Бір күнде – үш медаль

Олимпиаданың он үшінші күнінде Қазақстан қоржыны үш медальмен толықты. Боксшы Әділбек НИЯЗЫМБЕТОВ пен балуан бойжеткен Гюзел МАНЮРОВА күміс медальді еншілесе, әйелдер күресінен Екатерина ЛАРИОНОВА қоланы қанжығаға байлады.

Әділбек алтынға қол созым қалғанда кубалық Хулио Сезар де Ла Крусқа есе жіберді. 81 келіге дейінгі салмақтағы боксшылардың жекпе-жегі тартысты өтті. Қос тарап алмакезек жұдырық алмасып, үш раунд бойы Әділбек шабуыл шебінде жүрді. Кубалық та қарап қалмады. Әділбектің жойқын соққыларынан қаша жүріп, ұрыс салды. Нәтижесі сол, Ла Крус аз ғана ұпай айырмасымен жеңіске жетті.

Әділбек осымен екінші Олимпиадада ақтық сында сүрінді. Естеріңізде болса, Лондоннан да күміс медальмен оралып еді.

Сондай-ақ, Әділбек – қазақ боксы тарихында қатарынан қос Олимпиаданың финалында ұтылып қалған екінші боксшы. Бұған дейін Болат Жұмаділов 1996 жылғы Атланта, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында күміске қол жеткізгентұғын.

Барша қазақтың бокстағы ендігі үміті – Иван Дычко. Ол 91 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғайды. Жеңсе – алтын, жеңілсе – күміс Қазақстан қоржынында.

Әйелдер күресінен 75 келіде белдескен Гюзел Манюрова ақтық сында канадалық Эрика Уибемеден айласын асыра алмады. Канадалық қыз кездесу басынан-ақ күші басым екендігін танытты. Бірінші кезеңде Гюзелді 2 ұпаймен жеңіп тұрды. Келе­сі кезеңде канадалық балуан 4 ұпайды және алды. Қорытындысында, Эрика алтыннан алқа тағып, Гюзел күмісті қанағат тұтты.

Бұған дейінгі кезеңдерде Гюзел мажарлық Жанетт Неметті, камерундық Аннабель Әлиді ұтып кеткен. Жартылай финалда ресейлік Екатерина Букинаны кездесу аяқталуына 8 секунд қалғанда тізе бүктірген-ді.

Осы әйелдер күресінен 63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Екатерина Ларионова жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Қолаға таласқан шешуші матчта америкалық Екатерина Пирожкованы жерге қаратты. Есеп – қазақстандық балуанның пайдасына 4:3. Сөйтіп, ел намысын абыроймен қорғаған Екатерина жетінші қоланы Қазақстан еншісіне жазды.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.