Біткен істің төрешісі – халық

Ақсу-Аюлы кентінде Шет ауданының бұрынғы әкімі Марат ЖАНДӘУЛЕТОВТІҢ халық алдында есепті кездесуі өтті. Өңірдің дамуы сараланып, алдағы өркендеу міндеттері бағамдалған алқалы жиынға облыстың ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек ТҰРСЫНБЕКОВ, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

Аймақтағы атқару органдарының есепті кезеңдегі барлық жұмысы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 10 негізгі бағыт және «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қамтылған міндеттермен тапсырмаларды орындауға бағытталды, – деп сөз сабақтаған Марат Жандәулетұлы өткен жылдың көшелі көрсеткіштері мен еселі жетістіктеріне кеңінен тоқталды.

Өңір басшысының есепті баяндамасына шолу жасап, негізгі бағыттары бойынша мазмұндайтын болсақ, өткен жылғы экономикалық өсім көрсеткіші 213 млн. 773 мың теңгеге жеткен. Иә, экономиканың барлық саласы бойынша ілкімді ілгерілеу бар. Мәселен, аймақтық жалпы өнім көлемі 307 млн. теңгені еңсеріпті. Экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, қаржы салаларында ауқымды жобалар қолға алынып, табысты нәтижелерге қол жеткізілген. Өнеркәсіп өндірісінің де өрісі кеңейген. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 57 млрд. 859 млн. теңгені құраған.

  • Біз өндіріс өнімі көлемін барынша арттыруға қол жеткіздік. Жалпы өнеркәсіп өнімінің 71,7%-ы тау-кен кәсіпорындарында. Нақты сектор саласында ұзақ жылдар бойы тұрақты жұмыс істеп келе жатқан «Нова-Цинк» ЖШС өткен жылы 36,3 млрд. теңгеге өнім өндірген. Бұл өткен жыл межесінен 5,4 млрд. теңгеге артқан. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2019 жылы 41 млрд. теңгеге өнім өндірілсе, ол жалпы өнеркәсіптік өнімнің 46,1 пайызын құрады. Ал, «Бапы Майнинг» және «Sarу-Arka Copper Processing» кәсіпорындары 39,5 млрд. теңгеге өнеркәсіптік өнімін экспортқа шығарды, – деген аудан әкімі аймақтағы инвестициялық ахуалдың тұрақтанғанын тілге тиек етті.

Аудан үшін ауыл шаруашылығы саласында да табысты жыл болды. Сала бойынша ауданда 42 млрд. 350 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, шартты мал басының саны 5,4%- ға өскен. Сондай-ақ, 2019 жылы 1 млрд. 159 млн. теңгенің инвестициясы құйылған. Сонымен қатар, есепті жыл ішінде аудан диқандары 21 мың гектар алқапқа дән сеуіп, 20 мың тонна өнім жинаған.

Баға саясатына жасаған атқарушы биліктің нәтижелі жұмысын қарапайым халық жақсы сезініп отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесі – аудан басшылығының қатаң бақылауында. Аталған өнімдердің бағасын ауыздықтауда әлеуметтік павильондардың, төмендетілген бағаның ықпалы зор болғандығын атап өткен жөн. Сондай-ақ, апта сайын ұйымдастырылып, дәстүрге айналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де баға саясатына барынша ықпал еткен.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлық. 2019 жылы 1034 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, қоғамдық жұмысқа жыл басынан 417 адам тартылған. «БастауБизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне аудан бойынша облыстық басқармадан және облыстық қаржылай қолдау қорынан 308 адамға 810,5 млн. теңге несие алған.

Жастар жылы аясында жас кәсіпкерлердің өз істерін ашуға аудан әкімінің 5 млн. теңге гранты 15 жас кәсіпкерге берілсе, 2 жас кәсіпкер облыс әкімінің грантын ұтып алды. 2019 жылы 18 жас отбасы баспаналы болып, тіркеуде тұрған 17 жетім балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер кілті табысталды. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 28 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, 53 жас маман көтерме жәрдемақы алды.

Тізе берсек, толайым табыс та, нәтижелі іс те – ауқымды. Әсіресе, құрылыс, көлік, жол инфрақұрылымы, коммуналдық шаруашылық, мәдениет, ішкі саясат, білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша аудан жақсы жетістіктерге қол жеткізген. Аймақ тұрғындары үшін халықтың көз алдында жасалып, атқарылған істен ертеңгі күнгі еңсерілер жоспары маңызды. Осы орайда, әкім есебі өткен жылдың бедерлі белестерін аралап қана қойған жоқ. Келер күннің келелі міндеттерін де жіпке тізді. Аудан басшысының айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Сейфуллин кентінде 12 пәтерлі, АқсуАюлы ауылында 24 пәтерлі және Ақадыр кентінде 12 пәтерлі екі тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттары әзірленген. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың ІІ тоқсанында жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге, биылғы жылы ауданға қарасты бірнеше елді мекенге жол салу, балалар ойын алаңын орнату, абаттандыру секілді көрнекті жұмыстарға қаражат бөлініп, білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын жолдай алды. Кездесуге дейін түскен жазбаша сауалдар өз алдына, жиын барысында да көтерілген мәселелер аз болған жоқ. Тұрғындардың басым бөлігі жол, көше шамдарын орнату, мал бағымын ұйымдастыру, тұрғын үй салу және денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер көтерді. Көкейдегісін бүкпесіз жеткізген бұқараның ешбір сұрағы жауапсыз қалмады. Микрофонға жақындаған жұртшылық жеке басының емес, елдік мұратты көздейтін ортақ мәселенің төңірегінде ой қозғады.

Осылайша түйінді түйіткілдер тиегі ағытылған ашық диалог алаңында өңір тұрғындары қоғамға ортақ проблемаларын көлденең тартып, лайықты жауаптарын алды. Барлық мәселелерді әкім назарға алып, тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді.

Думан ҚАБЫЛ.

ШЕТ ауданы.