Бас тақырып

Бірінші

1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін еліміз биыл жетінші рет мемлекеттік мейрам ретінде атап өткелі отыр. Жалпы, президент институтына деген мұндай құрмет кездейсоқ емес. Транзитті даму кезеңінен өту, қалыпты эволюциялық жолына түсу әр мемлекеттің алдындағы күрделі міндет болып табылады. XX ғасырдың 90 жылдарындағы Қазақстан жағдайында нарықтық экономиканы қалыптастыру, қоғамдық қатынастардың барлық дерлік салаларын нарықтық экономикаға сәйкестендіру, әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарды шешу күн тәртібінің аса өзекті мәселесіне айналды. Осы тұста парламенттік жүйе қауқарсыздығын танытты, табанды да жүйелі экономикалық реформаларға ықпалы аз болды және мұның объективті себептері де бар. Әдетте, парламенттік жүйе дамыған көппартиялық жағдайда тиімділік танытады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде көппартиялық саяси жүйе құру үрдісі күрделі және қайшылықты жағдайды бастан кешірді. Бұл құбылыс осы уақытқа дейін бастапқы сипатында, қоғамның көп бөлігін қамти алған жоқ.

Айта кету керек, мұндай ахуал парламенттік жүйесі осал елдердің бәріне тән, сондықтан олар белгілі бір уақыт аралығына өз президенттеріне төтенше өкілдіктер бере келе қоғамды басқарудың, әсіресе әлеуметтік­экономикалық жағдайды тұрақтандырудың оңтайлы жолдарын белгілейді. Яғни, басқарудың президенттік формасына көшу, атқарушы билікті күшейту – модернизация кезеңіндегі тарихи және саяси заңды кезең болып табылады. Саяси демократия мен нарықтық экономиканың құқықтық негіздерін жасау – бірінші кезектегі аса маңызды міндет болған шақта, дәл осы президенттік жүйе ғана мейлінше тиімді екенін уақыт көрсетті де. Кезінде парламенттік басқаруды үнемі қолдап жүрген социалист Франсуа Миттеран 1981-1995 жылдары Франция президенті болып қызмет атқарған мерзімінен соң, мемлекет басқару ісінде президенттік институттың орны ерекше деп бағалауы әрі оны мойындауы бекер емес.

Негізі, президенттік институт өзінің бастауын америкалық саяси жүйеден таратады. Ал «Президент» термині ерте кезден бар, ол латынның «praesidens» сөзінен шыққан, тура аудармасында «алдыда отырғандар» дегенді білдіреді. Ертеректегі дүниеде кіріспе сөз сөйлегендерді президент деп атаған, былайша айтқанда, түрлі жиналыстардың төрағаларына осындай атау берген. Бұлар өз лауазымына міндетті түрде көпшілік дауыспен сайланып отырған. Осылай сайланып қойылған көсем нақты саяси міндеттер мен қолындағы қорлардың мүмкіндігіне қарай ықпал ету құралдары мен жолдарын өзі таңдауға мүмкіндік алған. Ол құралдар – заңды жария билік құзыреті, материалдық, қаржылық және басқа да қорларды жұмсау мүмкіндігі, мемлекеттік аппарат, көтермелеу және мәжбүрлеу құралдары, әрине, заң болып табылады. Бұған қоса, жеке тұлға ретінде ықпал ету мүмкіндігі бар. Бұл ретте көсемнің абыройы да негізгі ұғымдардың бірі болуға тиіс. Осы орайда, саяси көсемнің өзінің қадірін өзі қалай бағалап, түсінуі, саяси мінез-құлқына әсер ететін тілек-талаптары мен құштарлығы, аса маңызды саяси сенім – ұстаным жүйесі, саяси шешімдер қабылдау стилі, басқа адамдармен қарым-қатынас дағдысы, қауіп-қатерге шыдамдылығы – жеке тұлғаның ықпалдылығын анықтайтын ерекше сипаттар болып табылады. Көбінесе, елде болып жатқан қандай да бір саяси процестер, құбылыстар мен оқиғаларды қалың бұқара саяси көсемнің есімімен байланыстыратыны сондықтан. Түптеп келгенде, мұның бәрі дамудың даңғыл жолына кейінде түскен мемлекеттерде де президент институтының енгізілуіне түрткі болды. Мұның өзі саяси жүйелердің дамуында әмбебап заңдылық бар екенін көрсетеді.

Тарихи тұрғыдан қарағанда бізде президенттік институт беріде ғана пайда болып, өзінің дамуында салыстырмалы түрде тарихи қысқа мерзімді қамтиды. Мәселен, Қазақстан құрамында болған Кеңес Одағында президент лауазымын бекіту туралы мәселе алғаш рет «сталиндік» КСРО Конституциясын талқылау барысында, 1936 жылы қолға алынған екен. Алайда, мұндай ұсынысқа Сталин үзілді-кесілді қарсы шыққан. Өйткені, президентке қарағанда анағұрлым көп билікті қолына жинақтаған «халықтар көсемі» үшін аталмыш лауазымның ешқандай саяси мәні жоқ болып есептелді. 1964 жылы КСРО Конституциясын даярлау кезінде келесі көсем Хрущев президент лауазымын бекітуді ұсынды.

Бірақ, Никита Хрущевтің биліктен кетуімен конституциялық комиссия КСРО Конституциясы жобасын мүлде тоқтатты. Конституциялық комиссия кезекті «брежневтік» Конституциясын талқылау барысында президент лауазымын енгізу мәселесі тағы да тілге тиек болды. Бұл жолы президенттік функцияны Жоғарғы Кеңестің Президиумы тоқтатты, ал мемлекет басшысының ролін іс жүзінде СОКП ОК Бас хатшысы атқарды. Президент лауазымын енгізу туралы мәселе XIX Бүкілодақтық партия конференциясында 1988 жылы да көтерілді, бірақ кезекті рет бұл лауазым енгізілмеді. Тек 1990 жылы ғана Кеңес Одағында президент лауазымы бекітіліп, осы мәртебеге алғашқы және соңғы ие болған тұлға ретінде Михаил Горбачевтің аты тарихта қалды.

Кеңес Одағы тарағанда Қазақстандағы саяси және экономикалық өмірдің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін президенттік басқаруды енгізу қажеттігі туындады. Осы ретте, марқұм Салық Зимановтың мына бір пайымдарына ден қойғанымыз жөн. Заңгер-ғалым тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында билік тұтқаларының текетірестігі кесірінен, әрі сыртқы-ішкі «үрит, соқ» күштердің желпуімен бір бүтін елдің екіге бөліне жаздағанын айтады. Мәселен, Ертістің оң жағалауы сол жағалауына көз алартса, Жайық казачествосы шпорларын сартылдатып, Оралдың көшелерін шаңдатып жатты. Осы кезде қазақстандық бір топ депутаттардың Мәскеуге жиналып, өз алдына көлеңкелі үкімет пен Қазақстанның аумағын бөлшектеуді көздейтін іріткі салушы қозғалысты құруға бастама көтергендері жайлы бұқаралық ақпарат құралдарынан белгілі болды және олардың тарапынан Президентті қызметінен кетіру, Үкіметті таратып жіберу, жергілікті өзін-өзі басқару құқына ие болу арқылы еліміздің солтүстік облыстарын Ресейге беру жөнінде талаптар қойыла бастады. Мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу қажеттілігінің осындай сын сағатында С.Зиманов ел басқару жүйесін бірізге салу керек болғандығы, оның ең тиімді жолы тікелей президенттік билікті орнықтыру екендігі жөніндегі өз ойларымен баспасөзде бірнеше мәрте бөліскенін, «Бізге диктатураға мүлде жат, күшті президенттік билік керек» деген тақырыппен арнайы мақала да жазғанын тілге тиек етеді. Нәтижесінде, 1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес Қазақ ССР Президенті деген лауазымды бекітті және Парламент сессиясында жасырын дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланды.

Бұл – үлкен тарихи шешім. Өйткені, президенттіктің демократиялық мәнін көрсететін аса маңызды факторлардың бірі оның сайланып қойылатынында. Осыған байланысты әлемдік сарапшылар ең басты ерекше белгі «биліктің қызмет ету қабілеті… Президенттің заңдылығы барлық жерде жалпыхалықтық дауыс берумен айқындалады», – деп атап көрсетеді. Осынау талапқа толық сай келу үшін 1991 жылғы 1 желтоқсанда елімізде Президент сайлауы болды. Алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дауыс берушілердің 98,7 % дауысына ие болып, Тұңғыш Президент атанды. Сөйтіп, ел мүддесіне қатысты барлық жауапкершілікті Нұрсұлтан Назарбаев өз мойнына алды. Қазақстанның тағдырын өз қолына алған Ұлт Көшбасшысы дәл сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін бүкіл елге жариялау бақытына ие болды. Ол елге Тәуелсіздік сыйлаған тұлға ретінде де құрметке ие. Себебі, қазақ қамы үшін бабаларымыздың қаны аз төгілмеді, батырларымыз бүкіл өмірлерін ат үстінде өткізді. Ақтамберді жырау былай жырлапты: «Жауға шаптым ту байлап, шепті бұздым айғайлап, дұшпаннан көрген қорлықтан, жалынды жүрек, қан қайнап, елді, жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап». Яғни, ата-бабаларымыздың ұлы мақсаты тәуелсіздікті алу болды.

Иә, ұлттық мүдде – мазмұны мен ауқымы мейлінше кең ұғым. Ұлттық мүдде міндетті түрде қорғалуы керек. Осы ретте, ұлтты ұшпаққа шығаратын азамат, ұлтқа шым тереңнен ойлайтын, тым қияннан болжайтын тұлға қажет десек, әсте, қателеспейміз. Бірер мысал. Алып Қытай жол айрығында абдырап тұрғанда ұлтын Дэн Сяопинь бастап, халқын қазір АҚШ-пен иық тірестіріп, Жапонияны және Германияны экономика жағынан көп артқа қалдырып отыр. Үндістан Ұлыбританияға жалтақтап қалғанда Махатма Ганди басын бәйгеге тігіп шықты. Ең демократияшыл деп саналатын Америкада Франклин Делано Рузвельт президенттікке қатарынан төрт мерзімге сайланса, Шарль де Голь есімі Франция тарихында мәңгілікке жазылып қалды. Түркия елінде Мұстафа Кемал Ататүрік, Сингапурда Ли Куан Ю болып, әлемде осындай біртуар ұлт тұлғаларының есімдері жалғасып кете береді.

Ал, біз Тәуелсіздікті ұлтымыздың ұлы перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз. Мұны жүрегінде иманы мен аузында тәубесі бар әр адамның мойындары хақ. Әрине, көпшілік болған соң түрлі мінезді адамдар болады, оның үстіне, адам – пенде жақсылыққа бойын тез үйретіп, бола түскен үстіне бола түссе дейді емес пе? Тіпті, кейбір адамдар елдің өмірі мен тыныс-тіршілігінде жақсылықтардың қандай күшпен келіп жатқанына мән бергілері келмейтін де сыңайлы. «Мұнайдың үстінде отырған араб елдеріндегідей неге шылқып байымаймыз?» дегендер де баршылық. Бірақ, олар қазақстандық әрбір жан басына шаққанда бар болғаны 4,8 тонна мұнай өндірілетініне, ал осы көрсеткіштің Біріккен Араб Эмиратында 122 тонна, Катарда 90 тонна, Сауд Арабиясында 20 тонна құрайтынына және бұл елдердің мұнайды игеру тарихы бізден әлдеқайда терең екеніне көңіл бөле бермейді.

Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жүріп өткен жолы да «тар жол, тайғақ кешуден» тұрғанын ұмытпаған жөн. «Біз «азапты жолдан» өттік, мың өліп, мың тірілдік». Жол басындағы біздің мемлекеттің жағдайын созылмалы дертке ұқсастыруға толық болатын. Қазына қалтасында көк тиын болмады, кәсіпорындардың көпшілігі көтерем малдың күйін кешіп жатты, инфляция деңгейі 2000 пайыздан асып, ауыл адамдары кәдімгі кір сабынды бір қойға сатып алуға мәжбүр болды, сөйтіп, жаппай тапшылық жағдайында жұрт арасында «бағасы қанша болса да, әйтеуір сөрелерде тауарлар тұрса екен» деген көңіл-күй орын алды. Бір сөзбен айтқанда, бұл кезең экономика жағдайы, адамның рухани дүниесі күйзелісінің ең биік шыңы болды. Осыған қарамастан, «қазақстандық керуен» тамшы су табылмайтын шөл даладан абыроймен өте алды, сөйтіп биік белестерді біртіндеп бағындырып келеді. Қазақстан бүгінде өте жауапты шешімдер қабылданып жатқан бірегей елге айналды.

Шынтуайтында, егер кешегіміз бен бүгінгіні шынайы салыстыра білетін адам болса, көбірек шүкіршілік етер еді. Ал, енді сол шүкіршілік дегізетін нәрселердің артында Тұңғыш Президентіміздің тәулік бойы тынбастан еңбек жасап, ел тағдыры үшін мойнына тарихи жауапкершілікті жүктеп отырғанын, тіптен, кез келген ықтимал қауіп-қатерді халқынан бұрын алдымен өзіне қабылдауға әбден белін бекем буғанын, сөйтіп, басын бәске тіккенін екінің бірі біле бермейді.

Мәселен, Мәскеудің ызғары қайта қоймаған сонау жылдары Назарбаев Кремльдегі Саяси бюроның шешіміне мойынсұнбай Семей ядролық сынақ полигонын біржола жауып, орасан зор ерлікке пара-пар қадам жасады. Сәл кейін ядролық қарудан мүлдем бас тартты. Сол кезде қазақтың даласында дүние жүзіндегі ядролық қару-жарақтың бестен бірі орналасып, оның қуаты жер бетінің кез келген нүктесіне еркін жететіндей халде еді. Әр тауын үгітіп, әрбір тасын құмға айналдыратындай жойқын күшке ие болатын. Сондықтан, «Ядролық қаруды уыстан шығармау керек», «Бүгіндері тек мықтымен ғана есептеседі», «Келісім-шарт жасасып, ядролық қаруды өзімізде қалдырайық», «Ядролық қаруды алпауыт мемлекеттің біріне берейік» деген тәрізді іштегі небір ақылшылармен қатар, Батыстың, әсіресе АҚШ басшылығы тарапынан Қазақстанға ядролық қаруды жоюды талап еткен ұсыныстар жеткілікті еді. Алайда, Назарбаев өзіне ғана тән ерекше саяси көрегендікпен еліне, жеріне шапағаты молынан тиетін сындарлы да салмақты шешім қабылдады және де оны өзгелерге мойындатты. Сөйтіп, 1994 жылғы 5 желтоқсанда Будапешт қаласында іргетасын тамыры Ұлы Даладан бастау алатын дала қыпшақтары қалаған зәулім сарайда ел тарихына алтын әріппен жазылатын айтулы оқиға орын алды. Қабырғалары алтынмен апталған, төбеден төмен қарай ілінген салмағы он тонна тартатын люстрамен көмкерілген бас айналатындай нән залдың ортасында біздің елдің Президентін қаумалай бес елдің басшылары – Ельцин, Лукашенко, Клинтон, Кучма, Мейджор «Қандай да ядролық қару еш уақытта Қазақстанға қарсы қолданылмайды» деген кепілді растап қол қойды. Сонымен қатар, екі мың ядролық қаруды жоюға қажетті қаражат бөлініп, сонау Ұлы Отан соғысынан бері біздің мойнымызға ілініп келе жатқан қарыз қайтарылмайтын болып келісілді, елімізде барынша ыңғайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға толық мүмкіндік туды. Осы сәтке куә болғандардың толқығаннан тұла-бойлары шымырлап, көздеріне жас үйірілгенін, сондай-ақ әлемнің өзге елдері Қазақстанның бұл жарқын үлгісін қолдай отырып, жаппай қарусыздануға жол ашылады деген сенімдерін ұмыту, әсте, мүмкін емес. Бірер айдан соң мұндай кепіл берушілердің қатары Қытай және Франция елдерімен толықты. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық аренадағы тұңғыш әрі мәртебелі жеңісіне қол жеткізді, Қазақстанды бейбіт өмірдің символына айналдырды, ал БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун «Қазақстан үлгісіне әлемді шақырамын» деп ашық мәлімдеді. Нәтижесінде, 2010 жылдың 12-13 сәуірінде Вашингтонда ядролық қауіпсіздік мәселесі бойынша өткен Әлемдік саммитке Нұрсұлтан Назарбаев арнайы шақырылып, еліміздің мерейін өсіріп қайтты, әрі осы жылы кеңес дәуірінен кейінгі кеңістіктегі мемлекеттер ішінде бірінші болып Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп қана қоймай, 11 жыл қатарынан өткізілмей келген ЕҚЫҰ-ның Астана саммитін мейлінше жоғары дәрежеде ұйымдастыра білді. Бір сөзбен айтсақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аты адамзат тарихында өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан және сонысымен Ұлы Даланы бұл қауіптен құтқарған ең алғашқы мемлекет басшысы ретінде алтын әріппен жазылып, мәңгілікке сақталып қалары анық.

Жалпы, тәуелсіздік алғаннан бері Н.Назарбаев көптеген перспективалық саяси идеялар мен бастамаларға мұрындық болып келеді. Атап айтқанда, ол ТМД құрылуының бастауында, «Орталық Азия Ынтымақтастығы» ұйымы, Кедендік одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты құрылымдардың бастамашысы болды. Сонымен қатар, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨІСШК) және 2003 жылдан бері Астанада жүйелі өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін де Назарбаевтың ықпалдастық бастамаларына батыл жатқызуға болады. Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасынан «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін өткізу үшін таңдап алынған бірінші мемлекет болды. Біз өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне аса зор жауапкершілікпен қарайтын, жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танылдық. Сөйтіп, Қазақстанның халықаралық беделінің артуына әрі оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткіздік. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 20172018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне ТМД елдері ішінен бірінші болып сайлануы соның жарқын көрінісі деуге болады.

Назарбаевтың республика халқының тұтастығын нығайту бағытында үзбей атқарып келе жатқан жұмыстары да елдің мүддесіне орай жүргізілуде. Осы ретте, әсіресе, Елбасының тікелей басшылығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы бөлек. Өз құрамына 130 этносты біріктіретін бұл Ассамблеяны бүгінгі күні «Кіші Біріккен Ұлттар Ұйымы» деп те атайды, себебі, ол барлық этносаралық қатынастар проблемаларын шешудің тікелей жолы мен нақты тетігі болып танылуда. Осылайша, Қазақстан қазір бұлардың барлығының екінші Отаны болып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ның жекелеген елдерінде орын алған этносаралық қақтығыстарға, сонымен қатар, ішкі және мемлекетаралық кикілжіңдерге жол бермеген бірден-бір мемлекет басшысы. Конфессияаралық және ұлтаралық саясат жүргізудегі Қазақстанның теңдессіз тәжірибесін өзгелер де пайдаланса, ұтылмасы анық. Мұны, ең алдымен, соңғы кездері шовинистік пиғылдары барынша қозып, исламофобия бел алып отырған еуропалық елдер қаперлеріне алса игі болар еді.

Нұрсұлтан Әбішұлының осындай әлемдік деңгейдегі салиқалы саясаты, түптеп келгенде, елін, жерін, бейнелеп айтсақ, «сырттағы жаудан және іштегі даудан» қорғаштай отырып, халқының әл-ауқатын жақсартуға қажетті деген түгел дерлік іс-шараларды жүзеге асыруға зор септігін тигізгенін айтқанымыз жөн. Соның арқасында еліміздің Ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) жыл өткен сайын артып келеді. Бүгін біз ІЖӨ көлемі жағынан экономикалық мүмкіндігі орасан зор, 40 миллионнан астам халқы бар Украинадан бір жарым еседей ассақ, бұл көрсеткіш Орталық Азия елдерінің Ішкі жалпы өнімінің барлық жиынтығынан екі еседей артық көлемді құрайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекет қазынасында бір тиын болмаған еді. Бүгінгі күні Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған Ұлттық қордағы қаржы 56 млрд. доллардан асып жығылады. Ал Ұлттық банктің және Ұлттық қордың жалпы резервтерін қоса есептегендегі алтын валюта резервтері 90 миллиард долларға жуықтап, ол қазақстандықтардың игілігіне толық бағытталып отыр. Соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды. Нәтижесінде, жүздеген кәсіпорындар пайдалануға берілуде, шағын және орта бизнес қарқын алуда, сөйтіп жүз мыңдаған жаңа жұмыс орындары пайда болуда, жастар оқу іздеп дүние жүзінің ең үздік деген университеттеріне аттануда, жаңа үлгідегі мектептер салынып, балабақшалар ашылуда. Халықтың саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті

Президент жыл сайынғы Жолдауларында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Бюджеттегілердің айлық жалақыларын, зейнеткерлердің зейнетақыларын, әртүрлі әлеуметтік топтардың жәрдемақыларын өсіріп отыру да тұрақты назарда. Мәселен, соңғы он жылда қазақстандықтардың орташа табыстары бес есеге, орташа айлық жалақысы алты есеге өсті. Ал, 2019 жылдың 1 қаңтарынан Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес, ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, яғни, 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіру көзделіп отыр. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандардағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлінетін болады. Алдағы бес жылда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражат көлемін ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізу көзделуде. Жалпы, біз осындай оң өзгерістерді Елбасы ұстанған «Әуелі экономика, сосын саясат» тұжырымының жемісі деп қабылдауымыз керек.

Тұңғыш Президенттің бұл көрегендік саясаты қазіргі орын алып отырған әлемдік қаржы және экономикалық дағдарысты дүрбелеңге ұрындырмай, нық сеніммен еңсерді, сондай-ақ елдің үдемелі индустриалды-инновациялық даму кезеңіне өтуіне мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, біз мемлекетті басқарудың президенттік жүйесінің нақты оң нәтижелеріне куә болудамыз. Ең бастысы, Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тарихтың аумалы-төкпелі осындай өтпелі кезеңінде ескі мен жаңаның мінезін тап басып ұстар, халық жүрегіне жол таба білер, қай ұлт үшін де күрделі кезеңде үміт отын өшірмей, сенім биігінен көрінер, «өрге салсаң – төске озар, ерте салсаң – кешке озар» қазақы ұғым тұрғысынан айтқанда, арғымақ бітімді, арыстан жүректі бір азаматтың көш тізгінін қолға алуы керек болса, тарих сол керектің үдесінен шықты. Халық өз таңдауын қалай жаңылмай жасаса, Нұрсұлтан Назарбаев та ел көшін қиын-қыстау кезеңдерден солай аман алып өтіп, ел Сенімін арқалап келеді.

Уақыт – таразы, ол бәрін безбендеп, адамдарды, олардың атқарған істерін де орынды орнына қойып береді. Осы ретте бір мысал келтіре кетуге болады. АҚШ әлемдегі ең алпауыт елдердің қатарына жатады. Бұл елде ақпан айының үшінші дүйсенбісі Президент күні ретінде мерекеленеді. Аталмыш мереке 1855 жылдан бері АҚШ-та жалпыұлттық деңгейде аталып өтіледі. Бұл мереке АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның құрметіне тойланады. Бізде де жыл сайын Тұңғыш Президент күні тойлана беретініне еш күмән жоқ. Өйткені, біздің еліміздің шыңға өрлеп, бүкіл әлем мойындаған ел болуына мол тер төккен Нұрсұлтан Назарбаевтай басшымыздың арқасы екені баршамызға аян. Жалпы, бұл мерекенің тойлануының өзіндік ұлтқа берері мол. Осы мереке арқылы жас ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихын танып, оның ел болып қалыптасу жолында қандай тұлғаның аянбай еңбек еткенін жадында сақтауына үлесін қосады. Сондықтан, аталмыш датаның Тұңғыш Президент күні ретінде тойлануы – заңды құбылыс.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

 саясаттанушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button