Бас тақырып

Бірегей бағдарлама басталды

Кеше облыстың барлық қалалары мен аудандарында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды. Көпшіліктің көкейіндегі арман-тілегінің үдесінен шыққан шырайлы шара облыс орталығындағы Майқұдық ықшамауданының мәдениет үйінде өтті.

Мәдениет ошағының кіреберісіне жиналғандар нөпірі – қалың. Бір жерде өтініш жазып ата-аналар отыр. Енді бір жерде жергілікті әкімдік қызметкерлері құжаттары түгел азаматтарды қабылдауда. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ өкілдері де кеңес сұрағандарға көмек көрсетуде.

Төрт баланың анасы Қарлыға Зиядина бағдарламаға қатыса алатын көпбалалы отбасылар санатына жатады.

  • Ерте келгенбіз. Құжаттарымыз түгел болмай қалды. Тұрғын үйі жоқ деген анықтама балаларда да болуы керек екен. Жолдасым «ЦОН-ға» кеткен, соны күтіп тұрмын. Бүгін бітіріп кетеміз, амандық болса, – деді ол.

Көпбалалы отбасылармен қатар құжат тапсыруға толық емес отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар құқылы. Дегенмен, қазір құжат тапсырып жүргендердің дені – көпбалалылар. Айналдырған бір-екі сағатта 100-ге жуық адам құжат тапсырған екен.

  • Тұрғындар мүмкіндігін ескере отырып, құжат қабылдау мерзімі бір аптаға ұзартылды. Мұнда құжатты кім бірінші тапсырса, сол баспанаға ие болады деген түсінік жоқ. Жергілікті әкімдікте үй кезегінде кім бірінші тұр, әуелі соған беріледі. Яғни, кезек реттілігі сақталады. Құжаттар бір айдың көлемінде қаралады деп отырмыз, – деді Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Әсет Алдабергенов.

Ал, банк өкілдері өз кезегінде несие өтініштерін қарастыру және оны беру кезінде комиссиялық төлемдердің болмайтындығын айтты.

Жергілікті әкімдік тарапынан бағдарламаға қатысушы үміткерге жолдама берілгеннен кейін ол банк қызметіне жүгінеді. Төлем қабілеттілігі расталғаннан кейін банк несие беруге рұқсат береді. Осыдан бастап үш ай ішінде қатысушы баспана тауып алуы керек. Бұрынырақта айтқанымыздай, әкімдік беретін тұрғын үй сертификаты тек жаңа үйлерге ғана жарамды. Екінші нарықтан үй алу үшін бастапқы жарнаны қатысушы өзі табуы тиіс. Бастапқы жарна келісілген 10 пайыздан артық болса, кейін ай сайынғы төлемі аз болады.

  • Мысалы, 10 млн. теңгенің үйіне 1 млн. теңге көлемінде бастапқы жарна салынды. Орташа 19 жылға есептегенде алғашқы 8 жылда 52 700 теңгеде, қалған 11 жылда 36 мың теңгеден төлеп отыру керек, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ кеңесшісі Нәсіпкүл Әшірбекова.

Маманның айтуынша, табысы жеткіліксіз қатысушылар екі кепілгер әкеле алады.

  • Бұл ретте ескеретін бір жайт бар. Көпбалалы отбасы санатына жататын ана жұмыс істемесе, онда несие жұмыс істейтін күйеуіне рәсімделеді. Ал, толық емес отбасылар санатындағы ана жұмыс істемесе, кепілгер көмегін ала алмайды. Себебі, қатысушыда жұмыс болуы тиіс. Талап бойынша соңғы алты айдағы салық төлемдері көрсетілуі керек. Жалғызбасты ананың табысы жетпей жатқан жағдайда ғана кепілгер тарта алады, – деп түсіндірді Н.Әшірбекова.

Кепілгердің несие тарихында төлем мерзімі өткен қарыздары болмаған ләзім. Болған жағдайда берешекті өтеп, ол туралы тиісті құжат ұсынады.

Бағдарлама бойынша тұрғын үй баспана кезегінде тұрған жері бойынша берілетіндігін де ескеру керек.

Облыс орталығында үй кезегінде тұрған 600 көпбалалы отбасы бар. Ал, қалған екі санат – толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар саны – 4 мыңға жуық. Табысы төмен отбасыларды қолдаудың бірегей бағдарламасының шын мұқтажға жетуіне мүдделіміз.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button