Жаңалықтар

Бірегей бітім иесі еді

Әй, опасыз дүние-ай! Өмірден ақберен ақын, алапат аудармашы, ақмылтық публицист, терең білім, тебіренген сезім иесі Сәбит Бексейітов досымыз да өтіпті-ау… Тірлікте кімнің қадірін кім білген?! Сәбитті де жете танып, жеткізе түсіндік, – деп айта алмаспыз. Білімі теңіздей терең, оқығаны ормандай қалың бірегей бітімнің иесі еді.

Сурет автордан

Бүгінде елеске айналған, естелікке байланған студенттік күндерімізді тай-құлындай тебісіп бірге өткерген едік. Жанымыз жақын, танымымыз төркіндес болған соң, жылда жатын орнымыз жатақхананың бір бөлмесінен табылатын. Сессия сайын көз майымыздың көп бөлігі Гоголь кітапханасының оқу залында қалатын.

Өмірден икемге көнбес зор интеллект иесі өтті. Дара пікірдің даңғылы дағдарды. Тек, өзіне ғана дарыған дария-білімнің тамшысын ғана фәни-жалғанның еншісіне қалдырып, қалғанын безбүйрек бақидың құрдымына өзімен бірге ала кетті. Біздің буынның білімге келгенде бет қаратпас санаулы барыстарының бірі еді. Сол барыстан айрылдық. Ақкөйлек адалдан ажырадық.

Бақұл бол, Сәбит! Алла жаныңа жеңілдік берсін. Артың жақсы болсын.

Абзал БӨКЕН,

қаламдас досы.

Басқа материалдар

Back to top button