Бас тақырыпРесми

Бизнесте кедергі болмауы тиіс

Жергілікті бақылау-қадағалау органдарының басшылары облыстың бизнес-қауымдастығы алдында есеп берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген «Бірыңғай есеп беру күні» аясында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров қатысты.

Жоба биылдан Қарағанды облысы әкімі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысы аясында іске қосылған болатын. Алғаш рет қолға алынып отырған бұл жоба бұдан кейін жыл сайын тұрақты тұрде өткізілмек.

Бірыңғай есеп беру күнінде мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары бизнес өкілдеріне тексеру барысында жиі анықталған заң бұзушылықтар туралы айтып, олардың алдын алуға қатысты ұсыныстар тиісті саладағы заңнамадағы міндетті талаптар, жаңалықтар мен өзгерістер туралы ақпарат береді.

– Осындай пилоттық жоба облыста алғаш рет шілде айында өткен. Енді, бірыңғай есеп беру күні әр өңірде өткізілуде. Жиынға бақылау-қадағалау органдарының өкілдері қатысады. Олар кәсіпкерлер алдында атқарған жұмыстары туралы есеп береді. Сондай-ақ, тексеріс қалай жүргізілетіні, әкімшілік кедергілерді төмендету үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатқаны туралы айтатын болады, – дейді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Татьяна Юрьевнаның айтуынша, бизнестің кеңінен қанат жаюына облыста бүгінде барлық жағдай жасалған. Ал, бизнестегі заң бұзушылықтарға тексеру жүргізетін және оны прокуратурада тіркейтін 20-дан астам орган өзінің есебін ұсынды.

– Біздің мақсатымыз – тексерулерді азайтып, қателіктің алдын алу. Кездесудің де басты мақсаты осы. Яғни, кәсіпкерлер құзырлы орган өкілдеріне сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алады, – дейді ол.

Тауардың және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Фарида Мәкееваның айтуынша санитарлық-эпидемиялық аудит жүргізіліп, сәйкес қорытынды берілсе, нысан 12 айға дейін тексерістен босатылады. Бүгінгі таңда кәсіпкерліктің 79 нысанында осындай аудиторлық есеп бар. Сондай-ақ, тексеру жүргізу тәртібі 15 жұмыс күніне, ал, жоспарлы емес тексерістер бойынша – 10 күнге дейін азайтылған. Ал, шағын кәсіпкерлер үшін тексеріс уақыты – 5 жұмыс күніне қысқарған. Бұл әдіс өндірістік процеске кедергі келтірмеуге мүмкіндік береді.

Есеп беру барысында бақылау- -қадағалау органдары өкілдері баяндамаларында қателіктер туралы ғана емес, сол қателіктердің алдын алу үшін тексерулерден қалай аулақ болу керектігі туралы ұсыныстарын да айтты.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 30 қыркүйек бизнес-қауымдастық алдында бақылау-қадағалау органдарының бірыңғай есеп беру күні болып белгіленді.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button