Жаңалықтар

«Бір терезе» қағидаты енгізіледі

Коммуналдық кәсіпорындардың жұмысын «Бір терезе» қағидаты бойынша қайта құру жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Бұл – құжат тапсыру процесін жеделдету мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға септігін тигізеді. Осы және өзге де өзекті мәселелер Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз мәслихатында баяндалды.

Сурет: ANTIKOR

Мемлекеттік кызмет істері департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп, «Қарағанды су» ЖШС, «Теплотранзит Қарағанды» ұйымдарын тексеру барысында «Қарағанды Су» ЖШС құжаттарды әлі күнге қолмен тіркеп келгенін анықтаған. Олар құжат айналымын электрондық жүйеге көшіруге де ынта танытпай отыр екен.

Ал, екінші мекемеден де жемқорлыққа жол берілген іс-әрекеттер байқалып, шет елде жүрген «Теплотранзит Қарағанды» басшыларының атынан да арнайы құжаттарға қол қойыла беретіні анықталған.

  • «Теплотранзит Қарағанды» ұйымына 2019 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында тұтынушылардан 523 өтініш түссе, оның 415-і қаралып, 108-і белгісіз себептермен кері қайтарылған. Мұнымен қоса, мерзімі 5-10 тәулік болатын өтініштерге жауап беру компания өкілдері тарапынан екі жарым айға созылған. Осындай немқұрайдылықтар сыбайлас жемқорлық әрекеттерге алып келу қаупі бар екендігін көрсетеді, – дейді Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Берік Ахметов.

Сонымен қатар, Қарағанды қаласында инженерлік желілерге қолжетімді түрде қосылу картасы жасал

мақ. «Өйткені, ең көп қиындықтар инженерлік желілерге қосылуға техникалық шарттарды алу кезінде туындайтыны анықталды. Ал, карта – осындай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқартуға көмектесумен қатар, қай ауданда мұндай мүмкіндік бар, ал қай ауданда жоқ екенін көруге мүмкіндік береді. Құрылыс үшін жер сатып алғысы келетіндерге де картаның пайдасы мол болмақ. Сондай-ақ, осындай әділетсіздік пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін аталған қос департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп іс-қимыл жоспарын әзірлеуде. Инженерлік желілерге қосылудың электрондық картасын жасау да жоспарға кіріп отыр. Егер, карта уақытында жасалса, жекеменшік секторлардың жылу мен суды орталық желілерден заңсыз қосып алып пайдалануы тыйылар еді», – дейді мамандар.

Қарағанды өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып, бір жарым айға созылған екі департаменттің тексеру-талдау жұмыстарының ескертулері Қарағанды қалалық әкімдігіне жіберіліпті. Олар алты ай ішінде орын алған кемшіліктерді жоюлары керек.

Жауаптылардың айтуынша, алдағы уақытта басқа да салалар бойынша тексерістер жүргізілмек. Ал, негізгі мақсат – жазалау емес, алдын алу.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button