Бірыңғай тұжырымдама керек

Жаппай саяси қуғын-сүргін адамзат тарихына тоталитарлық режимнің өз халқына қарсы айуандығы ретінде кірді. Бұл – басы ашық әңгіме. Өкінішке қарай, қуғын-сүргін, жер аудару құрбандарының, лагерь тұтқындарының тағдыры туралы толығырақ білу көпшілік жағдайда мүмкін емес. Көптеген құжаттар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқармаларында, Ішкі істер министрлігінің архивтерінде жатыр.

80 жылдан астам уақыт бойы ұзақ сақтауда болған көптеген архивтік құжаттар қазірдің өзінде оқуға жарамсыз екен, себебі, сиямен жазылған жазбалардың бірте-бірте өшіріліп, күңгірттенетінін атап өткен жөн. Аталған құжаттарды ғалымдардың белсенді түрде зерделеуіне рұқсат беру керек. Бұл – бір.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – ерекше маңызы бар күн. Сондықтан, оны өткізудің бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеп, елімізде жарияланған Жастар жылымен сабақтастыру қажет. Сонымен қоса, теледидар мен радиодағы ойынсауық контенті шектеліп, кез келген концерттік және өзге де сауық сипатындағы іс-шаралар өткізілмей, көңіл көтеретін орындар жабық болуы тиіс.

Ғалымдардың архив материалдарын еркін зерделеу, оларды талдау және жариялау мүмкіндігін алуы, конференциялар, симпозиумдар және тағы да басқа дүниелерді өткізуі үшін жағдай жасалуы қажет. Зобалаң жылдардағы оқиғаларға объективті әрі толық зерттеу жүргізілуі шарт. Қуғын-сүргінге ұшыраған және қайтыс болған отандастарымыздың есімдерін қалпына келтіру, ал, қажет болған жағдайда, оларды ақтау жөніндегі жұмыс жалғастырылуы тиіс.

Адамдар жаппай қырылған және жерленген барлық орындарды айқындап, анықтау – уақыт талабы. Шын мәнінде, лагерьлер және еріксіз жер аударылған халықтар қоныстанған жерлер, ашаршылық жылдары жерменжексен болған қазақ ауылдары, ата-бабаларымыз, әкелеріміз, аналарымыз, аға-әпкелеріміз өмір сүрген орындар қашанда ерекше маңызға ие. Осындай жерлерге мемориалдық кешендер орнату және оларды елдің киелі жерлері географиясына қосып, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ортақ еске алу музейіне біріктіру қажет.

Еліміздің тарихын білім беру ұйымдарында оқыту жайын қайта қарау керек. Бұл ретте Қазақстан тарихының орнына оқу бағдарламаларына енгізілген Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы курсын оқыту мәселесі егжей-тегжейлі қарастырылғаны жөн.

Музейлерге туризм саласына, сондай-ақ, туризм бизнесіне толыққанды қатысу мүмкіндігі берілуі керек. Бұл өз кезегінде экспозициялардың мазмұны мен сапасын, олардың ғылыми және тарихи құндылығын арттырып, азаматтарымыздың дүниетаным көкжиегін кеңейте түсуге ықпал етеді. Бұдан тысқары, елімізге туристер мен ғалымдарды тартуға жол ашып, Қазақстанның демократиялық және ашық мемлекет ретіндегі беделін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің
депутаты