ӘдебиетБас тақырып

Бір үзім нан…

(Аударма)

1933 жылдың жазы. Сұрықсыз боялған ұсқынсыз вокзал маңындағы қалың қайың тербелген елеусіз алаң. Сүрлеу жолдың ұзын ырға бойында аш-жалаңаш бұратылған шұбырындылар топалаң тигендей сұлап жатыр. Көздері адырайған, тістері ақсиған өлі-тірісі белгісіз кескін-кейіптеріне көз тіктеудің өзінен-ақ жүрегің шайлығып, аза бойың қаза болады. Рас, әрқайсысының ескі-құсқы биттеп-құрттаған киім-кешектерінің бірі болмаса бірінде «Бұны ұсынушы… жылғы.. сот үкімі бойынша қылмыстық жазаға тартылып, азаматтық құғынынан айырылған. Дүние-мүлкі тәркіленумен жер аударылған» деген сипаттағы тоз тозы шыққан құжаттары сақталуы тиіс.

Барар жері, басар тауы қалмай арып-ашыққан жанкештілердің қан жұтқан шексіз қасіретіне, зар еңіреген көз жасына елден ерек қайғырып, ала бөтен ар азабын шегіп жүрген қам көңіл адам баласын емге таппайсыз.

Алақұйын заманның зауалы қан қақсатқан құсалы бейбақтардан адам ұсқыны кеткелі қашан… Аштықтан өзегі талып сенделген шерменделердің басым бөлігі Тула, Воронеж, Курск, Орел, Украинадан мал-мүлкі тәркіленіп, күштеп жер аударылғандар. Күні кеше тұрмыстары шалқып, сән-салтанаты келіскен бай-бағылан дәулетті жандардың қазіргі бір тілім нанға зәру өлімсіреген мүсәпір сұрқынан тұла бойың мұздайды… Олармен бірге біздің солтүстік аймақтың ауыз екі сөйлеу мәнеріне негізінен оңтүстік өлкеде жиірек қолданылатын «куркуль» («ауқатты шаруа», «дүние қоңыз, сараң адам») сөзі кіріге бастады.

Аштықтан бұратылып қансыраған «ауқаттылардың» тулаққа айналған ұсқынсыз сүлделері жан шошытады…Өлімсіреген көз жанарларынан болар болмас өмір ұшқыны жылтырағандай… Қазір де адам айтса нанғысыз қиямет-қайым тіршіліктері аза бойыңды қаза қылғандай…

Күмпиіп ісіп кеткен ана бір есі ауған сорлы бейбақ қайың қабығын ақтық азығындай жан ұшыра кеміруде… Өрім-өрім жейдесін жел жұлмалаған ендігі бір мүскін әлі құрып талықсыған күйінде қан жоса тілгіленген бетін тырналап әуре сарсаңғы түсуде…

Аузынан көбігі шығып жан дәрменмен аласұра жанталасқан ғаріптің ыңырсыған дауысы құйқа шымырлатады… Көң-қордадан табылған шөп-шаламды аузы-мұрынына жандәрмен тығындаған жанкешті жаратушыдан тек қана ақ өлім тілегендей өлімсіреген көзімен зеңгір көкке қадала қарайды…

Әр жерде бірі шалқалап, бірі етпеттеп теңкиіп-теңкиіп жатқан қара тастай қатқан жансыз мүрделер ғана олардың күні кеше ет пен сүйектен жаратылған жұмыр басты көп пенде қатарында болғанына лажсыз иландырғандай….

Аштық тауқыметінен әбден титықтап әлі құрыған олар тұяқ серпер соңғы сәттеріне дейін бір күндік сәуле үшін барынша жан дәрмендерімен жанталасып бағуда…

Сол бір ажал аранын ашқан қанды алаңды ақыл-есі бүтін ересек атаулы сырт айналып өтуге тырысатын. Тек қызметтік бабындағы станция бастығы перонның шарбақпен қоршалған төменгі жағын күн ұзаққа оңды-солды шиырлайтын ды. Қас-қабағы жабырқаңқы ашаң жүзімен ақ жол жөнекей жолыққандармен шүйіркелесіп сөйлескенді аса жақтыра қоймайтынын аңғартатын.

Кей-кейде «Әй, ит, абайла, көзіңе көк шыбын үймелетермін!» деген айбарлы сұсымен өткен-кеткеннің мысын басатын содыр мінезді милиционер Ваня Душной бой көрсетеді.

– Жол жөнекей тілемсектеніп жүрген өлермен кезбелер көзіңе ұшырасқаны жоқ па? – деп сұрады ол станция бастығынан. Станция бастығы тұнжыраған қалпында қойылған сұраққа жауап қатпастан сүлесоқ күйінде өте берді.

Ваня Душной балақ биті басына өрген арық-тұрақ босқындардың алаңнан сырт ауа жайылып, перонға, жол жиегіне бей-берекет шашырай шықпауларын мұқият қадағалап бағуда.

Қызық қуған өңшең қара сирақ шуылдақтар сол бір қан сасыған қасап алаңнан айналшақтап шықпайтынбыз. Шарбақ сыртынан-ақ өткен-кеткенге тіміскілене көз тастап, айналамыздағыны қызықтаумен әуре-сарсаңға түсіп жатқанымыз. Көз алдымызда болып жатқан жантүршіктірерлік оқиғаларды шіміркпестен қызықтауымызға қарағанда тұла бойымыздағы адамгершілік қасиеттер ұшқынының таза өшкені ме деп таң қалмасқа шараң жоқ… Оны бойымызда булығып жатқан жыртқыштық тағылықтың тылсым бір көрінісі болар демеске лажың жоқ-ау…

Бірде станция бастығы күреңіткен мұңды жүзімен біздерге ұзақтан ұзақ көз алмастан қадала қарап:

– Тап осындай безбүйрек қара сирақ қатыбастардан күні ертең қандай адам өсіп-өнбекші? Басқасы басқа, сұм өмірдегі сұсты өлімге соншалықты қанпезерлікпен еш шімірікпестен құныға қызықтай қарайтындарын қайтерсің-ау, бәтшағарлардың. Мынау ар-ұждан мен мейірім-шапағат шуағын бұлт шалған сұрықсыз жалғандағы асау өмір иірімі біздерден кейін қандай арнаға түспекші? Апалаң-топалаң дүние құрғыр не болып барады өзі?

Қанды алаңда жөн-жосықсыз ұзақ сонар сенделуден біздей боқмұрындарға келіп-кетер пайданың шамалы екенін ұғынғандай сиықсыз жерден табанымызды жалтыратуға асықтық. Көңілге қаяу салған азапты ойдан тезірек арылсақ деген көк дөнендей ұшқыр бала қиялмен үйімізге қарай құйғыта жөнелдік.

Кейіннен ес кіріп есейген шағымда не бір ауыр ойға шомып, көз алдымда өткен құйқа шымырлатар жойқын қиямет-қайым оқиғалар қыл көпірінен тым ұшқалақ әрі тұнық сезім қиялындағы әсершіл мына шикі өкпе сары үрпек баланың ақыл-есі алжаспай, жүйкесі сыр берместен басы бүтін дін аман күйінде қалай өтті екен деп таңқалумен болатынмын. Кім білген, мүмкін қанды алаңдағы жан шошытарлық үрейлі көріністерді «мынау аппақ дүниеде болуы әсте мүмкін емес жәйт, ол қорқынышты түсіме кей-кейде енетін алдамшы әрі сұрапыл елес қой» деп түйсінуімнің тылсым себептері де болуы бек ғажап емес-ау!!!

Бейуақ мезгілдің жан әлемімді қақаған қыстың сақылдаған сары аязындай қарыған жойқын ызғарын сол бір тосын оқиғадан соң тіптен алабөтен сезіне түскендей едім.

Иығына ескі-құсқы пальтосын ілген жақ еті солыңқы мұңды әйел оқыстан сүріне-қабына оңбастан құлап, станцияда әупірімдеп жүріп соңғы тиын-тебеніне сатып алған сүт құюлы ыдысын сындырып алмасы бар ма. Қамыққан мұңлық жалма-жан қалтасынан ағаш қасығын алып шықты да жалғаннан қыршын кеткен қимасының қабіріне зиярат еткендей тізерлеген қалпында отыра кетті… Ат тұяғының ізінен мұз болып қатқан шұңқырға төгілген сүтті жанталаса көсіп-көсіп алып, көз жасын көлдете апыл-ғұпыл ішуге көшкені…

Оқыс оқиғаны сырттай бақылап қызықтаумен тұрған мына енжар пақырыңыз өткен-кеткендердің табалаған күлкісіне қалмайын деген пенделік ойыменен сол қам көңіл әйелдің қайғы-қасіретін бөлісуге де жарамадым-ау сонда.

Асыға-аптыға үйден мектепке аттанарымда шешей қарның ашқанда өзек жалғарсың деп әдеттегідей қалың мүк жидек жағылған екі тілім нанды сөмкеме тоғытатын ды. Міне, абыр-дабыр шулаған оқушыларға толы әдепкі сыныбым. Сабақ арасындағы кезекті бір үзілісте сөмкемдегі нанды асығыс-үсігіс алып шыққан мезетте сынып бөлмесінде орнаған құлаққа ұрған танадай тыныштықтықтан жүрегім тас төбеге шыққандай еді. Ақыл-есімнен танғандай есеңгіреген дәрменсіз күйімде жапырлай қоршаған өңшең аш өзек ши мойындарға арнайы әкелген нанымды дер кезінде үлестіріп бере алмаған пұшайман күйде қала бердім. Ал келесі күні мектепке соның қарымтасын қайтармақ ниетте жанымды салып бақандай төрт тілім нан ала бардым.

Үлкен үзілісті қалайда тиімді пайдалансам деген алаң көңілдегі екіұшты ойменен тым сенімсіздеу әрі ебедейсіз кейіпте «нан жегісі келетіндер бар болар…» дедім өлімсіреген дауысыммен міңгірлеп.

– Ма-ма-маған, маған да бар бір тілімі болса жетіп жатыр… – деді менімен бір көшеде тұратын Пашка Быков.

– Маған да, маған да берші, мені де ұмытпасаңшы…

Жан жағымнан қолдарын өңмеңдей созғандардың қан-сөлсіз ашаң жүздеріне тілімдей жарты нан шексіз де тылсым құдыретімен өмір отын үрлегендей еді…

– Соншама өлермендене улап-шуылдағандарыңа жөн болсын, бәрімізге бірдей жетпейтіні бесенеден белгілі ғой – деген Пашка жан дәрменмен баса көктеп ұмтылғандарды кері итеріп жіберуге тырысқанымен, ешкім де өліспей беріспей бір табан шегініс жасамайтындарын аңғартып жатты…

– Маған! Маған! Маған да берсеңші!

Жалынышты үндерімен жанұшыра алқынған шерменделерді бөле жармастан бәріне дерлік жетердей бір бір тілім наннан қылдай бөліп үлестіріп бердім.

Баршамыз іштен тынып, барға қанағат білдіргендей қаннен қаперсіз тым-тырыс тұрғанымызда аш бөрідей жалаңдағандардың бірі оқыстан иығымнан қағып жібергенінде, қолымдағы нан еденге құлап түскені. Сан қаралы аш құрсақ оқушы үміт көзін сұқтана қадаған бір жапырақ нан жанын сала өңмеңдегендердің табанымен жаншылып жатты…

– Сен итті ме! – деп шитік Пашка жан алғыш әзірейілдей кіжіней жекігенде жалма жан артқа қарай ығысып үлгердім. Соны аңдығандай басқа оқушылар да жан-жаққа бытырай бастады.

Бәріміз еденде мыжғыланып жатқан нанға көз алмастан қадала қарап, тап бір кешірілмес ауыр күнәға батқандай ыңғайсыз күйге түстік.

Сыныпқа аяғын жайлап басқан жабырқаңқы қалпында мұғалима апайымыз Ольга Станиславна енді. Мұңлы жүзімен еденде жатқан нанға ұзақтан ұзақ телміреуінен әрі сынып жағдайын тәпіштеп сұрамаған жүдеу-жадау реңінен аштық пен жоқшылық әбден титықтатқан шемен шерін аңғарғандай едім.

– О заманда бұ заман жөн-жосықсыз құтырынып, соншалықты асып-тасқандарыңа жол болсын?! Айналайындар-ау, ақылға қонымсыз осы бір ерсі қылықтарыңды қалай түсінсем екен!?

Жұмырларына жұқ болмаса да бойға қуат, ойға нәр берген бір тілім нанға жүрекжарды алғыс сезімдерін білдіруге жапатармағай асығып, бірін бірі кимелеген сыныптастарым риясыз көңілдерімен:

– Мың жасағыр, бар болғыр Володька Тенков қой бәрімізді өзінше жарылқап жүрген! – деді ұлардай шулап.

Мен қаршадайымнан кедей-кепшік, жарлы-жақыбайлар (пролетариат) өкіметі билік еткен елде туып өскендіктен қарын тоқ, көйлек көк аста төк тоқшылық пен молшылықта қамсыз өмір сүрудің қаншалықты ұят, ар-ұжданға ауыр салмақ екенін жақсы түсінетінмін. Өкініштісі, мен тап сол қарын тоқ, көйлек көк ауқатты отбасының бірінен болатынмын. Өкімет қызметіндегі әкеме елден ерек не бір үстеме азық-түлік түрлері үсті үстіне беріліп отыратын. Үйдегі бала біткеннің асты-үстіне түсіп бір сәтте тыным таппастан үнемі бәйек болып жүретін қайран шешей өзгелердің өңі түгіл түсіне кіріп шақпайтын не бір дәмді самса, бәліштер мен тіл үйірер тәтті тағамның түр-түрін дайындайтын ды. Кейде орамжапырақ, енді бірде жұмыртқа ақ уызынан пісірілген тәтті тағамдарды аузымызға тықпылаумен болатын…

Ольга Станиславна өзіне тән сабырлы қалыпта асықпастан сабағына кірісіп те кетті.

– Өткен сабағымызда жазу ережелері, емле тақырыбына тоқталғанбыз… дей келіп, бір кезде үні шығар шықпастан кілт кідірістеп қалды. Ауыр тұрмыс тауқыметі тұралатқан кейпін сездірмеуге әрі аяқ астында езгіленген тілімдей нанға қарамауға тырысып баққан күйінде: – Володя Тенков, қалай дегенменен ұқыптылық керек қой, алаңғасарланбай алды-артыңды жинастырып жүргенің де жөн болар, – деді талықсып шыққан баяу үнімен.

Апайдың айтқанын екі етпестен еденде шашылған нан қиқымын жанұшыра жинастыруға кірістім. Сол мезетте аядай бөлмеде сілтедей тынған сыныптастарымның бірінің қызғана, енді бірінің сұқтана қадаған отты көздерінің сұғынан тұла бойымның қара терге малшынғаны… Бұдан кейін мектепке нан апаруды мүлдем доғаруыма тура келді.

Көңілге қаяу салған сол сұрықсыз оқиғалар өтер өтпес бірер күннен соң көше бойында жол-жөнекей жолыққан ыңыршағы шыққан тіленшілердің алба-жұлба кейпінен жүрегім сыздап, бетім көзден аққан ыстық жаспен жуылды. Тап сол мезетте көрден шыққан тірі аруақтарды ұшыратқандай үрейге түсіп, көз алдым қарауытып таза есеңгіреп те кеттім.

Сыншыл да міншіл ел үнемі ат қойғыш емес пе!? Аштық титығына жеткендіктен арса-арсасы шықан ырғайдай арық-тұрық бейбақтарды «қу сүйек» деп, ал аурудан жүдеп-жадаған мүскіндерді «шор аяқ» деп атай бастады.

Міне, алапат аштықтан қансыраған өңшең аш-жалаңаш соры батпандай сорлыларға табан тірер соңғы тұрақ болған вокзал маңындағы үрейлі алаң. Мен секілді итарқа тіршілік иіріміне тез көнгіш пақырдың адамнан аяушылық сезім, қайыр-ықсан кеткен құныкер қоғамдағы күнделікті қылмысты жәйттерге бойы үйреніп, еті өлгелі қашан. Сондықтан болар кісілік қасиеттерді кір шалған сол қара түнек күндерде ақыл-ойымның жарық нұры таза тұмшаланбай, ес-түсімнен айырылмаған адами кейпімді сақтап қалғаныма таң қалғандай да едім…

Вокзал алаңында шыбындай қырылып жатқан аш-жалаңаш ғаріптерді «жарқын да нұрлы кемел болашағымызға жымысқы қаскөйлікпен балта шаппақ болған бітіспес қас дұшпандарымыздың тап өздері екеніне қылдай да күмәніміз бомауы керек» деген темірдей ұран сөзді балалық періште көңіліммен имандай ұйып қабылдауым да ақыл-есімнен таза адасып қалмауыма септескендей ді. Ұлы жазушымыз Горькийдің «Егер де жау берілмесе, оны құртпақ болар» деген даналық ұлағаты тіптен сезік тудыртпаса керек ті. Олардың да жандәрмен өлермендікпен соншалықты қасарыса жүріп біздерге оңайлықпен беріле қоймасы да анық. Несі бар «құтырғаннан тезірек құталғанымыз абзал» деген айқын мақсат ұстағандай едік.

Бірде елден ерек құныстанып жүретін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дыбаковтың аштықтан әбден титықтаған бейбақпен оқыстан өткізген әңгімесінің тосын куәгері болғаным бар.

Аудандық партия конференциясына арнайы келген қалың нөпір басшылар тізбегі тас кірпішпен көмкеріле тегістелген ұзын жолмен теміржолшылар клубына бет алды. Қара сирақ өңкей шуылдақтар өзгеден алданыш табар қызық думан таппағандай улап-шулап соңдарынан шұбатыла ердік те отырдық.

Жол бойы аштықтан бұратылып жатқан көп кезбелердің бірінің жанынан өте берген хатшының оқыстан кілт тоқтай қалмасы бар ма. Абыр-дабырмен біздер не болып, не қойғанын айқын аңғарып та болғанымыз жоқ. Тек құр қу сүйегі ілмиген соры бес елі бір бейбақ басының хатшы гүрзі етігінің жуан табаны астында жаншылып жатқанын байқап үлгердік.

– Басеке, құлақ кесті құлыңдай өршелене шүйлігіп, онсыз да аштықтан есі ауып, бірінің етін бірі жейтұғын халге жеткен біздерді осыншама өшіге қорлауыңа жол болсын, қызыл көз содырлықтан арылар кезің болды ғой. Тәубеңе келіп, сабаңа түссеңші. Аз да болса адамша тілдессек жөн болар еді – деді қу сүйектері арсиған қорғансыз жан өзіне тән сабырлы қалыпта.

Айнала құлаққа ұрған танадай тыныштық орнап, тек алыстан жатаған үйлер маңында дыңғырлата ойналған балалайка үні еміс-еміс естіледі.

– Кең дүниені жалпағынан басқан сендей тас жүректің жөн жосықсыз езеурей есіргеніне жол болсын. Қазір де бұ дүниенің не бір жан төзгісіз қорлық-зорлығына көндігіп келе жатқан шарадай басымның зілдей күрзі етік табаныңның астында мыж-мыж езгіленген сиқы мынау. Аштық тауқыметінен тұралап жер жастанып жатқан мүскіндердің шаш ал десе бас алатын сендей әпербақандардан көрген құқайы аз емес болар. Елді бір шыбықпен айдайтын сендей имансыз қараулардың біздей аш-жалаңаш шұбырындылардан ат тонын ала қашатындарын қайтерсің!!! Соншалықты қылмысты күнәһарың боларлықтай біздей шерменделерден ала алмай жүрген қандай ғана аталарыңның құны қалып еді. Кімнің қанын мойынымызға жүктеппіз? Соның ақ-қарасын өзіңнен естудің сәті енді түскендей ме өзі…

Тап сол сәтте Дыбаковтың күжірейген желкесінен олпы-солпы күйінде былғары сөмкесі үнемі түймеленбестен аса бір сақтықпен жүретін жымы бір Губанов жылтың ете қалды.

– Өшір үніңді, үнің өшкір нақұрыс! Жап аузыңды, иттің ғана баласы!

Басы мыжғыланып жерде дүңкиіп жатқан қорғансыз жан тісін шықырлата қайрап, кекті сұсымен көкжалдана айбат шеккендей болды.

Дыбаков қолын оңды-солды мән-мағынасыз сермеген ашулы қалпында Губановты өзінен әрі қарай итеріп жіберді.

– Байқаймын жағы мен тіліне сүйенгендердің бірінен болдың ғой. Несі бар, сөйлессек сөйлесейік. Жаныңды жегідей жеген сұрақтарыңның тиегін ағыта бер, тоқ етер түйінді жауабын қазір ақ айтып берейін.

– Ақтық демім таусылар соңғы сағаттарымның жақындап қалғанын көріп те, байқап та тұрсың ғой. Өзекті жанға түптің түбі бір өлім бұйырған ғой, тек сөз бұйдаға салмастан ақиқатын айтшы, дос түгіл дұшпаныңа тілемейтін осыншама қорлық пен зорлық жағдайға ұшырап, қан жылаған бейшара күйге түсуімнің себебін өз аузыңнан естігім келеді… Сондағы бар жазығым – көзіңнің жауын алған сырты түк, іші боқ екі жылқымның болғаны үшін бе?

– Иә, тамыршыдай дөп бастың ғой білгішім, тап сол өзің айтқан себептерден болса керек, – деп мысқылдай жауап қатты жымысқы Дыбаков.

– Дөң айбат шегуіңді тежер емессің ғой, көріңде өкіргір имансыз! Хайуаннан бетер мейірімсіз аяр, қанішер сұмның нақ өзі екенсің ғой…

– Жап аузыңды! – кіжінеген Губанов тағы да өңмеңдей ұмтылды.

Дыбаков оны бар күшін сала қағып жіберді.

– Құйма шойындарының зіл батпан жұмысына қара нардай жегілген жоқ-жітік жарлы-жақыбай, жұмысшы шаруаларға қолыңдағы азық-түлігіңмен жәрдемдессең нең кетер еді?

– Немене, сонда оларды тайлы тұяғына дейін жарылқа, ал өзің өлмесең өміре қап дегің келе ме? Жел сөзбен күн үзақ мән-мағынасыз, жөн-жосықсыз даурыға бас қосудан бір жалықпайтын сендердің тат басқан темір-терсектерің маған ас бола ма?

– Түріңе қарамастан сынып-мінеп, кекетіп-мұқатудан әсте жаңылар емессің ә, сұмырай! Сол темір шойынның колхоз құрылысына ауадай қажет екенін білмейтін көрсоқыр нақұрыстың нақ өзі екенсің ғой? Күн-түн деместен ертеңгі жарқын болашағымыз үшін тынымсыз тырыштана еңбектеніп жүрген аш-жалаңаш жұмысшыларды өз ықтиярыңмен азық-түлікпен қамтамасыз етуден қасақана бас тартқаныңды ендігі өтірік деп айта алмассың? Тек мәймөңкелемей шыныңды айтшы, барша кедей-кепшік, жарлы-жақыбай жапа тармағай өлермендене ұмтылып жатқан колхозымыздың қатардағы бір мүшесі болуға деген ықылас-ниет танытпауың қандай әумесерлігің екен?

– Жоқ, жоқ, имандай шыным, бір мысқыл өтірік айтқан болсам тап осы жерде құдайдың қарғысынан табанда сеспей қатайын, сол құрғырың түсім түгіл ойыма да келмепті.

– Сонда не, сенің саналы түрде қоғам ісінен бой тасалап, мемлекетіміздің саясатына қасақана сына қаққың келгені ме, жауыз неме?

– Кісіліктен таза жұрдай көкезу шолақ ойлы белсендінің тап өзі болмасаң нетті. Біле білсеңіз, жер басып жүрген әрбір жұмыр басты пенде атаулы үшін жеке басының азаттығы, отбасы бақыты, ағайын-туысқан, ел-жұрт амандығынан асқан қандай құдырет бар десеңізші? Әулет амандығы жолында құдайдың өзі бұйыртқан ақ адал дәулеттен бас тартып, адами қасиеттерімізге кір жұқтырмастан қандай да болмасын қауіп-қатер, зорлық-зобалаңға бас тігуге әзір екенімізді ұғынатын уақытыңыз болды емес пе?

– Әй, найсап, тақ-тақ етіп тақылдамай тізгініңді тарта сөйлесеңші! Одан да мәселенің мәнісі соншалықты езеуреген бас еркіндігі мен азаттығында емес, көздің құртындай болған жеке меншік малыңа, жалт-жұлт еткен дүние-мүлкіңе келіп тіреліп тұрғанын мойындасаң нетті. Қазіргі жасампаз қоғамның бел омыртқа ұйытқысына айналып отырған ортақшыл кедей-кепшіктің игілігі үшін ойланбастан бүтіндей бас тартып, құрбандыққа шалар мал-мүлкімді аядым десеңші! Етектен тартатын ежелгі жаулығыма бастым десеңші. Бейнеті мол маңдай теріммен тапқан байлығымды көлденең көк аттының қанжығасына тегіннен тегін байлай салуға саналы түрде қарсылық танытып отырмын демексің ғой. Жә, жетер енді, жеке меншік мал-мүлкіңді совет билігінен аяйтының айдан анық қой, солай емес пе?

Зәрін төге омыраулаған аяр мінезді тас жүрек хатшымен тәжікелесудің мағынасыздығын кеш те болса ұғынған бейбақ ұнжұрғасы түскен шарасыз күйде бәріне де лажсыз көндіккендей болды.

– Сендерге керегі өмір бойы адал еңбегіммен тапқан малым, дүние-мүлкім болса, алатындарыңды алыңдар да жаныма таныштық беріңдерші, өлсек те өз жөнімізбен өлейік те – деді ол кіжінеп.

– Тек сөз бұйдаға салмастан ашығына көшейікші. Тап жауы ретінде бар жиған-тергеніңнен, мал-мүлкіңнен жұрдай айырып, таз қалпына түсірген мына біздің болшевиктік билікті кешіре алар ма едің? Күні ертең әлде қандай зауалды шақ туа қалса, кеткен кегіңді алуға ойланбастан өршелене ұмтылатының анық қой? Солай ма, сұмырай?

– Оның анық-қанығын кім болжағандай, бір құдайдың өзі болмаса, итім біліп пе!

– Міне, біз де кесіп пішіп тоқ етер түйінін айта алмаспыз. Мына біздің орнымызда тап өзің болғанда не айла амал табар едің? Қойныңа қастықпен тыққан өткір айбалтаңды ала жүгіретінің еш күмән тудырмайды? Солай ма, қалай өзі? Неге үн түнсіз қалдың, ә? Бұған қарсы айтар уәжің, берер жауабыңның бомағаны ма? Онда қымбаттым, кездескенше дін аман-сау болыңыз, көріскенше күн жақсы болсын!

Дыбаков еңсе басар сұсты сұрақтарымен әбден есін тандырған бейбақтың құлақ шекесінен зілдене езгілеген аяғын алған бетінде әрі қарай ойқастай жөнелді. Оның соңын ала өзге белсенділер де үдере ілесті.

Бас сүйегі мыжғыланып қан жоса болған жансебіл адамдық қайсар мінезі мұқалмаған күш-жігерін танытқан қаз-қалпында өзіне қызықтай қараған қайырымы жоқ біздей қара борбай бала-шағаның алдында міз бақпастан ұзақтан ұзақ сұлайып жатты. Ал қызық қуып шуылдаған қалың нөпір шитіктер өлмелі халдегі «тап жауына» аса бір жеккөрініштегі өшпенділік сезімдерімен жиіркене қарап, қарғыс жаудырған безбүйрек қалыптарынан бір танған емес.

«Өлімсіреген түріңді ұрайын, құрып қалғыр сол. Бір емес, бақандай екі бас малы болған екен ғой кедей-кепшікті сүліктей сорған қанішердің! Сол сырты түк, іші боқ малымен мал болып, біздерді бітіспес ата жауыңдай танып, көрместей болып келгенін қарасаңшы? «Егер жау берілмесе…». Дыбаковтың әлгі астамшыл антұрғырды ит терісін басына қаптап, тәубесіне келтіргені қандай дұрыс болған деп өзімізше мәз-мәйрамбыз. Дегенмен «бітіспес қас дұшпандарымызға» шектен шыққан әлеуметтік қиянат жасалып, асқан мейірімсіздікпен қоғамнан күштеп аластатылып, соншалықты имансыз қан қақсатудың ертелі кеш обал сауабы барын құдыретті бір күш іштей түйсіндіретін ді. Бір менің ғана емес, басқалардың да тап сондай аяушылық сезім күйінің бас асау жетегінде жүргеніне зәредей шүбәм болмайтын. Содан да болар кейбір есті дерлік қара сирақтар оларды жөн-жосықсыз келемеждеуден, мән-мағынасыз кекетуден бойларын аулақтау ұстайтын ды…

Үйге ентелей кірген бетімде ұзыннан ұзын жайылған аста-төк дастархандағы нанға қолымды өңмеңдей создым. Сол сәтте көз алдым қарауытып, шыр айналған шарайна дүние астан-кестен дөңгеленіп жүре берді: көзі ақиып, тісі ақсиып қайың қабығын жанталаса кемірген шерменделер, аза бойың қаза болар үрейлі дауысымен ышқына жантәсілім еткен бейкүнә жандар, қан құсып топалаң тигендей сұлап жатқан аш-жалаңаш шұбырындылар… Кеудемді запыран қысып, көзіме ыстық жас үйірілді. Тамырдағы қаным мұздап қалғандай болды.

Әдетте ақжарқын шешем бір мысқы зіл-батпаны жоқ бұртиған күйінде «Айналып қана кетейін, алтыным ау, саған тағар титтей де кінәм жоқ, қанша айтсам да шақшадай басыңа бір мысқыл ақыл кірер емес, бір құлағыңнан кіріп, бір құлағыңнан шығып жатқаны сендей ақпақұлақтың» деп кейитін ді маған. Тап қазір де сол үйреншікті айқайына басып, «тойынайын деген екенсіңдер, «семіздікті қой ғана көтереді…» деп әдепкі мақамына көшкен ді.

Анығы, тойынған бір мен ғана емес сияқты едім. Қашанда ақыл пен парасатқа, кісік пен қайырымға шақыратын шешемнің сол бір қиқуы кіші бауырыма да қатысты болатын.

– Әй, жүгірмектер ай, таза тойынайын деген екенсіңдер! О заман да бұ заман, «көже ішпейміз, картоп жемейміз» деп кекірейетінді шығаруларыңа жөн болсын! Шел басқан көздеріңді ашып жан-жақтарыңа дұрыстап қарасаңдаршы, көше көшені кезген аш-жалаңаш шұбырынды тіленшілер бір тілім қара нанға зар болып қан құсып жатса…

«Ананас же, шіл етін шайна тамсана, Опасыз буржуй, тал қармай алмай, Кетпексің сен де қайранға» деген тақпақ оқығаным бар ды. Десе де мен бірден аштық жариялап, тамақтан түбегейлі бас тарту сынды жүрек жұтқан нар тәуекелге бел байлап бара аламады. Көз алдымда аштықтан бұратылған мүскіндердің сұрықсыз тұрпаттары кесе көлденеңдеп тұрып алғанымен, күнделікті аста-төк ас-ауқатпен тыңқия тоятын қара басымның дәмді де шұрайлы тағамдардан бірден бас тарта алмағаны шындық. Өзімше тамақтанудан бұлдана бас тартқандай сыңай танытпақ ниетте болсам да, шешемнің қас-қабағына қарауға мәжбүрмін. Кім білген, содан да болар бұдан кейінгі күнделікті ауқаттануым әдепкі қалпымен дөңгеленіп жүре бергені…

Міне, менің алмағайып дәуірмен тұспа-тұс келген балалық шақ өмірімдегі жан әлемімді теңіздей толқытқан жойқын тебіреніс пен ғаламат толғаныс сол бір тосын оқиғадан басталған-ды…

Меніңше, ар-ождан сынды аса қасиетті асыл сезім аш құрсақ адамдарға қарағанда қарыны тоқ, көйлегі көк қайғы-мұңсыз жандардың тұла бойында ерекше болмыстағы жарық нұрымен барынша ап анық сәулеленіп тұратын тәрізді. Аш өзегін жалғар бір тілім қара нан мен қара су үшін барын салып жанталасқан жансебіл ғаріптің жеке басының қамын көбірек күйттеп, ақылға ырық бермес өзімшілдікке ұрынуы табиғи заңдылық та болар. Қалай дегенмен де тоқ адамның жан-жағына алаңсыз көз салып, жоқшылық пен тапшылық қысқан қаймана мүскіндердің хал-жағдайына қам көңілмен қарау, қайырым-ықсанмен қол ұшын беру мүмкіндігі шексіз болып көрінеді.

Молынан жайылған аста-төк дастарханнан тұрар тұрмас бетімде санамды жойқын бір ой тілгілеп өткендей көрінді. «Вокзал алаңындағы ыңыршағы шыққан шерлі жандардың осыншама қарғыс атқыр зауалға ұшырауы… мына қайырымы жоқ қамсыз қара сирақтың… «бөле жемей, өле жеген» астамшыл қараулығының ауыр салдары емес пе екен» деген жанымды жегідей жеген қалың ойлар маза бермей ақ қойғаны.

«Қайың қабығын кеміріп, қан құсып жатқан аш-жалаңаш мүскіндер совет өкіметінің бір кездегі ұзақ жылдар бойы өліспей беріспеген ата жаулары екені әмбеге аян! Сен болсаң осынау қылдай рақымы жоқ қайырымсыз қас дұшпандарымызға аяушылық сезіміңді білдірудесің…». «Егер жау берілмесе… оны тұп-тұқиянымен түпкілікті құртып, зәузат-жұрағатымен біржолата жоймақ болар!». Ал сол аса қайырымсыз қаталдықпен «құртып-жоюдың» құйқа шымырлатар ұр да жық жойқын науқандар барысы көзі шатынаған бас сүйек, тістері ақсиып аузынан жыны аққан жұмыр басты пенденің жазықсыз төгілген қаны, нақақтан нақақ аққан көз жасымен суарылып жатқан болса ше? Иә, көздің жасы қан сорғалар өксікті шындықпен бетпе-бет келіп, шіміркпестен тіке қарауға дәтің жетпестен жүрегің сыздары анық.

Іштегі сырын ақтара бермейтін томаға тұйық мінезді әкем аса бір сабырлы қалпында бірде аштықтан барша тұрғандары, тіптен біле білсеңіз емшектегі баласына дейін қынадай қырылып қалған тұтас аймақтардың бар екенін күйіне айтқаны бар… Әрине ұяттан таза безінген имансыз тас жүрек, ар-ұжданнан мақұрым дінсіз хайуанның нақ өзі болмасаң оларға қарата «Егер жау берілмесе…» деп зәріңді төгіп зілдене ғайбаттап, жөн жосықсыз әкіреңдеп сес көрсете алмайсың ғой…

Иә, мен не ішіп, не жеймін деп бас қатырып, балтыр сыздамайтын аста-төк молшылыққа малынған мамыражай күйдегі қам-қаракетсіз өміріне шүкіршілікпен қарайтын қайғысыз жанның бірі едім. Асылы, тоқшылықтың буына мастанған мына менің алаңсыз ішіп-жеп, аяқтай қарынымды тыңқита тойдыруым…иә, иә… біле білсеңіз кем дегенде аш-жалаңаш жұмыр басты бес бейбақты өлім тырнағынан алып қалуға жарар еді ау!!!. Ас ішіп, аяқ босатқанға мәз болған мына пақырыңыз осы уақытқа дейін арыстай бес адамды ажал аранынан арашалап қалуға еш әрекет пен пәрмен жасамай, олардың есіл өмірлерін өшірумен болыпты ғой… Қылдай жазығы жоқ небір аяулы да асыл жандардың қанша басын жұттым екен десеңізші? Тек шешілмеген жұмбақ түйіні мынаған саятындай. Ажал құшып жер жастанып жатқандар – бітіспес қас дұшпанымыз қатарынан ба әлде мәңгілікке беймәлім болып қалған жаныма жақын тұтар жанашыр жора-жолдас пен сертке адал достар санатынан ба екен?…

«Олар біздің бітіспес ата жауымыз, қас дұшпанымыз. Сондықтан оларға ешқандай да аяушылық, кешірім болмауға тиіс» деп өңешіміз үзіле жер мен көкті дабырлата айқайлап өлермендене ұрандап жүргеніміз мынау. Олардың біздерге соншалықты жеккөрінішпен өршілене кектенетін күйден кеткендері қашан!? «Қас дұшпанымыздың нақ өзі» деп тайлы тұяғымыз қалмастан өрекпіп жүргендеріміз қайың қабығын кеміріп, өлместің күнін көріп жүрген анау бір аш өзек мүскіндер ме? Иә, кезінде анау айтқандай өліспей беріспеген күмәнсіз жауымыз болған да шығар. Алайда тап қазір аштықтан әбден титықтаған, тіптен өлеусіреген дауысын шығаруға дәрменсіз халде қан жұтқан бейшаралардың қастық пен дұшпандық туралы ойлауға мұршалары келе қояр ма екен десеңізші…

Шақшадай басымды жан жабырқатар тұманды ойлар қаншалықты тұмшаласа да түскі асымды ешкіммен бөліспестен бір өзім соншалықты құныға ішіп-жеп тауысқаным ай… Ол аз десеңіз күніне үш мезгіл тыңқия тойып тамақтанатыным тағы бар…

Қалың ұйқы құшағында қамсыз жатқан мен бірде таңға жақын оқыстан оянып кеттім. Десе де қорқынышты да үрейлі түстен шошып оянбағаным айқын.

Сонадайдан станция маңындағы шойын жолдарды орағыта өткен паравоз үні еміс-еміс естіледі. Көктем шыға ерте келген сары шымшықтар жөке ағаштарына қонақтауда. Бұлбұл құстай құйқылжыта төгілтуге қарымы жетпесе де соңғы күшін салып өзінше тырыштанып жатқан қараторғайдың толассыз тіршілігі де табиғатқа сән бергендей. Қалың ағашы көз тұндырар орман жақтан көкек құс өз атын шақырады. «Көкек, көкек, ау көкек! Мына алдыңыздағы қара сирақ пақырыңыздың пешенесіне қанша жыл өмір сүру жазылғанын білсе болар ма екен?». Көкек дауысы да барынша сирей түскендей ме…

Мұның бәрі бейдауа өмірдің қатыгез шырмауына маталған бейуақ мекеннен сәл ғана жырақтау жерде болып жатқан жанға жайлы толассыз табиғат тіршілігінің әсем үйлесімдегі қайталанбас тоғысы іспеттес еді. Тәтті ұйқымның кенеттен шырт үзілген сол бір ғажайып сәттерінде мынау жарық дүниеде Володька Тенков сияқты жұмыр басты пенденің жер басып жүргеніне тура он жыл болғанына шаттана қуанғаным-ай сонда. Біле білсеңіз, күн шуағын төккен нұрлы өміріңде жер басып жүргеніңнің өзі керемет бақыт емес пе!

«Көкек! Ау, көкек, мен қанша жыл ғұмыр сүрмекпін?… Ку-ку! Ку-ку! Ку-ку!..». Аты жоқ құс та соншалықты бір шүлен таратқандай шексіз жомарт еді-ау…

Осы мезетте көшеміздің сонау бір қияндағы шетінен адам жаны шошырлық жойқын дыбыс даланы жаңғыртып жатты. Қалың ұйқы құшағында қам-қарекетсіз мүлгіген ауыл тыныштығын бұза-жара тозығы жеткен арба үнінің үрейлі дыбысы жер жарар сұсты үрейін төккен қалпында жақындап та қалды. Таң атар атпастан жау шапқандай суыт жүрісімен аттандап жорта асыққан кім болды екен? Арық-тұрақ атын жанұшыра қамшының астына алып төпелеткен қалпында езеурей қайда асықты десеңізші?

Кенеттен сұрапыл да жойқын ойдан есімді бірден жинап алғандай болдым. Иә, ендігі беймәлім жұмбақ іспеттес істің барысы айқын әрі түсінікті болғандай! Иә, таң атар атпастан станцияға атойлап келетін жаналғыш поезд туралы барша тұрғындар толығымен құлағдар болатын-ды. Ол аз десеңіз сол поезбен жағаласа жармаса тозығы шыққан арбасымен колхоз арбакеші Абрам ақсақал да «өлекселерді жинауға» асыға-аптыға шал құйрығына қамшысын басуда.

Вокзал маңындағы қайыңды алаңқайға ат тізгінін тартқан Абрам әр жерде қаз қатар ұзын-ырға сұлап жатқан бейбақтардың тірі не өлі екеніне көзін толығымен жеткізу үшін қолындағы қамшысымен болар болмас нұқып- нұқып қоятын ды. Жаны шығар шықпас жатқан жансебілдеріне жөн-жосықсыз шүйліге тиіспейтін, ал бақилық болғандарын еш асықпастан арбасына таза бір отқа жағар бөренедей қаз қатар қалап артатын ды.

Шайқалақтаған арба доңғалақтарының үрейлі шиқылы ұйқыдағы ауылдың есін жиғызғандай. Жан алғыш арба даусы жым-жырт тіршіліктің шырқын бұзып, өмір тынысын тарылтып жібергені соншалықты – көкте ұшқан құстың даусын естудің өзіне зар болғандайсың. Тап сол мезетте қалыпты тыныштық үйлесімінен де маза кеткендей… «Көкек! Ау, көкек, айтсаңшы енді! Мына алдыңыздағы пақырыңыздың пешенесіне жаратушымыз қанша жыл жер басып жүруді нәсіп еткен екен…». Таза пендешілік менмендікке салынып, соның анық-қанығын білмекке соншалықты ынта-шынтаммен дегбірсізденуімнің қаншалықты қажеттілігі бар екен десеңізші? Мынау жауар бұлттай түнерген қара түнек мейірімсіз әлемде ұзақ жыл ғұмыр кешуіңнің анау айтқандай рәуішті мән-мағынасы бола қояр екен? Тіптен еңсең езілер мұнартқан күндері ұзақ өмір сүруге деген құлшынысым шексіз әрі бек ғажайып болатын деп нық сеніммен айта аламын ба десеңізші?!

Оқыстан жауған ала құйын нөсерлеткен жауындай шатыр ішінен тосыннан ұшып шыққан торғайларың ал кеп төпеп берсін. Қатын-қалаштың ойбайлаған дауысы жер көкті басып, құлағыңды кернегендей болды.

– Үй шатырларын жөндейміз! Ағаш кесіп, отын дайындаймыз! Қора-қопсыны күл-қоқыстан тазалаймыз! Кез келген жұмыс түрлерін атқарамыз! – деп гүрілдеген жуан дауыс жапанды жаңғыртты.

Бұлар арқа еті арша, борбай етін борша болып күнделікті нәпақаларын тырыштана тауып жүрген әкелі балалы жер аударылып келген жандар болатын. Біздің әр күнгі атар таңымыздың мазасыз тыныс-тіршілігі олардың «күл-қоқыс тазартамыз» деген өлермендене шыққан жан айқайларынан басталатын-ды.

Иә, осындай жан құлазытар сұрықсыз күндердің бірінде «түскі асымды бір тілім қара нан мен қара суға мұқтаж бейбақтармен міндетті түрде бөлісуім керек» деген тастүйін шешімге келдім. Оған өз өзімді күштеп міндеттегендей бойымдағы бар жігерімді жанып, намысымды қайрай түстім. «Нағыз азаматқа тән өте орынды батыл шешім делік. Алайда бір үзім нанды кіммен, қандай адаммен бөліспекпін» деген қалың ой мазамды алумен болды… «Аштықтан жүдеп-жадаған ең, ең деген аш құрсақ мүскініңіз нағыз қас жауымыздың нақ өзі болған күннің өзінде… оларды бөле-жармастан ішкен-жеген тағамдарыммен міндетті түрде шама шарқымша бөлісуім керек» деген күрмеулі ой санамнан шықпай қойғаны… Ал сол өлім халіндегі ең ашыққан мүскінді қаптаған жүдеу жадау, аш арық қалың нөпір ішінен қалай ажыратып алмақпын? Аштық аранына жұтылуға шақ қалған қаймана пенденің атын атап, түсін қалай түстемекпін? Бір қарағанда бұның өзі жан қиналарлықтай аса қиын шаруа еместей болып көрінетін ді.

«Анау бір үрей тудырар қайыңды алаңға тезірек жетіп, алғаш кездескен бейбаққа ойланбастан ақ өзек жалғар азын аулақ азықпен дер кезінде жәрдемдескенім жөн болар ау». Осындай талмауыт мәселеде қателесуім яки тіптен жаза басуыма болмайтынын барынша пысықтап, оның міндетті түрде қалтқысыз орындалу қажеттілігін іштей кесімді үкімдей қабылдадым. Өйткені ондағылардың барлығы дерлік басы бүтін ең, ең.. аш арық өлім аузындағы қорғансыз қаймана жандар ғой. Иә, иә, басқаша болуы да мүмкін емес тін?!. Солардың бірі болмаса біріне шама-шарқымша көмек қолын созғаныммен, қайыр-ықсанға зәру өзге де мүсәпірлерді таза ескерусіз қалдырғаныма жол болсын! Сонда бір бейбақты бармақтай баққа бөлегеніммен, қалған он мүскінге бір мысқыл қайыр-шапағытым тимесе не болғаны? Кісілігім қайда? Онсыз да осынау бейдауа өмірде қасірет торлаған көңілдеріне қаяу түсіріп алмаймын ба? «Ақыл алтау, ой жетеу» болған сана сорабым жанымды жегідей жеумен болды. Асылы бұл жерде пенделік өкпе-реніш туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін еместігін, тіптен өктем де үстем қиянатпен жөн жосықсыз жәбірленудің құны ешнәрсемен өлшенбейтінін сіз білсеңіз ғой?! Оның құны… аштық пен жоқшылықтың қанды аузы аяусыз жалмаған ит өлім болмақ!!! Біле білсеңіз ажал алқымнан алған аш-жалаңаш мүскіндерді…иә, иә, тап сол жаналғыш Әзірейілдей болған атқосшы Абрам шал арбасына арам қатқан малша қаз қатар тиеп әкетпекші ғой.

Қажетті көмекке аса зәру аш арық шұбырындылар сенің тек қана мейір шуағын төккен көңіл қошыңның қалауымен басы бүтін келісе қояр ма екен десеңізші?

Әрине ол кездегі менің балауса балғын ойлау машығым бақандай 36 жыл әп сәтте зулап өте шыққан қазіргі ақыл тоқтатқан кезімдегідей өткен күндердің бұлыңғыр елесін бейнелі сөзбен келістіре отырып ақ қағаздың бетіне шашауын кетірместен мөлдірете түсірердей өреде емес тін. Тас бауыр қоғамнан зорлық-зомбылықпен күштеп аласталған жандарға көмек қолын созуда сол кездері маған салиқалы ойлану, парасатпен толғану қасиеттері тән еді десем шындыққа қиянат жасаған болар едім. Дұрысы өзім көзіммен көріп, жан тәніммен сезінген жұмыр басты аш жалаңаш пенделерге төнген қауіп-қатерді тек төрт аяқты хайуандарша табиғи түйсікпен ұғыну ғана тән еді. Содан да болар бір үзім қара нанға аса мұқтаж мүскіндерге қал қадірімше жәрдемдесуім жұмбақ күйде жүзеге асуы керектігін іштей түйсінгендей болдым. Оларға қолымнан келгенше ұсынатын азын аулақ азық түлікті шам шарқымша жинастыру барысын қулығына құрық бойламайтын әккі ұры-қаралардай жүз рет пішіп, бір рет кесетіндей тереңнен ойластыру керектігін ұғынғандай едім. Сөйтіп көмекке мұқтаж жандарға ұсынар өзек жалғар тамақты барынша құпия түрде жинастырып, күн ілгері қамданып отыруым сауапты іс болмақ деген шешімге келдім.

Әдетте дастарханға жайылған таңертеңгілік асты жау қуғандай апыл-ғұпыл асыға жәукемдеуге бейімдеу болатынмын. Бұл жолы сол қалпымнан бас тартып, бұйырған дәмді асықпастан «сіңіруге» кірістім. Ол өз «нәтижесін» берді де. Содан үнемделген үш тілім нан, қағазға бүктелген тары ботқасын және шақпа қант кесегін жалма жан қалтама сүңгітіп үлгердім. Тапа тал түсте ұрлыққа аттанған аңғал жандай нар тәуекел іске белімді бекем буып, асыға-аптыға құнжың қағып үйден атып шықтым. Басты мақсатым көше көшені кезіп жүрген ақ табан щұбырынды аш-жалаңаш бейбақтарды құтқару еді.

Ә дегенде ақ қаңғалақтап жүрген сыныптасым Пашка Быковты жолықтырмасым бар ма?! Бір көше тұрғындары бола тұра бір бірімізге кереметтей ақжарқын достық пейіл таныта қоймайтынбыз. Содан да болар оқыстан шекісіп қалудан қашқақтайтынбыз. Жүдеу-жадау Пашканың құдайдың құтты күні үнемі аш құрсақ жүретінен жақсы білетінмін. Жоқшылық тұралатқан Быковтар отбасында ұлардай шулаған бақандай жеті жан бар. Олардың бәрі дерлік темір жолда тіркеуші болып жұмыс істейтін әкелеріне ауыздарын ашып, жұмыс карточкасына берілетін азын-аулақ тамақпен өлместің күнін көретін-ді. Алайда менің тап сол Пашкамен бір тілім нанымды бөлісуге зауқым еш соқпады. Өйткені ол менің тұнық тұма көңіл пайымымдағы ең, ең… аш құрсақ мүскіннің нақы өзі еместей болып көрінді.

Жолшыбай орман жиегіндегі шөп-шалам, қабық-жаңқаларды теріп, оларды кептіріп те қақтырып, қайнатып та бұқтырып талғажау етіп жанкештілік танытып жүрген кезбе кемпір Обноскованы кезіктірдім. Осындай жалғыз басты өлмелі кемпірлердің бәрі баяғыда ақ тырапай асқан… Оған еш қарайламастан әрі бір тілім нан татырмастан әрі қарай жүре бердім.

Қасымнан күс-күс сирағына кір-кір жіппен шимайлай байланған галошын ілген Борис Исаакович Зильбербрунер ілмиген қалпында сүйретіле өтті. Бұл мүсәпірді сәл де болса ертерек ұшырастырғанымда мүмкін менің түсінігімдегі ең, ең… аш адам осы болар деген байламға келер ме едім, кім білген? Күні кеше ғана қу сүйегін әзер сүйреп, асхана алдында өткен-кеткеннен қайыр-садақа сұрап жалбырынып жүрген ол жанкештілігінің арқасында жағдайын аздап жақсартып алды. Сымнан балық аулайтын ілгек жасап өлмелі тіршілігіне қан жүгіртіп жанталасуда. Тәуба, ілгек өтеуіне тауық жұмыртқасын ұсынғандар да баршылық екен.

Жүйкем таза сыр бере бастаған кезде әйтеуір көзінен жасы сорғалап, оңды-солды сенделіп жүрген бір бейбақты жолықтырдым ау, әйтеуір. Басына запорожелік казак малақайын ілген кең жауырынды ол жүрген сайын ентіге тәлтіректеп, шатқаяқтаған аяғын әзер басады. Мүмкін ол менің ала құйын көңіліммен үздіксіз аласұра іздеп, жедел көмек қолын ұсынсам деген ең, ең аш-жалаңаш қан құсқан адамым емес те шығар…Кім білген күн ұзақ сонар сенделе жүріп сандалуым осылай жалғаса берер ме еді… Міне, жойқын аштықтан әбден титықтап таза жүдеп-жадаған жұлым-жұлым өлмелі бір мүскінді жолықтырдым – ау ақыры.

– Ағатай…

Ол ауыр күрсінген күйінде өңменіңнен өтер өткір көзін сұқтана қадай шатқаяқтана тоқтады. Ісінген сұп-сұр беттердің ұсқынсыз сиқы адам баласын шошытып, құйқасын шымырлатады. Оның қан-сөлсіз тілім тілімі шыққан бетінен қорқыныштың, үміттің, күдіктің ешқандай нышанын аңғара алмайсыз…

Бейне бір жар астынан жау қуғандай жалма жан қалтама қолымды сүңгітіп жібердім де бір тілім нанды алып шықтым. Көктен шұға жауғандай тосын жарылқаудың тылсым құдыретті күшінен таза есеңгірегендей болған ол жансыздана бастаған күс-күс тарамыс қолымен ұсынылған нанды асып-саспастан алды.

– Рахмет, қарағым, өркенің өссін, құдайдан қайтсын – деді ол аса бір сабырлы ұстамдылық танытып.

Оның сыр алдырмас сырбаз мінезі мені өзіне еріксіз матап алғаны соншалық, жан дәрмен асыға аптыға барлық тамақты оның алдына жайып салғаным.

– Ертең…Қайыңды алаңқайға…талғажау етер азын-аулақ тамақ болса міндетті түрде ала келермін… деп міңгірлеген дауысыммен таудай уәдемді үйіп төктім де алды-артыма қарамастан безе жөнелдім. Тап сол сәтте қарыстай бойым қалтама тығындалған аз кем тағамдарды аш арық бейбаққа берген сәтте қалай жеңілдегендей болса, жан дүнием алапат күштей кернеген ар-ұжданның зіл батпан жүгінен арылғандай ерекше күйге бөленіп сала бергені…

Сол бір естен кетпес шуақты күні өзімді бақыт бесігінде тербелген ерекше көңіл-күйдегі жан ретінде сезіндім. Ар азабы сергелдеңінен бұлқынған беймаза жан әлемімнің асау толқыны тыншыққандай болды…

…Бұл жолғы жорығыма ала шыққан азық-түлік «қорым» барынша қомақтылау еді. Сегіз тілім нан, екі кесек ет, бұқтырылған картоп дегендей. Рас, оларды машақаты көп түрлі-түрлі жолдармен, әдіс айламенен «олжалағаным» да бар. Бірін шешемнің көзін ала мол дастарханның шетінен байқатпай жымқырсам, енді бірін аузымнан жырып сары майдай сақтаған болатынмын.

Қойны қонышыма аса мұқият күйде тығындалған тағамдарды зор медеу тұтып, үйреншікті болған алаңқайға жүрегім алабұрта ентіге жеттім. Тоқтап үлгергенім сол еді, өзіме жүзі бейтаныс ұзын тұра жанның тесірейе қарағанын сезгендей едім.

– Айналайын, құлыным, құлыншағым сол! Алдыңдағы құлақ кесті құлыңа алтын уақытыңды аз да болса бөлуіңді қиылып сұраймын!

Осынау жанға жайлы болғанымен, құлаққа түрпідей тиер оғаштау сөздер маған қарата айтылып жатты…

Жол бойын кесе-көлденеңдей бүйім жұртқа Отрыжка атымен мәлім тіленші әйел аса бір жалынышты үнімен қайыр-садақа сұрап тұр. Ол аштық титығына жетіп арса-арсасы шықан қу сүйек, аурудан жүдеп-жадаған шор аяқтар қатарынан емес-тін. Анығы дауасыз беймәлім дертке шалдығып, жарымжан болып қалған көп ғаріптің бірі дерсің. Оның шақшадай басы құнысқан үлкендеу денесімен еш үйлеспейтіндей болып көрінеді.

– Қарағым, алтыным менің, мына мендей мыжырайған мүсәпірге көз қиығыңды дұрыстап салшы. Бұрын-соңды тап осындай бейшара күйге түскен жарымжан ғаріпті көріп пе едіңіз? – деді аса бір жалынышты даусымен.

Ол маған қарай өңмеңдей түскенде шоқ басқандай ыршып түстім.

– Мен ауру-сырқау қажытқан, төрінен көрі жақын қорғансыз жанның бірімін, үйімде жан дегенде жалғыз ұлым бар… Тар құрсағымды жарып шыққан аяулы перзентіме деген шексіз аналық сүйіспеншіліктің бұлқынған сезім күші кез келген құрбандыққа баруға итермелейді екен. «Шықпа жаным шықпа» деп көзінен жас емес, қан ағып жүрген мына біздердің нанның дәмін сезінуден қалғаны қашан! Өлердегі жан сөзімді айтып, соншалықты қиылып сұрайтынымыз да сол бір тілім нан ғана ғой, қарағым! Оны өзің де еш айтқызбай ақ сезіп тұрған боларсың…

Ана бір «қу сүйек» пен «шор аяқтарға» деп тыққан-таянған азын аулақ нанның барын мына ғаріп қайдан біліп қойды деген күмәнді ойымды сан саққа жүгіртіп, есеңгіреп қалғаным ай. «Әйтсе де бұл жәйттің шет жағасын білетін әрі мені тағатсыздана күтіп жатқан жансебіл бейбақтың беймәлім Отрыжкаға ішкі сырын жайып салмасы анық қой» деп өз өзімді жұбатқандай болдым.

– Бет жүзіңнен ар-ұяты төгілген ақ жарқын мінезді мейірбан бала екенсің, айналдым! Өмір бойы басымды иіп, құлақ кесті құлың болып өтуге әзірмін! Тек бір тілім нан болса жетіп жатыр… Басқа ешнәрсенің де қажеті жоқ…

Мына жел айдаған қаңбақтай қаңғыған аш-арық кейуанаңыз менде өзек жалғар нанның барын қайдан ғана біле қойды екен деген ой маза бермей-ақ қойғаны… Мүмкін нанның әудем жердің өзінен-ақ мұрын жарар ерекше қош иісінен бе? Әлде аштық алқымынан алған бейбақтың қайтсем аман қаламын деген жанкештілігінен туған өлермендігі ме?

Тап сол мезетте бір мен емес, жүрегінде мейірім оты өшпеген өзге де қайырымды жандардың жер аударылып келген жазықсыз бейбақтардың аузына қал қадірінше су тамызып, бір тілім қара нанды риясыз көңілмен ұсынсам деген игі де ізгі ниеттері болғанын толық түсінбеген болатынмын…

Отрыжканың сол бір жүрек сыздатар жалынышты өтінішін ескерусіз қалдыру таза адамгершілікке жатпас та еді. Тек бұқтырылған картоп пен бір үзім нанды қалдырып, қалған тамақтың бәрін оның қолына басы бүтін ұстата салдым.

– Мен басқаларға да уәде беріп қойып едім дедім міңгірлеп ….

Алайда ебіл дебіл еңіреген Отрыжка болса картоп салынған ыдыстан өткір көзін еш алмастан:

– Сен білсең ғой…Біз түп тұқиынымызбен тұздай құрып барамыз! Тігерге тұяғымыз қалмастан таза жойылып бітуге таяндық! Жан дегенде жалғыз ұлыммен адам айтқысыз ауыр күйге түсіп, тоз-тозымыз шыққалы қашан!

Сай сүйегіңді сырқыратар сұрапыл сөздерден соң оған бұқтырылған картопты да еш ойланбастан ұсындым. Оны тоз тозы шыққан ескі-құсқы киіміне жалма жан сұға салысымен қолымда қалған соңғы бір үзім наннан көзін алмастан сұқтана қарағаны. – Шіркін-ай, «ұрыста тұрыс жоқ» дей ме, қалай өзі, өлсем де бір билеп өлейінші! – деп тәлтіректеген қалпында аяғын сүйрелеп алыстай берді…

Қолымда қалған жарым наннан көзімді алар алмастан қазықтай қатқан қалпымда ұзақтан ұзақ тұрдым. Нан тілімі де аса мардымсыз болатын… Күні кеше уәдеме иланған аш-жалаңаш бейбақтың күн ұзақ мені тағатсыздана тосатынын ойлағанда қара терге малынып кеттім. Енді міне оған бар болғаны бір тілім нан ғана ұсынып, таза масқара болмақпын ба? Одан да ұятқа қалмағаным жөн болар!…

Өзек өртер күйініштен те бе әлде тап сол сәтте аранымның алабөтен ашылғанынан ба қолымдағы нанды ашқарақтана қарбыта асағаным… Кенеттен нанның сондай бір тіл үйірерлік аса ғажайып дәмі және де…у қосылған ащы кермектей уытты әсері тұла бойымды шымырлатып жібергені. Бұдан соң күн ұзаққа сең соққандай жайсыз күйде дел-сал болып тұнжырап жүрдім. «Тек қана аш-жалаңаш адамға тиесілі алтынға бергісіз напақасын қалай ғана аузынан жырып алуға дәттім жетті? Соншалықты қараулықпен өңешімнен өткізуге дәтім барды екен деген» деген қалың ой санамды тілгілей жөнелді…

Таңертеңгілік ұйқыдан тұрар тұрмастан терезеге телміре көз салғанымда… денемнің суық су құйғандай мұздап сала бергені. Үй алдында өзіме етене таныс әбден ашыққан әне бір өлермен тіленші қалт-құлт етіп тұрған ды…

Бір жұтым асқа зәру аш-жалаңаш мүскін таңның атысы, күннің батысы, керек десеңіз бірнеше күн қатарынан ақтық демі таусылғанша қаққан қазықтай еш тапжылмастан тұра бермек. Ол еш күмән тудырмаса керек ті. Барар жері, басар тауы қалмаған мүскіндер асыққанымен қайда бармақ? Біле білсеңіз, сабыр сақтап міз бақпастан ұзақ сонар шыдамдылық танытудың өтеуі саф алтынға бергісіз бір тілім қара нан болмақ қой!!!

Анамның үйден сыртқа шығуын тағатсыздана күтіп, кезекті бір қолайлы сәтте жалма жан ас үйге тұра ұмтылдым. Таба наннан барынша молырақ кертіп алып, бірнеше картопты қалтама асығыс-үсігіс тоғыта сала сыртқа жүгіре жөнелдім…

Үстіме желбегей жамылған кең қолтық шекпеннің қалтасы да соншалықты сыйымды болатын. Оған бізің берекелі отбасымыздың бар жиған-терген не бір тәтті тағамдары, азық-түлігі тұтасымен сиып кетердей еді.

– Әй, балам ау, сайқал әйелдің аузынан шыққан мән-мағынасыз сөздеріне риясыз көңілмен әсте сене бермеу керек сияқты, біле білсең ол тігерге тұяғы жоқ, тілімен орақ орған нағыз екіжүзді найсаптың нақ өзі ғой.

Оның бүкпесіз айтылған ақ адал сөздеріне онсыз да иланғандай едім. – Отрыжканың қалай дегенмен мені алдап түсіргені аян, алайда жаныңды түршіктірер таза мүсәпірлік кейіптегі оған қол ұшын созбай тұруың әсте мүмкін емес ті.

– Бұл досың түгіл қас дұшпаныңа тілемейтін аласапыран заман болды ғой, ұлым. О заман да бұ заман жаратқанның ақ өліміне де тіленетін болдық қой…Әй, қилы кезең-ай, бейуақ уақыт-ай… – деген ол қарлыға демін алып, жол жиегімен аяғын сүйрете жылыстай берді…

– Әй, қилы кезең-ай, қилы дәуір-ай…

Жан әлемімді аяздай қарыған астан-кестен ойдан арыла алмаған дел-сал күйімде үйге бет бұрғаным сол еді, оқыстан шошына ыршып түскенім. Шашын таза тақырлатып алған бет жүзі жадау әкемнің алдымнан көсе көлденең шыға келгені.

Маған қарай бірер қадам адымдап, алыстан көзін алмастан баяу ғана үн қатты:

– Ұлым ау, оған қолыңдағы наныңнан бір үзім болса да бере алдың ба, қайттің өзі?

– Иә, иә, қолымдағы барын бергенім рас.

Әкем көзін тағы да алысқа қадады…

Менің асқар таудай әкеме деген перзенттік сүйіпеншілігім алабөттен болатын. Сондықтан әкемді әркез және әрқашан ерекше сезімде мақтан тұтатынмын!

Бүгіндері ұлы революция, азамат соғысы жайында не бір әсем де әсерлі өлеңдер айтылып, ғажайып та сиқырлы ертегілер шығарылуда. Асылы, сол өлеңдердің бәрі дерлік менің асыл әкеме арналып шығарылса керек!

Ол қанды қол патша билігі үшін мән мағынасыз соғысудан бас тартқан алғашқы солдаттардың қатарынан, халқын сатып патшаға жағынған шенқұмар содыр офицерлерді тұтқынға алған солдаттардың бірінен.

Әкеме Фин вокзалында Лениннің от жалынды құрыш сөздерін тыңдап, оның тас мүсін жансыз ескерткішін емес, броневик үстінде қасқайып тұрып сөйлеген өр тұлғасын көру жазыпты.

Азамат соғысы жылдарында 416 ревполкта комиссар болған әкемнің мойнында Колчак әскерімен болған ұрыстан қалған оқ жарықшасының тыртығы бар. Ерен ерлігі бағаланып, бағалы сыйлық ретінде атаулы күміс сағат та беріліпті. Сол алтынға бергісіз сағат кейіннен қолды болды, алайда оны өз қолыммен ұстау бақытына ие болғаным бар. Күміспен көмкерілген қақпағандағы «Революция жауларына қарсы жүргізілген қажырлы күресте қайсарлық көрсеткен батырлық ерен ерлігі үшін» деген жазуды мақтаныш сезіммен мағмұрлана оқыған болатынмын.

Менің болмысы бүтіндей бөлек жаратылған әкеме деген перзенттік құрметім алабөтен шексіз ді. Оның тас түйін қалыптағы кейпінен кей-кейде өз өзімнен үрейлене сескенетінім де бар. Міне, қазір де сәл үнсіздіктен соң «Барша саналы ғұмырымды революция жауларымен аяусыз күресуге арнаумен келем, ал сен болсаң жарлы-жақыбай, кедей-кепшікті құлша жаншып келген оларға ақ адал асыңды аузыңнан жырып беріп, тайлы таяғын қалдырмастан жарылқамақсың ғой. Әй, Володька ұлым-ай, осы сен таза сатқындық жасап, бірыңғай опасыз оспадарлыққа салынып отырған жоқсың ба?» деп кесіп айтар деген күдік те кесе көлденеңдеп тұрып алғаны. Алайда әкем өзіне ғана тән асқан ұстамдылықпен:

– Тап сол бір аш арықты көздегенің қалай болғаны?

– Әй, байқаймысың мынауың бері бұрылды ғой…

– Басқалары да жапа тармағай қолдарын созып, тайлы тұяғы қалмастан өлермендене қайыр ықсан сұраса, не істемексің?

– Тығырықтан шығар жолың қандай болмақ, соны ойластырдың ба, батырым?

– Б-б-білмедім, мүмкін барымен базар деген, өзімде барын берермін, барынша бөлісуге тырысармын…

– Ұлым-ау, барлығын жаппай жарылқауға, тегіс ас-сумен қамтамасыз етуге біздің шама-шарқымыз келер қоя ма екен?

Мен шарасыз күйімді танытқанымдай еш үндеместен жерге қарадым…

– Олардың бәріне дерлік көмектесуге тап қазір еліміздің мүмкіндігі келе қоймас. Шай қасығымен түпсіз терең теңіз суын түгесе алмасың анық қой, ұлым. – Әкем иығымнан ұстаған қалпында «бара ғой, балам, бар, ойыныңнан қалма» деді баяу ғана қоңыр дауысымен.

Иә, жүдеу-жадау күреңіткен жүзі аз кем таныс сол бір ашыққан бейбақтың үйіміздің алдында еш тапжылмастан ұзақ сонар тұрып алғаны. Үнжырғасы түскен ұсқынсыз кейіптегі ол қазған қазықтай таңның атысы, күннің батысы міз бақпастан тұрудан әсте жалыққан емес. Оның адам үрейін алар қан сөлсіз сынық жүзіне қарамауға тырысып ақ бақтым. Алайда мұндай ұзақ сонар арбасуларда үнемі сол бір жанкешті жанның мысы басып, мерейі үстем түсіп жататын ды. Содан да болар оған үнемі бүйрегім бұрып, қол ұшын созуға пейіл танытып жүргенім…Оның қанағатшыл кісілік болмысы да жүрегімді елжіреткендей болатын.

Бірде бір тілім наным мен ысталған балығымды ала оның алдынан ентіге жүгіріп шықтым. Ол әдепкідей тек өзіне ғана тиесілі үлесін алған қалпында баяу жылыстап көзден тасаланды. Бірде оған дастарханнан жасыра жымқырған кезекті азын-аулақ тағамдарды ала шыққанымда, үй шарбағы жанындағы шаңдауыт жерде темір жолшы шинелін жамылған тағы бір аш құрсақ мүскіннің сіресіп жатқанын байқадым. Ол қотыр басқан күс-күс басын көтерер-көтерместен ыңырсынып, аянышты даусымен:

– Ұл-ым, ұлым ау, өл-іп ба-ра-мын! – деді.

Оның бірнеше күн нәр татпастан ашыққан жан шошырлық мүшкіл халіне қарауға дәтім шыдамастан ысталған балықты ойланбастан басы бүтін қолына ұстаттым.

Ертеңінде таң атар атпастан біздің үйдің шарбағы түбінде… аштықтан әбден титықтаған бақандай бес бейбақтың ұзыннан ұзын сұлап жатқанын байқадым. Олардың жан шошытарлық сықпыттарынан үрейленгенім соншалықты, үйден асығыс-үсігіс құр қол шыққаныма қалай ақталарымды білмей дел сал күйге түскенім…

Аузы арандай ашылған бес бірдей аш-жалаңаш мүскінді өзіме тиесілі таңертеңгілік аспен, тіптен түстікпен де толықтай жарылқай алмасың анық. Мына біздерді асқар таудай пана тұтып келген оларға аяулы анамның жиған-терген ақ адал азық-түлік қоры да тегіс жетпесі бесенеден белгілі.

Үйден менімен жағаласа жармаса шыққан тетелес бауырым шарбақ түбіне ошарлана жиналған «шақырылмаған» беймезгіл қонақтарды көруге жедел жүгіре жөнелді де көтеріңкі дауысымен айқайлап:

– Ал керек болса, тағы бір жүдеу-жадау өлмелі аш-арық біздің Володьканы пана тұтып келіп қалыпты ғой, қараңыздаршы тезірек, қарасаңдаршы! – деді.

Шешей болса күйіп-піскен қалпында «Тапқан екен тегіннен тегін жатқан батпан құйрықты, тап бізді алабөтен бай-бағылан көреді-ау, тегі. Ауыздарына жылы-жұмсақтың бәрін тосып, дәндеткен екенсің арамтамақтарды!» деп дүрсе қоя берді.

Қаншалықты жерден алып жерге салып жекіргенімен де қорғансыз бейбақтарды тырқырата қуып жіберуге жаны жібек аяулы анамның дәті бармасы анық ты. Кәріп күйдегі қалың нөпір жанынан әкем де тұнжырай өтті. Маған жөн-жосықсыз кінә тағатындай қыңыр мінез көрсеткені жоқ…

– Әй, түбің түскір жүгірмек, міне, құмыра, тезірек бар да асханадан квас алып келші – деді анам маған бұйыра сөйлеп.

Шыны құмыраны қолыма ұстай салысымен асханаға қарай жүгіре жөнелдім. Көздерін сұқтана қадаған аш-жалаңаш өлермен бейбақтарға көрінер-көрінбестен шарбақ арасымен жылыстаған қалпымда еш қиындықсыз өте шықтым.

Аса дәмді наннан жасалған нағыз бабындағы квасқа сұраныс жоғары болғандықтан, арнайы тізіммен ғана берілетін ді. Асханада оны-мұны қызықтап, ұзағырақ айналшықтап жүріп алғандықтан, үйге қайтатын уақытымның болғанын сезбей қалыппын.

Сыртқа аса бір сақтықпен ұрлана қарағанымда, аш-жалаңаш бейбақтардың мені аса тағатсыздана күтіп, өзек жалғар аз-маз азық бұйырып қалар деген зор үмітпен көздерін сүзе қарап тұрғандарын байқадым. Жер жерде сұлап-сұлап жатқан жансебілдердің бәрі дерлік мені көрген бетте-ақ жанұшыра аяқтарынан тік тұра бастағаны. Бір күндік жарық сәуледен үміт оты өшпеген мұңды жүздерімен, жас шылаған жанарларымен тарамыс қолдарын өлермендене созғаны…

– Балам-ау, бір тілім нан болса…

– Бір үзім ғана…

– Ұлым-ау, өлетін болдық қой, аранын ашқан аштық азабынан құтқара көрші, ақтық демім үзілер осы бір зауалды шақта нан дәмін алып жантәсілім етер болсам арманым жоқ қой…

– Қарғыс атқыр жоқтық таза діңкелетіп, аштық әбден тұралатты ғой, адамдық кейіптен бүтіндей арылып біттік, қарағым…

Жанкешті қаймана жандардың алдында не істерімді білмеген шарасыздықтан болар міз бақпастан қазған қазықша қаттым да қалдым.

– Бір тілім нан…

– Бір-ақ қана үзімі болса ғой…

– Аранын ашқан сұм ажалдан құтқара көріңізші…

Кенеттен ту сыртымнан ғайыптан тайып қолындағы бас киімін ебедейсіз сілкілеген алба-жұлба аш арық Отрыжканың шыға келмесі бар ма?!

– Аяғыңа бас ұрайын, құлақ кесті құлың болып өтейін, алтыным!

Ол шынымен де аяғымды құшып тізерлей құлады, құлаған бетінде жанталаса ербеңдеп, хақ жаратушыға жалбырана мінәжат айтумен болды…

Мұның бәрі жүйкеге ала-бөтен салмақ салар қиямет-қайым күйге түсіріп, есімді одан әрі тандырды. Көз алдым қарауытып, басым зеңіп кетті. Өз өзімді ұстай алмаған қиқар да долы мінезімбен жылап-сықтап, жер тепкілей:

– Құрып қалғырлар сол! Қараларыңды өшіріп, тегіс құрыңдар, дереу көздеріңді жоғалтыңдар! Өңшең оңбаған, жексұрындар! Қанішерлер! – деп жан баласын шошытарлық алабөтен ышқынған мейлінше жат әрі жабайы дерлік алапат дауысыммен жанұшыра айқайлай беруге ғана шамамның келгені.

Тап менен мұндай тосын мінезді күтпеген Отрыжка орнынан тұрар тұрмастан белдемшесіндегі қыл-қыбырды жалмажан жөн жосықсыз сілкілей берді. Басқалардың да бірден үндері өшіп, жан-жаққа жапа тармағай жылыстады. Бірер сәтте түгел дерлік қараларын батырып үлгерді.

Өксігімді баса алмай ебіл-дебіл көз жасымды сорғалатқан пұшайман күйімде «Шеттеріңнен құрыңдар! Көзімнен жоғалыңдар!» деп жан дәрменмен айқайлай бердім.

Сол сәтте бел қайыстырар қара жұмыспен күнделікті напақасын тауып жүрген жалдамалы көп жатақтың бірі ілмиген арық-тұрық ұлымен жаныма келіп кідірді. Жан-жаққа пышырай бастаған аш-жалаңаш бейбақтарға жұдырығын түйген сары үрпек бала жөн-жосықсыз «қорқаулар» деп тісін қайрай кіжінеді. Істің ақ пен қарасын ажыратуға құлықсыз әкесі де келіскендей басын изеді.

Олар бодау-бодауы шығып жылаған ұсқынсыз сықпытыма жақтырмастан тыжырына әрі тіміскілене қарап ұзақтан ұзақ тұрды. Күн ұзақ тынымсыз жұмыс қажытқан көздеріне көңілі құлазыған жаны жара қара сирақ бала бейнесінде емес, құтты бір шибөрілер талапайына қатысқан жаман жәутіктей болып көрінсем керек. Бәтуасыз істің береке әкелмесін түйсінгендей сәлден соң олар өз шаруаларымен кете берді. Ал анау бір әудем жерде иығында қол арасы иерелеңдеген әкем келе жатқанын көзім шалды.

Менің ес тандырарлық аса үрейлі жан айқайым іспеттес қарлығыңқы аянышты дауысым аштық әбден жаншыған бейбақтар тарапынан бейкүнә баланың қолдан келер қайраны жоқ шарасыздық іс-әрекеті деп қабылданса керек. Содан да болар бұдан кейін сол байғұстардың біздің қара шаңырақ қақпасы алдына қаз-қатар тізіліп, қайыр садақа сұрауға жүректері дауаламағандай көрінгені бар…

Сол бір тосын жәйттен соң бойыма құдыреті шексіз ұлы жаратушы асқан мейірімімен дарытқан адамгершілік сезімнен жұрдай, тіптен кісілік қасиеттерден таза айырылған тас жүрек бөгде бір жат бауыр қанпезердің күйіне түсе бастағандаймын ба?… Тап солай болуы да бек ғажап емес-ау, сірә… «Қап бәлем, қақаған қыстың үскірік аязы мен ақ түтек боранына қарамастан күні-түні қақиып тұрудан еш тайынбайтын атың өшкір тіленшілер аштықтан титықтамақ түгіл өмірем қапса да бір үзім нан татырмаспын ендігіде» деген өзімшіл жат пейілден туған өктемшіл қара ниеттің жан әлемімді ала құйындай төңкергені ай…

Көңіл-күй ауанын қас қабағымнан ұғатын шешей күрсіне жүріп күндікке бірнеше рет қатарынан қойылатын үйреншікті сұрақтарымен төпелеп, құдды бір тергеушідей қыспаққа алумен болатын ды:

– Ұлым ау, көзің шүңірейіп, бет аузың үңірейіп алдыңдағы ыдыс- аяғыңа соншалықты телміргеніңе жол болсын? Көңіліңді қалай тапсам болады, айтсаңшы енді? Аз да болса алдыңдағы астан ауыз тиіп, аш өзегіңді жалғасаңшы! Жә, жетер енді, қойсаңшы деймін ендігі! Сүтпен бұқтырып, сары майдан молырақ салдым. Енді бас тартып көрші, көзіңе көк шыбын үймелетпесем бе сенің!

Шексіз аналық асыл ниетін сала жүріп айтулы мереке күндеріне орайластыра сары майдай сақтап келген ұннан өте дәмді самса пісіріп те берді. Тіл үйірер самсадан бас тарту әсте мүмкін емес ті. Иә, сол самсаны қарбыта асағаныммен де, сол бір қоңыр мұңға толы қам көңіл ой орамынан шыға алсамшы…

Енді міне, жығылғанға жұдырық дегендей, таң атар атпастан еп-ерте оянып алуды қалыпты әдетке айналдырғандаймын. Содан бері атшы Абрам шалдың вокзал маңындағы алаңға бет алған жаналғыш сықырлақ арбасының үрейлі дыбысын қалт жіберген емеспін.

Тағы да сол үрей тудырар арбаның жер жарған дөң айбат дауысы сонадайдан еміс-еміс құлаққа келеді…

Иә, иә, айбынды революцияның қызыл алау от жалынына оранған айбарлы Отанымыздың ешқашан да мызғымайтын даңқ тұғырын шайқалтқысы келген қайырымсыз ата жауларының мәйітін жинауға асыққан жаналғыш жендет арба… Дүбірлі дауыс жаңғырығы бітіспес майдандағы қас дұшпандарымызды қақырата күйреткен кезеңнің айқын әрі бітімсіз жеңісін түбегейлі әйгілегендей-ақ кең даланы айрықша тербелтіп жатты.

Сол бір елең-алаң сәтте тұла бойыңды шымырлатар арба дыбысынан ақыл-есінен айырылуға шақ қалған ұшқалақ әрі тарпаң мінезді өзімнің қас жауларыма аяушылық сезімімді білдіріп, дәрменсіздік танытып отырған пұшайман күйдегі әлсіздігімді лажсыз мойындағандай болдым.

Бірде кеш құрым үй алдындағы сәкіде әкеммен қатарласа отырған болатынмын. Ызғарын төккен сұсты уақыттың суық табы әкейдің жабыраңқы тартқан бет-әлпетінен айқын аңғарылатын. Ұнжырғасы түскен шаршаңқы кескін келбеті вокзал маңын оңды-солды шиырлап жүрген станция бастығының мұңды бейнесін еске салғандай еді…

Кенеттен бейне бір жеті қат қара жерді жарып шыққандай құйрығын бұлғақтатқан бұралқы иттің жылтың ете қалмасы бар ма?

Ғайыптан тайып пайда болған әлгі мақұлықтың қас-қағым сәтте қайтадан көз ілестірмес екпіндегі жылдамдықпен бірден тасаланып үлгергені.

– Оның үрей мен қорқыныш тудырарлық еш сүйкімі жоқ сабалақ жүні тап осындай ұсқынсыз күйде өскені қалай? – деп сұрадым әкемнен.

Оған соншалықты ынта-ықыласын таныта қоймаған әкем аса бір ықтиярсыздықпен сүлесоқ түсіндіруге кірісті.

– Алабажақ жүнінің осыншалықты түлеп түсуі… итаяғына күнделікті құйылатын жуынды, тасталатын сүйек-саяқтың аздығынан, керек десең жоқтығынан ғой. Біле білсең, оның иесін де аштық зардабы әбден титықтатқан болар…

Жан тәнімді тосыннан кернеген ала құйын алапат күш тылсымынан қара терге малшынып сала бердім. Тап сол сәтте өзімді ұзақ сонар ауыр азап пен мехнатқа салып, еңсемді аяусыз жаншып келген сұрапыл сұрақ жауабының түйінді шешімін тапқандай да едім… Иә, иә мен ұзын-ұрға станция бойынан үнемі алаң көңіліммен оңды-солды сарыла іздеп келген ең, ең… аш-арық тұралаған соры бес елі талайсыз тіршілік иесін тапқандай болдым.

Аш-жалаңаш тентіреген сорлы ғаріптерге ар азабын шеккен иманы бар ақ жүрек жандардың, ақыл есі толығымен толысып үлгермеген мендей қара сирақтардың жасырын түрде бұқпантайлап болса да тыққан-таянған бір тілім нандарын ұсынғаны, қал-қадірінше қол ұштарын созғаны айқын. Ал құдайдың қу мақұлығы анау бір төрт аяқтыға қарайласқан қай пенденің атын атап, түсін түстер едіңіз… Тіптен жөн біледі деген әкемнің өзі арық-тұрық сабалақ жүнді итті емес, жұмыр басты иесіне аяушылық танытып мүсіркей қалғанын қайтерсің тегі?! Тірі жанға титтей де зияны жоқ сол иесіз қалған қаңғыбас итіңіз аштықтан аңдаусызда қара тастай қата қалса, тап сол сәтте өлексесін тиеп әкететін арбакеш Абрам шал да табыла қоймайды-ау, сірә.

Ертеңінде үй алдындағы сәкіде қалтамды нанға толтырған алаң көңіл күйімде әлгі бір мақұлық сау ете қалмас па деген алдамшы үмітпен аса тағатсыздана күтумен отырдым…

Иә, кенеттен у-шусыз пайда болған әлгі сабалақ тап кешегі кейпін өзгертпестен именген мүләйім көзін жасқаншақтай тіктеумен болды. Нанды жалма-жан ұсынуға ыңғайланғаным сол еді, үрей билеген көзін алмастан міз бақпастан қадала қатып қалғаны.

– «Кә, кә, келсеңші бері, кел дедім ғой, соншалықты қорыққаныңа жөн болсын, жә, жетер енді, бері жақындасаңшы» деймін өзімше жан дәрмен аласұра.

Кез келген оңтайлы сәтте қарасын батыруға дайын тұрған саққұлақ болса сол бір сұқтана қарау әдетінен әсте жаңылғаны жоқ. Аса бір мейірім шуағын төккен зілсіз дауысқа, риясыз күлкіге, тіптен қолдағы нанға мән бермеген секемшіл қалпын еш өзгерпестен тапжылмастан ұзақтан ұзақ тұрғаны. Қанша дауыстап шақырсам да өзіне тән аса бір иісшіл сақтығымен жуық маңда жаныма жуи қоймады. Десе де таза сырт айналып, соншалықты әудем жерге алыстап кеткені де жоқ.

Жарты сағатқа дерлік созылған өзара ұзақ арбасудан соң шарасыздықтан қолымдағы нанды жерге тастадым ау ақыры. Ол менен көзін алар алмастан барынша жедел қарқынымен жақындай түсті. Адам айтса нанғысыз ұшқыр да ұтқыр жойқын секірісімен жердегі нанды олжалаған қалпында көзден әп сәтте ғайып болғаны. Ертеңгілік таңғы тосын кездесуде де сабалақтың адам атаулыға деген сол бір сенімсіздігі, нан ұсынған маған деген секемдігі бәз баяғы еш өзгермеген қалпында еді… Тек нанды бірден жанталаса қақшып алған сәтте денем біртүрлі тітіркеніп, алабөтен жүрексініп қалғаным бар. Содан да болар алдын ала дайындап қойған нанның екінші жарты бөлігін беріп үлгермедім де… Осындай сұрықсыз көріністер үшінші, төртінші күндері де қаз-қалпында қайталанып жатты…

Рас, біздер бірде-бір күнімізді кездесусіз қалдырғанымыз жоқ. Десе де өзара секемшіл күйдегі сенімсіздіктен өрістеп жатқан өзара алшақтығымыз бәз баяғы өзгермеген қалпында болатын. Бойымдағы күш қайратымды сарқа жұмсап, бар ынта шынтамды сала тырысқаныммен, бәрібір де сол пәлекетті қолыма үйрете алмай-ақ қойғаным. Айбат шеккен сұсты ырылы оның жер басып жүрген екі аяқтыларға деген табиғи түйсіктегі ырықсыз жақындығынан бүтіндей ажырағанын аңдатқанымен, күжірейген кейпінен өміріме соншалықты қауіп төндірерліктей жыртқыштық қауіпті байқай алмадым.

Иа, тап сол мезетте сонау бір қайырымсыз қара түнек уақыттың аяр болмысын жан-тәніммен барынша жете ұғына түскендей болдым. Зорлық-зомбылықпен күштеп жер аударылып келген босқындардың жанталаса жүріп күл қоқысқа тасталған өлекселерді талғажау еткенінінен, тіптен ит пен мысық аулауды күнделікті әккі әдетке айналдырып алғандарынан толықтай хабардар едім. Жар жағалай жүріп, шықпа жаным шықпа деп өлместің күнін көріп жүргендердің талайымен сонау бір қан қасап қайыңды алаңда бетпе бет ұшырасқаным тағы бар. Жұмыр басты адам баласын атамағанда маған беттеуге тайсақтап жүрген аса секемшіл анау бір ит сондай қауіп-қатерге толы не бір сұрапыл күндер мен сұрықсыз түндердің талайын басынан кешкені де хақ. Әрине, құдайдың құдыретімен ғайыптан тайып аман қалған сол сақ құлақтың кез келген жұмыр басты пенде атаулыға деген табиғи түйсіктегі жақындығы түбірімен жойылуға шақ қалған да болар… Маған аса үйірсектеніп жүрген сол бір иісшіл ненемнің екі аяқтыларға деген сенімсіздігі алабөтен ерекше болатын.

Іліп алар сүйек саяқ емге табылмайтын жұт жайлаған қайырсыз көшеде қаңғалақтаған бұралқы иттің ойына мынау қатыбастанған жер бетінде ешнәрсені бұлдамай-ақ аузындағысын жырып беретін, сол үшін жанға шуақ шашатын жылы сөз, тіптен титімдей ризашылықты талап етпейтін сары үрпек ашық ауыз ақымақтың бары кіріп те шықпаған болар-ау сірә. Иә, иә, жанға майдай жағар ыстық ықылас та, көк дөнендей жүйрік көңілді марқайтар мейірім шуағын да талап етпейтін мендей боқмұрынның… Кім білген мүмкін бұның да өз игілігі мен қайыр ықсаны бар болар?! Имандай шыным, мен үшін бар болғаны қан жұтқан аш арық бейбақтарға еш бұлданбастан қол ұшын созу, тамұқ өміріне қадыри қалінше сәуле дарыта отырып сол бір қара түнек тұмшалаған опасыз жалғанды нұрға бөлеуге аз кем шапағатымды тигізуім жетіп жатқан ды… Ақиқатында оның тобықтай түйіні, ет пен сүйектен жарытылған жұмыр басты пенде ретінде менің де күнделікті толассыз ақ зер тіршілік ағымында бұйырған ақ адал несібемді еш ұялып қызармастан бойыма сіңіріп, ар-ұждан өлшемінің үйлесімінде өмір сүруіме толық құқықығым бар деген сөз еді…

Асылы, сол бір көңіл құлазытарлық алақұйын жылдары аштықтан жүні таза сиреуге айналған бұралқы итке шама шарқымша ақ адал ниеттегі қайырым ықсан танытуым тұла бойымдағы ар-ұжданымның таза сарқылып қалмауына қуатты күш дарытып, кісілік көзінің мол арнасын үстей түскендей тін…

Көп ұзамастан сол бір қараша айда вокзал алаңын қызметтік бабымен күн ұзақ тынымсыз ой құшағында шиырлаумен жүретін станция бастығы оқыстан атылып өлді. Шақшадай басы шарадай болған оның ойына көше бойын кезіп жүрген аш-арық қаңғыбас көп иттің кем дегенде бірін асырап алу әрі күн сайынғы нәпақасымен шама-шарқынша бөлісіп отыру қажеттілігінің соншалықты өмірлік мән-мағынасы бар екені әсте кірмеген болар…

Қаламгердің құжаттармен қағытпасы.

Аштық алапаты шарықтау шегіне жеткен 1933 жылдың ақпан айында Мәскеуде Бүкілодақтық колхозшы еңбек озаттарының бірінші съезі шақырылды. Сол съезде Сталин кейіннен ұзақ жылдар бойы науқаншыл ұранға айналған «Барлық колхоздарды большевиктерше құрайық», «Колхозшылардың ауқатты да дәулетті өмір сүруіне мүмкіндіктер жасайық» деген сөздерін ортаға салды.

Батыс зерттеуші мамандарының бірі тек қана Украинада сол жылдары алты миллион адам аштықтан өлгенін жазады. Барынша сақтық сақтайтын Рой Медведев «тұтас КСРО бойынша… 3-4 миллион аралығында болуы мүмкін» деген деректерді негізге алады. Алайда Медведевтің өзі маңызды деген мәліметтерді 1935 жылғы «Сельское хозяйство СССР» (М., 1936. 222-бет) басылымнан алып отыр емес пе?! Сол деректерге аса ұқыптылықпен тағы да зер сала үңілгеніміз артық болмас: «1928 жылы шет елге 1 миллион, 1929 жылы – 13, 1930 жылы – 48,3, 1931 жылы – 51,8, 1932 жылы – 18,1 миллион центр астық жөнелтілген. Тіптен жойқын аштық алапаты жайлаған 1933 жылы Еуропаға 10 миллионға жуық астық шығарылған!».

«Барша колхозшылардың тұрмысын ауқатты да дәулетті қылайық!»…

1967-1970.

Владимир Тендряков

Аударған Сағымбай Жұмағұл

Abai.kz

Басқа материалдар

Back to top button