Жаңалықтар

БИЗНЕС: қудалауға жол жоқ

Әлемнің дамыған елдерінде шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі басым. Бүгінгі уақыт талабы бір ірі кәсіпкердің өндіретін өнімін бірнеше шағын кәсіпкерліктің өндіруге қуатты екенін көрсетті. Сондықтан, Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті қысымнан қорғау үшін Жолдауда тағы арнайы тапсырма берді. Шыны керек, қолда бар билікті пайдаланып, асыра сілтейтін жағдайлар жиі кездеседі. Осындай жағдай Теміртау қаласында орын алды. Сөйтіп, облыстың кәсіпкерлер палатасының араласуымен экологиялық жалғыз жоба жұмысын жалғастырды. Жергілікті билік кәсіпкерді қоқыс бактары қойылған жерді өздігінен иемденіп алды деп айыптаған.

«ТТК» ЖШС-і әкімшілік құқық бұзбағанын кәсіпкерлер палатасының заңгерлерімен бірге дәлелдеуге тура келді.

Осыдан бірнеше ай бұрын «ТТК» ЖШС басына қара бұлт үйірілді. Қазақстанның ең лас қалаларының бірі саналатын Теміртауда қоқысты бөлек жинайтын жалғыз экологиялық жобаға жабылу қаупі туды. Себебі, жергілікті әкімшілік 400 арнайы контейнер орнатылған жер учаскесін рәсімдеуді талап еткен екен. Бір қызығы, орындалуы мүмкін емес мұндай талапты «ТТК» ЖШС-ге бақандай 4 жыл өткізіп барып айтқан.

Зауыт жабылса – 30 адам жұмыссыз қалып, санкцияланбаған полигондардың саны артар еді. – Біз жасыл контейнерлерді тегін орнаттық, қоқысты тегін алып кетеміз. Осыдан 4 жыл бұрын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жергілікті билік, әкімшіліктегілер қағаз рәсімдеу керектігін айтқан жоқ, керісінше, жобаның жақсы екенін, қалаға, тұрғындарға қажеттігін айтқан болатын. Сол себепті ешқандай құжат рәсімдеген жоқпыз, – дейді «ТТК» ЖШС қоқысты қайта өңдеу зауыты директорының орынбасары Әмірбек Орынбеков.

Кәсіпорынның проблемасы кәсіпкерлердің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті жер қатынастарын дамыту және жерге орналастыру басқармасы өкілдерімен кездесу барысында айтылды. Комитет сарапшылары мемлекеттік орган іс-әрекетінен заңды негіздеме тапқан жоқ.

Сотта әкімшілік өкілдері өздігінен иемденіп алған жер учаскелерін анықтау жұмыстарының ғана жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ, жеркадастр картасында аталған жасыл контейнерлердің орнатылғаны туралы деректің жоқтығы анықталды. Яғни, Жер кодексіне сәйкес, шекара белгіленбей, жер телімін пайдалануға ешкімнің құқы жоқ.

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының заңгері Юлия Олейник кәсіпкердің қорғаушысы ретінде қатысты. Теміртау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Е.Сыздықов ашық сот отырысында кәсіпорын қызметінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істі тоқтатты.

Сөйтіп, «Атамекен» кәсіпорынның төрт жылғы жұмысы үшін салынатын айыппұлдан құтылуға, сонымен қатар, 30 адамды жұмыспен қамтыған зауыт пен жалғыз экологиялық жобаны сақтап қалуға көмектесті.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button