Бітімгерлік – баба жолы

   Бабадан қалған ізгі дәстүр – бітімгершілікті ел ішінде жалғастырып жүрген үздік бітімгер облыс орталығында өткен «Үздік медиатор» байқауында анықталды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Судьялар одағының V съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударуды, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік жолды қолға алуды тапсырған болатын. Осыған орай, 2011 жылдың 28 қаңтарында ҚР «Медиация» туралы Заңы қабылданды. Айтулы Заңға сәйкес Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілгелі ел ішінде тараптардың шиеленіс деңгейі төмендеп, даулы екі жақты да қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізіп келеді.

Байқау барысында, медиатор басшылыққа алатын 5 қағидаға – еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі және бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол берілмеуі, құпиялылыққа назар аударылды.

Алғашқы болып сөз алған ҚХА Қарағанды облыстық Хатшылығының жетекшісі Ерлан Құсайынов:

Жалпы медиация – сотқа дейінгі тәртіпте және азаматтық, еңбек, отбасы, басқа кұқықтық қатынастардан туындайтын дауларда, жеңіл және орташа ауыр қылмыс туралы істер бойынша қылмыстық ісі барысында қарастырылатын дауларда қолданылатын бабадан қалған ізгі жол. Елбасымыз осынау бабамыз ұстанған бітімгерлікті жолға қойып, қайта жаңғыруға күш салды. Медиацияның артықшылықтары: тараптар уақытын үнемдейді, себебі, сот рәсіміне қарағанда бұл рәсім әлдеқайда қысқа. Сондай-ақ, мемлекеттік баж салығы төленбейді және адвокаттың қымбат тұратын қызметі керек емес. Қарағанды облысының ҚХА «Достық үйі» жанынан медиация кабинеті ашылды. Бұл жобаның басты мақсаты – халық арасында даулы жағдайларды сотқа дейін жеткізбей реттеу, ел ішінде татулық сақтау, – деді.

Бұдан кейін «Үздік кәсіби емес медиатор» аталымын Шет ауданынан келген медиатор Ертай Жәнібековке табыстады. 70 жастағы медиатор зейнет жасына дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеген көрінеді. Кейін ауданның ұсынысымен заң бойынша білімін жетілдіріп, медиатор қызметін игерген. Медиатор жылына 16-17 істі қарап, екі тарапқа әділ билік айтып, бітімгерлікке келтірген.

Сонымен қатар, «Медиация институтының дамуына қосқан үлесі үшін», «Медиацияның қылмыстық құқық саласын дамытқаны үшін», «Медиацияның азаматтық құқық саласын дамытқаны үшін» аталымдарымен бірнеше медиатор марапатталды. Балқаш қаласының әкімдік жанындағы медиация қызметінің медиаторы Әнуарбек Шәкіров те үздіктер қатарынан көрінді. Ол азаматтық немесе қылмыстық үдеріс шегінен тыс жүзеге асырылатын қызметті дамытуға күш салатындығын жеткізді.

Байқауды ұйымдастырушы Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің медиация бөлімінің басшысы Света Шардарбекова игі шараға қатысқандарға лебізін білдіріп, арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.

Нұрдос КӘРІМ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.