Біздің ауылдың Қожанасырлары

Әбжекеңнің әзілдері Белгілі сатирик-жазушы, қарымды қаламгер, ұзақ жылдар «Орталық Қазақстан» газетінің Қарқаралы ауданындағы меншікті тілшісі болған Әбжан ОМАРБАЕВ ағамыздың ел аузында жүрген әңгімелері көп. Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Махмет БЕКШИН ақсақал мынадай екі әңгіме айтып берген еді.

.

«Қаз берсем қайтеді»

Оншақты жыл басқа жақта қызмет істеп, Қарқаралыға қайтып келгенімде Әбжекеңмен көрші тұрдық. Үйіміз қаладағыдай емес, қолайсыздау болғандықтан, жоғары жақтан рұқсат алып, басқа жерден үй сала бастадық. Қазақтың жақсы дәстүрінің бірі – ерулік беру, көшкенде шығарып салу ғой. Ерулік дастарханының үстінде Әбжекең:

Көшейін деп жатыр дейді ғой, – дегені.

Көшкен кезде бір-ақ білсін деп көршіме ештеңе айтпаған едім. Ыңғайсызданып қалып:

Оны қайдан білдіңіз? – деп қарсы сұрақ қойдым.

Біз – тілшіміз. Ал, тілші дегендерің барлық жаңалықты күні бұрын біліп отырады ғой, – деп жауап берді.

Әбжеке, мен онша алысқа кетпеймін. Салып жатқан үйіміз осы көшенің басында, – дедім.

Әбжекең бетіме қарап тұрды да:

Жақында бір бауырым көшіп, айырылыспақ бердік, оның орнына жаңа председатель келіп, ерулік жасадым. Үш-төрт айдан кейін ол тағы көшті. Сөйтіп, 3-4 қойым бар еді, бәрі бітті. Сенің үйіңе бір бауырым кіреді дейді, бір қойым қалып еді, соны соған сойып, саған қаз берсем бола ма? – дегені.

«Мені де еркек деп ойлайды-ау»

Бірде таңертең ерте тұрсам, үйдің алдына мұз қатып, көктайғақ болып қалыпты. Біреу-міреу жығылып қалар, ойып тастайын десем, жаңа көшіп келген кезіміз, құрал-сайман жоқ болатын. Сыртқа қарасам, есіктің алдында шляпасын киіп, иығына шапан жамылған Әбжекең тұр екен.

Келіп сәлем берген соң:

Әбжеке, мұз оятын сүйменіңіз бен күрегіңізді бере тұрыңызшы, – деп сұрадым.

Жүр, – деді.

Шарбақтан өткен соң, қораға емес, жылы үйге кірдік. Түкке түсінбеген мен соңынан еріп келемін. Төргі бөлмеге кірді де:

Аюкен, (жеңгеміздің есімі Бибігүл еді, ол кісі қалжақтап солай атайтын) осылар мені еркек деп ойлайды-ау, мынаған құрал-сайман тауып берші, — деді.

«Аузымнан қағынып…» Қарқаралы қаласында тұрған марқұм Сұңғат НЫҒМЕТЖАНОВ ағамыз айтқан бір әңгіме.

Әбжекең біздің үйге жиі соғып, шай ішіп кетіп жүретін. Бір күні түс кезінде келе қалды. Қашанғы әңгімешіл әдетімен шай үстінде қалжыңдап отырды да, «жүз грамм» ішіп алған соң:

Япыр-ай, – деді таңданған кейіпте.

«Не айтар екен?» деп бикеміз екеуіміз аузына қарап отырмыз.

Япыр-ай, осы заман не болып барады? – деді Әбжекең әлден уақытта кішкене тоқ самауырдың үстінде тұрған үлкен аққұманды көрсетіп. – Әйелі – семіз, ері – арық, құманы – үлкен, самауыры – кішкентай…

Мына теңеу бикеміз екеумізді меңзегені ғой. Мен оған мәз болып күліп жатырмын. Бұрқан-талқан болған бикем үстел үстіндегінің бәрін жинап әкетті.

Сол кезде Әбжекең:

Ой-бу, қарап отырмай, аузымнан қағынған екем ғой, – деп санын соғып, өкінді де қалды.

Содан көпке дейін Әбжекең біздің үйге жоламай жүрді…

ТІЛЕКЕҢНІҢ АЙТҚАНДАРЫ

Тілекеңнің бұл әңгімелерін көп жыл Шет ауданындағы Қайрақты ауылында әкім болған, елге танымал азамат Балтабай БОҚАЙТЕГІ айтып беріп еді. Тілекең – өзінің әкесі Тіләй ақсақал. Ол кісінің әртүрлі қағытпаларын ауыл адамдары ұмытпай айтып отырады.

«Адамзатты азғындататын адам»

Әкем бәкене бойлы бір кісіге кездесіп қалып, бетіне тесіле қарап отыр дейді. Ыңғайсызданған ана кісі:

Неге тесіліп қарай бересіз? –

деп сұраса:

Мына түріңмен адамзатты азғындатып жіберетін болдың ғой, – деп басын шайқапты.

«Жын баққан мұғалім»

Бірде ауылдағы бастауыш мектептің мұғаліміне:

Сен жын баққансың, – депті.

Оған ана мұғалім:

Мен болашақ коммунизм құратын ұрпақтар тәрбиелеп жатқан адаммын. Неге олай дейсіз? – деп ренжісе:

Үйдегі бір балаға әйеліміз екеуміз зорға ие боламыз. Сол бала сенің алдыңа келсе – жымдай болады. Бұл жын баққан емей немене? – деген екен.

Жазып алған Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ