Біздің Сәбең

Әр газеттің негізгі үш тірегі бар. Құрылтайшы. Оқырман. Шығармашылық ұжым. Ошақтың үш бұты. Үстінде руханияттың қара қазаны қайнап тұр. Жыл басында «Орталықтың» оқырманы 18 мыңды межелейді. Әрине, оның барлығы оқырман емес. Осы 18 мыңның ішінен қолыңның он саусағын бүгіп отырып, ойлы деген онын алып шықсаң, он сегіз мың ғаламды игергендей межені бағындырғаның.

СУРЕТТЕ: Сәбит Бармұхамбетов (ортада) – шәкірттері Ошақбай Суханберлин (сол жақта) және Кәрім Исинмен бірге. Алматы. 1967 жыл.

Қарашаңырақтың туған күнінде газетіміздің 70 жылдық мерейтойында сахна төрінен басылымға бата берген қадірлі ақсақал, ұлағатты ұстаз, соғыс және еңбек ардагері, бірегей оқырманымыз Сәбит Бармұхамбетовті еске алғанды жөн көрдік. Жаңаарқалық жампоз! Білімді, парасатты, мінезді, әпенделігі бар, боямасыз болмыс иесі еді. Шежіре айтса шешіліп, тарихты толғаса көсіліп кететін.

…Жаңаарқада күні бүгінге дейін елдің жүрегіне орнығып, аузынан түспей жүрген санаулы-ақ ұстаз бар. Сәбит Бармұхаметов, Далбай Ізтөлеуов, Балғатай Өтешов, Хасен Сейдімбеков… Әрине, бұл тізімді жалғастыра беруге болар еді. Біздің әңгіме – «Орталықтың» шынайы жанашыры Сәбең жайында.

Газетке бата берген уақыт – Сәбеңнің тоқсаннан асып, қартаң тартқан шағы еді. Нақтыласақ, 2001 жыл. Газеттің 70 жылдығы. Сәбит атам – 93 жаста. Газет басшысы Мағауия Сланбекұлы шақыртқан. Жаңаарқалық атқамінерлер алып келген. Қайран Жәкемді (Жамбыл Жабаевты) Кремльге алып барғандай әбігерге түспесе де, сәби қалпына қайта оралған қарияның күтімі ауданның сол кездегі билігі үшін әжептәуір жүк болған деседі көрген жұрт. Жасы ұлғайғанмен, сөзі бұзылмаған қарт оқырманның батасы дарыды «Орталыққа»! Сәбеңнің батасынан кейін басылымның бағы жанды. Басынан дау-дамай, арыз-шағым арылмайтын шығармашылық ортаның аурасы түзелді. Арыз біржола тыйылмаса да, саябырлады. Қаржылық ахуалы оңалды. Оқырман саны артты. Бәлкім, Сәбеңнің батасымен емес, заманның бағытымен оңалған шығармыз. Бірақ, нарықтың жүгін ауырсынған басылымның тығырықтан шығуына аузы дуалы қазына қарт батасының шапағаты тиді дейді аға буын.

Сәбең «Орталықты» 1931 жылдан оқыпты. 1973 жылы Жезқазған облысы құрылып, Жаңаарқа ауданы жаңа облыс құрамына қараған уақытта да Сәбең «Орталықты» жаздырып алып отырған. Поштабайлармен дауласып жүріп, олардың «өзге облыстың газетін жаздырып бере алмаймыз» дегеніне қарамай, сүйікті басылымынан қол үзбеген.

…Сәбит атаны бала күнімде көрдім. Аудандық деңгейдегі пионерлер слетіне алқызыл галстук тағып алып Далбай Ізтөлеуов екеуі келеді. Кейін комсомол қатарына өттік. Онда да да қос қария ортамызда жүрді. Сол ресми жиындарда Сәбеңнің: «Мынау Қарағандының «Орталық Қазақстан» газетінде…» деп басталатын әңгімесін талай естідік.

«Сәбеңнің тұла бойы тұнған шежіре еді» деседі көзкөргендер. Осы сөзді естігенде менің өзегімде өкініш өрті тұтанады. Кісілігі – асқақ, білімі – телегей теңіз Сәбеңмен кең отырып, кемел ой өрбітетін бір кездесудің бұйырмағанына өкінемін де. Иә, Жаңаарқаның арғы-бергі тарихы мен қасиетті топырақ тудырған тұлғаларының өмірі жайлы Сәбең жазған танымдық дүниелерді газет тігінділерінен оқу бақыты ғана бұйырды. Көзкөргендердің де қатары сиреді. Осы мақаланы жазу үшін мен Сәбеңнің шәкірті, ұлағатты ұстаз Ошақбай Суханберлин ақсақалды төңіректеп, сыр суыртпақтадым. Ошкең де ұстазын сағынған екен. Шешіліп берді. Әңгімемізді Ошкең айтқан естеліктермен сабақтастырсақ…

Ошкеңнің айтуынша Сәбең Қожанасырдың мұрагеріндей аңғал, әпенде жан болыпты. Тоқсаннан асқан шағына дейін қолына таяқ ұстап көрмеген екен. Қимылы ширақ, жүрісі шапшаң болса керек-ті. Бірде жаяу кетіп бара жатқан Сәбеңнің жанына жеңіл көлікпен жүйткіп бара жатқан шәкірттерінің бірі тоқтай қалып:

 – Мұғалім, отырыңыз. Үйіңізге жеткізіп салайын, – десе, Сәбең жай ғана:

– Рахмет, айналайын! Жүре бер, мен асығып бара жатырмын, – деген екен.

Соғыстан кейінгі ауыр кезең. 50-ші жылдардың басы. Қазақстан аумағында құрғақшылық болып, егін шықпай қалады. Халық нан тапшылығын сезіне бастаған. Аудан басшылығы оқу бөлімімен кеңесе отырып, Солтүстік Қазақстан облысынан аудан халқы үшін бидай әкелуге сөзі де, өзі де өтімді Сәбит Бармұхамбетовті жібереді. Сәбең тапсырманы тастай қылып орындап, жаңаарқалықтардың алғыс-батасына кенелгені бар. Әлгі құрып кеткір құрғақшылық келер жылы тағы қайталанбасы бар ма?! Аупартком тағы да Сәбеңе қолқа салады. «Жолды білесіз, елді танисыз. Екі вагон бидай әкелуіміз керек. Соған тағы өзіңіз барып келсеңіз» деп қолқалаған соң, Сәбең буынып-түйініп жолға шығады. Қырсық шалғанда, Қазақстанда сол жылы астық алу жоспары орындалмай қалған. Орталық Комитет «Астық сатылмасын. Сатылған астық кері қайтарылсын» деген мазмұнда шешім де қабылдап тастайды. Бұл уақытта Сәбең екі вагон астықты сатып алып, елге жеткізуге вагон тосып отырған екен. Жақын маңдағы теміржол стансасының қоймасын жалға алып, астықты сонда үйгізіп қойған. ОҚ шешімін орындауға шыққан атқамінерлер Сәбеңнің қоймасына да жетеді. Не керек, ақша қайтарылып, астық мемлекетке өтетін болды. Сол сәтте Сәбеңнің шешімталдығы тығырықтан алып шығады. Кейін осы оқиғаны еске алғанда өзінің «Қанша қорқынышты болса да, халқымнан жаным артық емес дедім де, Сталинге телеграмма жібердім» дейтіні бар. Мұны естіген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы І.Рахымжанов аудандық оқу бөлімінің басшысы екеуін табаға салып қуырғандай етіп: «Енді құритын болдық. Атыламыз, айдаламыз!» деп, байбалам салыпты. Сәбеңнің ішкі түйсігі бір жақсылықтың нышанын сезеді. Ақыры Мәскеу телеграмма жіберушіні іздеттіріп, Қарағанды обкомын, Қазақстан Орталық Комитетін аяғынан тік тұрғызады. Бармұхамбетов Ал матыға шақырылады. Қысқасы, республика бойынша «Жаңаарқа ауданына сатылған астық сол ауданда қалдырылсын» деген ОҚ-ның шешімін алып, Сәбең елге оралады. Қарапайым мектеп мұғалімінің осы ерлігі сол жылдары Жаңаарқа төңірегінде аңыздай болып айтылып жүрді.

Ал, біздің «Орталықтың» ұжымы да Сәбеңе мәңгі қарыздар. Естеріңізде болса, өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы дағдарыс «Орталықты» да айналып өткен жоқ. Қызметкерлерге жалақы төлеу мұң болып, тіпті, газеттің жарық көруінің өзі екіталай күн туды. Газетке жиі мақала беріп тұратын Сәбең келе қалады бір күні. Бас редактор Мағауия Сланбекұлы ақсақалға қалжыңдап:

– Қаржы тапшылығын көріп отырмыз. Газет шығуын тоқтатуы да мүмкін. Мына мақалаңызды баса алмайтын шығармыз» – демей ме… Сонда есікке қарай ұмтылған Сәбең:

 – Саспа! Мен қазір Балғатайдың баласына барамын. «Орталыққа» ақша алып беремін! – депті де, шыға жөнеліпті. Ақсақалдың «Балғатайдың баласы» деп отырғаны – қазіргі облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов. Секең ол уақытта облыстың қаржы басқармасын басқарады. Шамалы уақыттан кейін бас редактордың қара телефоны безілдей жөнеледі. Тұтқаның арғы жағында – қаржы басқармасының басшысы Серік Балғатайұлы.

– Мәке, әкемді жіберген екенсіз. Қаржы мәселесі оң шешім табады. Енді бұл кісіні жібере көрмеңіз, – дейді байсалды қалпынан ажырамаған күйі. Сол күннен бастап «Орталықтың» орта қазаны толып, ернеуінен аспаса да, қызметкерлер тойға бара бастапты. Міне, «Орталыққа» бата беріп, қаржы мәселесін де шешіп берген біздің Сәбең осындай еді!

Қарашаңырақтың қазіргі жағдайы – Аллаға шүкір. Кезінде Сәбең ақсақалдың бір ауыз сөзін тыңдап, газеттің әжетін ашқан Балғатайдың баласы да облыс қазынасын қаттап-шоттап отырған өкілетті органның тізгінін ұстап отыр. Әлі күнге дейін «Орталыққа» бір бүйрегі бұрып тұрады. Өйткені, Серік Балғатайұлына бізді Сәбең тапсырып кеткен. Иә, «Орталық» – орнында, Секең – орнында. Тек қана ортамызда «Орталықтың» шын жанашыры – біздің Сәбең жоқ…

Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.