Білімсіздік бүлікке бастайды

Кез келген діннің түпкі мақсаты – қоғамды ізгілік пен мейірімге шақыру. Әйтсе де, дін атын жамылып, елді алатайдай бүлдіретін топтар бар. Бұрын өзге ағымды ұстанатындарды сырт келбетіне қарап-ақ тануға болатын еді. Ал, қазір мұндай топтар жасырын әрекетке көшкен тәрізді. Бұл – қауіпті. Оларға қалай тосқауыл қоюға болады? Жастардың тура жолдан тайып, адасуының себебі не?

28-29 мамыр аралығында Достық үйінде облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Деструктивті діни ағым өкілдерімен жұмыстың тиімділігін арттыру» тақырыбында оқу семинары өтті. Оған аймағымыздағы аудандар мен қалалардан келген теолог мамандар қатысып, ортақ мәселені шешу жолдарын талқылады. Семинарда республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, исламтану магистрі Рауан Чингужанов спикер болды.

  • Жат ағымның жетегіне ерген адамдардың психологиясын зерттейтін болсақ, олардың басым бөлігі туған тілін, ұлттық ұстанымдарын біле бермейтін қалада өскен жастар екенін байқаймыз. Яғни, тамыры терең тартпағандық. Сондықтан да, олар адасуға, білімді көрінген жанның соңына еріп кетуге бейім болады, – дейді Рауан Чингужанов.

Теріс ағым өкілдері ғылым мен білімге қарсы. Олар адамды діннің фанаты болуға шақырады. Заманауи ғылым мен білімді – кәпір ілімі деп елемейді. Неге? Өйткені, білімді адам оң мен солын оңай ажыратып, тура жолды тез табады. Ал, экстремистік көзқарастағы ұйым өкілдері үшін айтқанға көніп, айдағанға жүретін тобыр керек.

– Бұрын басына тақия киіп, иегіне сақал қойғанның бәрін молда санап, айтқанына еріп жүре беретінбіз. Олар ешкімнен жасырынбай, ашық жұмыс істеді. Ал, қазір жағдай мүлдем өзгерді. Заң бар. Тәртіп бар. Әрі, халықтың да сауаты ашылып қалды. Енді, жат пиғылды топтар жасырын жұмыс істеуге көшіп жатыр. Олар дұрыс нәрсені айтып отырып, арасында өз ойларын таңып жіберуі мүмкін. Мұның қауіптілігі тіптен жоғары, – дейді Сәтбаев қаласы дін орталығының директоры Амангелді Құрақбай.

Теологтардың айтуынша, жат ағымның жетегіне еретіндердің көпшілігі бұл қадамға білімсіздіктен барады. Әрі, қазақы тәрбиенің жетіспеуі де адасушылар қатарының толығуына ықпал етеді екен. Яғни, ата мен әженің тәлім-тәрбиесін алмаған, ұлттық салт-дәстүрдің кереметін бойына сіңірмеген азаматтар жат ағымның айтқанына оңай көніп, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан сеніміне оп-оңай қарсы шығады. Мұны тоқтату үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, отбасылық дәстүр, туыстық қарым-қатынасқа ерекше зейін қою қажет.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ