«Бір уыс топырақ»

   Жуырда жазушы, тележурналист Марат ДҮЙСЕНБИННІҢ «Бір уыс топырақ» атты әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрді. Қазақ-орыс тілдерінде оқырманға жол тартқан тың туындыға біз де көз жүгірткен едік.

«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген қанатты сөз пікірталас туғызуы мүмкін емес. «Әліппемен» көзіміз ашылғалы кітапқа деген құмарлық та бір басылмады. Десек те, БАҚ деректеріне сүйенсек, кейінгі жылдары кітап шығару үрдісі сиреген сыңайлы. Бірақ, кітап дүкендерінің сөрелерінде оқырманға танымал авторлар кітабымен қатар, әредік, жаңа шығармалар да көрініп қалады. Солардың бірі біз сөз еткелі отырған осы – «Бір уыс топырақ».

Меніңше, жазушының бұл еңбегіндегі басты қағида – оқырманға ата-салтымыздан келе жатқан наным-сенімдерді ұмыттырмау. Мәселен, қазақ халқының дәстүрі бойынша, жерленген адамның қабірінен туған-туыстары бір уыс топырақ алып қайтады. Бұл – халық арасында ертеден сақталып келе жатқан рәсім. Ел арасында мұндай топырақ қасиетті саналады. Сондықтан, марқұмның соңында қалған жақын-жұрағаттары фәниден бақиға аттанған адамды ұмыт қалдырмас үшін, үйлеріне қабір басынан бір уыс топырақ апарып қояды екен. Тағы бір ескеретін жайт, бұл топырақ әбдіренің түбінде, немесе, сандықта шүберекке түйіліп сақталады. Ал, марқұмның ең жақын деген туысы топырақты үшбұрыш тұмарға тігіп, мойнына тағып жүреді. Бұл кісінің дәм-тұзы түгесіліп, өзі де өмірден озған кезде мойнындағы тұмарын балаларының бірі алып, шүберек түйілген топырақты да сақтайтын көрінеді. Сөйтіп, бүтіндей бір әулеттің топырағы ұрпақтан-ұрпаққа көшеді. Көркемсөз шебері Марат Дүйсенбин осы бір салтымызды келістіре суреттеп, повесінің бас кейіпкеріне анасының қабірінен бір уыс топырақ алғызады.

Жинақтағы өзге әңгімелер мен повестер де тұшымды, тілі шұрайлы, бояуы қанық жазылған. Өресі биік жазушының шеберлігі де соншалық биік екенін растай түседі. Ал, «Ұмытылмас кездесулер» деген әңгімесінде автор  Елбасымен қызмет бабындағы кездесулерін суреттейді. Сондықтан, тілі – көркем, ойы – ұшқыр жазушының бұл еңбегі оқырман сүйіспеншілігіне бөленеді деп айтуға әбден тұрарлық.

Қадыр ЖҰМЫШ,

қаламгер.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.