Бас тақырып

Бірлік пен берекенің салтанаты

КЕШЕ ЕЛІМІЗДІҢ БАС ҚАЛАСЫ – НҰР-СҰЛТАНДА «ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ ФОРМУЛАСЫ: БІРЛІК ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ XXVII СЕССИЯСЫ ӨТТІ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТКЕН ЖИЫНҒА ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, СОНДАЙ-АҚ, ҚЫРҒЫЗСТАН, РЕСЕЙ, ТҮРКИЯ, ГЕРМАНИЯ ЖӘНЕ ЕЛ АЙМАҚТАРЫНАН КЕЛГЕН МЫҢ ЖАРЫМҒА ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ. БҰЛ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ АРАСЫНДА ҚЫРЫҚ АДАМНАН ҚҰРЫЛҒАН ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ДА ДЕЛЕГАЦИЯСЫ БОЛДЫ.

Алдымен Елбасы Бейбітшілік және келісім сарайына жиналғандарды сессиясының ашылуымен құттықтады. Осы жерде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасы жаңа орынбасарларын таныстырды.

– Өздеріңіз де білесіздер, біз әрбір сессияда ротация тәртібімен, сіздердің келісімдеріңізбен түрлі этно-мәдени бірлестіктердің атынан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының екі орынбасарын тағайындаймыз. Ассамблея кеңесінің ұсынысымен ҚХА Төрағасының орынбасары қызметіне «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының мәдениетін дамыту Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма мүшесі Юсуп Келигов пен «Дустлик» өзбектердің республикалық қауымдастығының сарапшысы Шерзод Пулатов Өкіммен тағайындалды, – деді Елбасы.

Сессияда Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдік процестерді талдай отырып, Қазақстан бірлік пен ынтымақты нығайтудың дұрыс жолын таңдағанына көз жеткізіп отырғанын мәлім етті.

  • Өркендеуге жетуде дұрыс құралдарды таңдап алдық. Біріншіден, өз кезінде біздің Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы – маңызды шешімдердің бірі болғанын атап өту керек. Халықтың тілегімен құрылған ұйым ол елдің абыройлы конституциялық органына айналды. Бірінші күннен бастап, Ассамблея мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілікті танытып келеді. Біздің елдің саяси жүйесіне Ассамблея барлық этностар мен конфессияларды интеграциялады. Ассамблеяны біздің елдің саяси жүйесіне интеграциялай отырып, біз өзіміздің ұлттық бірліктің бағытын құрдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы өз сөзінде Ассамблея мүшелері Парламент Мәжілісінде отырғанын еске салды.

  • Сіздердің қатарларыңыздағы 9 депутат бейбітшілік пен келісімнің елшісіне айналды. Екіншіден, ұлтаралық және конфессияаралық теңдіктің қуатты құқықтық базасы құрылды. Бізде этностардың құқығын шектейтіндей бірде-бір заң жоқ. Барлық азаматтардың теңдігі – тікелей мәтінмен елдің басты заңында тайға таңба басқандай жазылған. Үшіншіден, ұлтаралық саладағы біздің мемлекеттің саясаты – саналуандықтың бірлігіне негізделген.

Әсіресе, бұл ретте тіл саясатын ерекше атап өтуге болады. Ең алдымен, мемлекеттік тілде оқытатын мектептер желісі артып келеді. Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік тілдегі 4 мыңнан астам мектеп бар. Бұл – тоқсаныншы жылдардан қарағанда екі есе көп, – деген Елбасы мемлекет этникалық тілдер мен мәдениеттерге де қамқор болып келе жатқанын тілге тиек етті.

– Біздің еліміздегі 88 мектепте өзбек, тәжік, ұйғыр, украин тілінде сабақ өтеді. Ал, 108 мектепте Қазақстан этностарының 22 тілі жеке сабақ ретінде оқытылады. Елімізде 15 тілдегі 35 баспасөз бар. 11 тілде телеарналарда бағдарламалар шығып жатыр. 14 орыс театры бар. Өзбек, ұйғыр және корей театрлары бар. Мұндай тек біздің елде ғана бар, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Елбасы Қазақстан халқы бірлігінің арқасында 30 жыл бұрынғы халықаралық сарапшылардың деструктивті болжамдарының бәрін жоққа шығарғанын айтты.

– 30 жыл бұрын ғана халықаралық сарапшылар Орталық Азия, біздің Қазақстан да – жаңа қақтығыс ошақтарына айналатынын болжаған еді. Олар біздің өңірде қантөгістер мен күрестер жүріп жатады деп ойлады. Олар этно және діни сенім бойынша өзгешелікті алға тартты. Өңірдегі мемлекеттердің болашағы жоқ әрі тарих табанында қалады деп сенімді түрде болжам жасады. Бірақ, тәуелсіздік жылдары біз – Қазақстан халқы бұл деструктивті болжамдардың бәрін жоққа шығардық. Біз бірліктің, ішкі саясаттағы прагматикалық бағыттың арқасында тарихтың барлық қақпанын айналып өттік, халықаралық жоғары дәрежеге ие болдық. Ішкі саяси істерді құрып жатқан біздің модель, біздің елдегі ұлтаралық қарым-қатынас уақыттың өзімен сыналып, бүгінгі таңда басқаларға үлгі болып келеді, – деді Елбасы.

Жиында сессия қатысушылары өз пайым-пікірлерін ортаға салды. Бұлардың қатарында қарағандылық көпбалалы ана Лариса Кравцова Елбасыға көпбалалы аналарға деген қамқорлығы үшін алғыс білдірді.

Сессия соңында «Туған жерге тағзым» атты салтанатты концерт өтті. Мұнда қазақстандық жас әншілер – Ержан Максим мен Данэлия Төлешова өнер көрсетті. Сондай-ақ, «Салтанат» Мемлекеттік би ансамблі, «Рухсара» би ансамблі, Қ.Қожамьяров атындағы Мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры, «Наз» Мемлекеттік би театры, «Мәңгілік» би театры және шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің «Вайнах» ансамблдерінің бірлескен «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» хореографиялық композициясы сахналанды.

Басқа материалдар

Back to top button