Басты тақырыпСаран

Біздің күшіміз – бірлікте

Қазақстанның рухани келісім күні қарсаңында Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың, этно-мәдени қоғамдық бірлестіктердің басшылары мен өкілдерінің қатысуымен «Тәуелсіздік негізі – рухани келісім» атты дөңгелек үстел өтті.

Қатысушылар «Рухани құндылық – бірлік пен келісімге апарар жол» атты Қазақстан және оның тарихы, тілі мен мәдениеті туралы салынған қылқалам туындыларымен, кітап көрмесімен танысты.

Қазақстанның тәжірибесі әлемдегі бейбітшілікті орнатуға айрықша ықпал етіп, әлемдік қауымдастыққа ерекше үлгі көрсетті. Өткен мен бүгінді байыпты байланыстыра білген қазақтың қасиетті топырағы жалпыадамзаттық бастамалардың жаһандық негізіне айналды. Бүгінгі таңда өзге ұлыс өкілдері түрлі салада табанды тер төге отырып, бойларында тұнып жатқан таланттарын шыңдап, Қазақстанның атын әлемге әйгілеуде, – деді Саран қаласының әкімі Анатолий Шкарупа.

Сонымен бірге, қала әкімі әлемдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға арналған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларын қолдауға дайын екендігін білдірді.

Елімізде барша этнос өкілдерінің тілі, мәдениеті, дәстүрі сақталуына, жаңа Қазақстанның қарқынды дамуына барлық жағдай жасалған. Бұл туралы дөңгелек үстел барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысындағы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі В.Молотов-Лучанский сөз етті. Вилен Борисович өз сөзінде көп этностық қоғамды қолдаудың, патриотизмді тәрбиелеудің, толеранттықты сақтаудың, қайырымдылық идеяларын дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл жұмыстарды атқару кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясының, этно-мәдени бірлестіктердің айрықша ролін алға тартты. Этно-мәдени бірлестіктердің атқарған жұмыстарын ескере отырып, В.Молотов-Лучанский бес бірдей этно-мәдени бірлестігі бар Саран қаласы мен Ақтас кентіне алғысын білдірді.

Саран қаласынан біз жаңа креативті композициялық шешімдер күтеміз. Бұл дегеніміз – табандылықпен тер төгіп, жемісті жұмыс жасау деген сөз. Сіздердің еңбектеріңіз әлемдегі бейбітшіліктің негізін қалауы тиіс. Бұл эстафетаны келешек ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз, – деді В.Молотов-Лучанский.

Соған орай, Х.Мустапаев жетекшілік ететін «Вайнах», А.Святоханың басшылығындағы «Якташлар», С.Супьяновтың қарамағындағы «Ақ шаңырақ» этно-мәдени қоғамдық бірлестіктерінің басшылары рухани құндылықтарды, бейбітшілік және қайырымдылық идеяларын негізге ала отырып, жасап жатқан жұмыстарына тоқталды.

Саран қалалық мешітінің имамы М.Салықов және шіркеу басшысы В.Казанин рухани құндылық – адам өмірінің басты бөлігі екенін еске салды. Ал, бүгінгі Қазақстан – түрлі этностар мен дін өкілдері бір топырақта бейбіт өмір сүріп жатқан жалғыз мемлекет.

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ басшысы Г.Сычева, қоғамдық келісім кеңесі төрағасы О.Свиргун, аналар кеңесінің жетекшісі Г.Жүсіпбекова сынды қалалық қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де ортаға орамды ой тастап, достықтың тілі ұлтқа, ұлысқа бөлінбейтінін жеткізді.

Біздің күшіміз – бірлікте өмір сүріп, жұмыла жұмыс істеп, қиындықтарды бір кісідей бірлесе көтере білуімізде. Жетпістен аса ұлт өкілі кіндік байлаған біздің қаламыз – Ассамблеяның шағын үлгісі іспеттес, – деді олар.

Сонымен бірге, шара барысында қатысушыларға «Қазақстанымызды террористік қауіп-қатерден қорғайық» атты бейнебаян ұсынылды.

Надежда ЦХАЙ.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button