Жаңалықтар

БІР КЕМ ДҮНИЕ

Әкесі Әріннің ғұмыры от пен судың арасында өтті десе болады. Аштықты да, босқындықты да, қашқындықты да бір адамдай бастан өткерді. Соның бірінде жан сауғаламады, өзін ғана сақтап қалмай басқаларына да қорған бола білді.

Әкесі Әрінді көке дейтін. Сол көкесінің жаны сірі болатын. Әкеден жастай қалып, жалшылыққа жүргенімен сол жалшылықтың қамытын кимеді. Кигізбегені барынша намысшыл еді. Есектің артын жуса мал табам деп жумады. Айналамды қалай сақтаймын деп жуды.

Ашаршылық жылдарында ел сынды көл жағалап босып кетпеді. Елдің босып жүріп жеген балығын отырған орнынан қозғалмай-ақ жеп отырды. Айналасын жілік майымен асырамағаны анық. Сіңір жегізбегені де анық. Құр да аулады, қоян да аулады. Басқа жұрт өзінің осы кәсібіне көшкенде бұл дүкен ашқан-ды.

Айналамды асыраймын, ағайынымды асыраймын деген тілек ақыры ұшпаққа шығарған.Өзі ғана сауатын ашып қоймай, қызыл отауды дөңгелетіп, басқаларды да сауаттандырды.

Органға да алғашқылардың бірі болып ілікті. Оның да қызық-шыжығын бір адамдай бастан өткерді. Сол жылдары ел ішінде «қашқындар» көп болды. Сол қашқындардың бірде біреуін ұстап бермеді. Сол қудалаудың қамытын кигендердің бірі қазақтың атақты күйшісі Әбікен Хасенов болатын. Сол Әбікенді астындағы атына мінгізіп, «қашырып» жіберген» Әрін көкесі еді…

Қазақтың тағы бір атақты күйшісі Қараның Аманы итжекеннен оралғанда алдынан ат жетектеп шыққан да Әрін көкесі еді. Көкесі мұндай құрметті айтып отырған Әбікен күйшіге де көрсеткен. Ұзақ жылдардан кейін оралғанда. Алдынан ақбоз ат жетелеп шығып еді…

Алманың ағашынан алысқа түспейтіні белгілі.

Иген ағамның да тағдыры да әке тағдырына ұқсас еді.

Көкесі әкесінен жастай қалса, бұл анасынан жастай қалды.

Сол анасы Қадишаның орнын қайран әке қолдан келгенше жоқтатпауға тырысты. Әжесінен бір мезет те ажыратпады. Алайда мәңгілік жан иесіннің жоқтығы да белгілі.

Анасынан бір, әжесінен екі айырылса да Бір жаратқан жар болды. Он сегіз мың ғаламнан өгейлік көрмеді. Жетім қалғаны анық, алайда жетімдік көрмеді. Тумағаны болмаса кейінгі Шәкен тәтесі туған анасындай қамқор болды. Өзегін жарып шыққан балаларына аға қылды, көке, ағатай дегізді.

Кейінгі інілеріне, басқа да жарым жан отбасыларына тәрбие болсын деді ме екен – тіпті есімін де жөн-жосықсыз атай бермейтін.

Кешегі соғыстан орыс халқы ғана емес қазақ даласы да қансырап шыққан. Толып, болып отырған отбасылар некен-саяқ болатын. Сол ауыртпалық кешегі жетпісінші жылдарға дейін келген.

Бұл сол бір жауапкершілікті бала да болса әкесімен бөлісті. Тіл алғыш болмағаны анық, алайда қолынан келгенше айналасының қолын ұзартуға тырысты. Сол бір ізгі қасиетті өмірінің соңына дейін алып өтті.

Шәкен тәтесінің де бергені аз емес. Ол кісінің де тәлімін өмір бойы алып жүрді. Ол кісі айтып отырған Әбікен күйшінің туған бауыры болады.

Мектеп бітірісімен сол кісінің шақыруымен Алматыға барған. Күйші ағаның танысы аз емес екен. Кез келген оқуға кіргіземіз деді. Мұның барғысы келмеген. Ауыл шаруашылығы институтына тапсырған.

1960 жылы осы институттың жолдамасымен Шет ауданына инженер-механик болып оралды. Мұндай мамандар ол тұста қат болатын. Сондықтан да, бірден басшы қызметтерге ілікті. 1962 жылы туған ауылы Жамбыл колхозынан Ақтоғай аудандық «Қазсельхозтехникаға» бас инженерлікке шақырылды. Ал келер жылы бастығы болып бекіді.

Отызында орда бұзды деген осы, әрине.

Қырқында қамал да алатын еді…

Ауданның сол кездегі бірінші хатшысы Нарманбет Садықов сұңғыла адам еді. Ол кезде партия қатарында жоқтағыларды басшы қызметтерге қоймайтын. Сол Нарекең бар беделін салып өзін қызмет бабында жоғарлатумен болды. Сол кездегі аудан басшыларының бірі Қалкен Мәкенбаев Мәскеуге партмектепке кететін болып, ел ол кісінің орнына қырылғанда сол орынды осы Иген ағаға ыңғайлаған осы Нарекең еді.

Сол қызмет Иген ағаға бұйырмады. Бір бауыры қаза болған ел азаматы бір қап жүгері ұнын босатқаны үшін сотталып кете жаздаған.

Сол жазадан партия алып қалмаған. Иген аға әлі партия мүшесі емес еді.

Есесіне қызметтен кетті. Далада қалған жоқ. Үнемі басшы қызметтерде отырды. Өспен, Босаға, Ақшоқы шаруашылықтарында, «Ертіс-Қарағанды каналы» құрылыс басқармасында лауазымды, жауапты қызметтер атқарды. 1993 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін Нұра-Сарысу су шаруашылығының Жаңаарқа ауданы бойынша инспекторы болды.

Иген ағамыз барынша қанағатшыл жан болатын. Ел партия қатарына өткенде кемі аудан басқаратын еді дейді.

Солай да болар, бәлкім. Бәлкім, одан да лауазымдырақ қызметте болар ма еді.

Жоқ, ағамыз ешкімге өкпе артпады. Ешкімге де налымады. Ол ертеңінен үмітті еді.

Баяғы Жамбыл колхозында жүріп Жетен тәтемізбен басын қосты. Ол кісі сонда мұғалім болып қызмет істеп жүрген болатын. Сол тәтемізді бір бағым деп білді. Екінші бағым деп бір-бірімен тете өскен төрт баласын білді. Үшінші бағым деп сол төрт ботасының ішінде Алмасын білді. Ел Игенді әкесі Әріннен де алысқа барады деді. Басқаны білмеймін, мен өзім барды деп білемін. Ел Алмасты Игеннен де алысқа барады деді. Басқаны білмеймін, мен соған сенгем.

Өйткені Алмас ініміз қызметте Иген ағамыздан да жылдам өсіп келе жатты. Ең алдымен мектепті, одан кейін Алматының арнайы физика-математика мектебін, одан кейін Томбы политехникалық институтын үздік бітірді. Ұзатпай тағы бір екінші экономист мамандығын алған.

Ал өзі болса жоғары оқу орнында математикадан дәріс оқыған.

Тоқсаныншы жылдардағы ауыртпалық жылдарында баяғы Әрін атасындай бұл да жан-жағын өз қамқорлығына алған. Бәрін тоқтатып қойып, бизнес жолына түскен.

Сол ініміздің ғұмыры ұзаққа бармады.

Сол Алмас өткен шолақ ғұмыр Иген ағамыздың ғұмырын да қысқартып кетті.

Мен Беларусь сапарында жүргенімде Иген ағамыз бақилыққа озған екен. Мейрамсуын ішкізгендер нұрланып жатты дейді.

Бәлкім, Алмастың артында қалған тұяғы – Аңсардың ертеңіне сенген болар…

Төрехан МАЙБАС.

Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button