен «жалған кәсіпкерлік» бабы алынып тасталған.
Ал, аймақ басшысы Ерлан Қошанов облыстың барлық аудандары мен қалаларында корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі құрылғанын айтты. Бұл әр кәсіпкердің проблемасын жедел түрде әрі сол жерде шешуге мүмкіндік береді. Егер ондай мүмкіндік болмаған болса, аталған мәселе облыс деңгейінде қарастырылады. Мәселен, Өңірлік кеңес отырыстарында монополистердің қызмет түрлерін ұсынуды реттеу, жер телімдерін ұсыну және оларға аукциондар өткізу тәрізді мәселелер көтеріліп, нәтижесінде «бір терезе» қағидасы бойынша 650 техникалық қызметтер ұсынылған. Сондай-қ, Кәсіпкерлерді қолдау орталығында жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін бос жер телімдерінің және өндірістік үй-жайлардың электронды картасы орналастырылған. Ол жерде шамамен 500 нысан ұсынылған. Шағын және орта бизнестің үлесі де артып, 2017 жылы осы сектордағы өндіріс көлемі шамамен 1 триллион теңгені құраған. Бұл – «Қазақмыс» Корпорациясы және «Арселор Миттал Теміртау» тәрізді алпауыттардың өндіріс көлеміне барабар.
– Облыста Елбасының бастамасы бойынша жаппай кәсіпкерлікті қолдау аясында1500 жаңа бизнес-жоба қолдау табатын болады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары. 2000 болашақ кәсіпкер «Бастау» бағдарламасы бойынша өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік алады. Облыстық бюджеттен несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қосымша 500 миллион теңге қаржы бөлінген, – дейді Ерлан Жақанұлы.
Кездесу барысында Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов Палата жұмысының негізгі бағыттары жайында мәлімдеді, оның бастысы – кәсіпкерлік құқықтарды қорғау болып отыр. 2017 жылы Палатаға 395 өтініш келіп түссе, оның 138-і оң шешімін тапты. Жалпы алғанда, 2017 жылы және 2018 жылдың бірінші тоқсанында Палата қарағандылық кәсіпкерлердің 676,5 млн. теңге сомасына мүліктік құқығын қорғап шыққан.
– 2017 жыл ішінде Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 15 отырысы өткізіліп, онда кәсіпкерлер мен өкілетті орган қызметкерлерінің қатысуымен бизнес субъектілерінің заңды құқықтарының бұзылу фактілері көтерілді. Сонымен қатар Қарағанды облысы әкімінің жетекшілігімен Кәсіпкерлік мәселелер бойынша комиссия құрылып, 2017 жыл ішінде 25 мәселе қаралды, оның 18-і шешімін тапты, ал 7 мәселе қаралуда, – дейді Ернар Құлпейісов.
Өңірде 2017 жылдың наурыз айынан бастап іске қосылған Қарағанды
облысының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен ауқымды жұмыс атқарылуда. Кеңесшілер жобаларға қолдау көрсетуді қамтамасыз етіп, менеджерлер қаржылай емес қолдау, сервистік көмек, кәсіби кеңес беруде түрлі қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында өз-өзіне қызметкөрсету аймағы іске қосылған, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «ҚазАгроКепілдік» АҚ кеңесшілері қызмет көрсетеді. «Теплотранзит» ЖШС, «Қарaғанды Су» ЖШС, «Қарағанды Жарық» ЖШС өтінімдер қабылдап, техникалық талаптарды беру қолға алынған. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Инвесторларға арналған аймақ» құру да көзделген.
Қазіргі таңда «Атамекен» Ұлттық  кәсіпкерлер палатасы өңірлік бизнесті дамыту үшін жеті бастаманы әзірледі, олардың бірі – жер телімдері туралы және инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу ақпараттарының онлайн түрде қолжетімділігін қамтамасыз ету. Атқарылып жатқан жұмыс аясында әкімдік пен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сайттарында 394 жер учаскесі тізбесі мен энергия қуаттары қамтылған онлайн-карта енгізілген.
Бүгінде облыс әкімдігі Мемлекеттік жеке меншік әріптестік жобалары аясында көп функционалды электронды онлайн-картаны жасауды қарастыруда.
2017 жылы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті әкімдікпен бірлесіп, отандық тауар өндірушілерді
қолдау мәселелері жөніндегі комиссия құрылып, комиссия аясында өңір бизнесінің дамуын сапалы жаңа деңгейге көтеруге және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыс алгоритмі әзірленген. Сонымен қатар Палата жеке бастамалар қамтылған жобалар пулын әзірледі, оған 33 жоба еніп, бүгінде 11 жоба жүзеге асырылуда.
Айта кету керек, 2017 жылы Қарағанды облысында «Бастау» жобасы бойынша 1313 адам оқып, оның ішінде 36 адам жеке кәсібін ашқан. Биыл жоба аясында облыстың барлық қала мен аудандары қамтылып, 1912 адамды оқыту көзделген. Ал, өткен жылы Қазақстан бойынша «Бастау» жобасы бойынша 15 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып, 3 мыңнан астам адам кәсіптерін ашып, бизнестерін кеңейтсе, биыл аталған жоба бойынша 30 мың азаматты қамту жоспарда.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапары барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының негізінде жұмыс істейтін ситуациялық орталық қызметімен танысып, Серік Сапиев атындағы бокс орталығына болды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button