Білім жолындағы бірегей байланыс

Бейсенбі күні Қарағанды мемлекеттік индустриалық университетінде қазақстандық оқу орындары өкілдерінің және Сintana Education (АҚШ) өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының өкілдері АҚШ университеттерімен байланыс орнатуға ниетті. Ал, америкалықтарды қазақстандық ғалымдардың тәжі­рибесі қызықтырған.

Кездесудің мақсаты – АҚШ университеттерімен халықаралық ынтымақтастық орната отырып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау үшін бірыңғай алаң құру. Сонымен қатар, әлемдік стандарттарға сәйкес білім беру қызметінің сапасын арттыру, Жиын барысында ғылым, инновациялық технологиялар саласында халықаралық бағдарламаларды бірлесіп әзірлеу, енгізу және АҚШ жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім берудің инновациялық академиялық бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу мәселелері талқыланды.

– Қазіргі таңда халықаралық байланыстарды дамыту бағытында жұмыс істеудеміз. Халықаралық деңгейде бірыңғай алаң жасап, студенттердің біліктілігін арттыруға жол ашуды көздеп отырмыз. Әсіресе, америкалық ғалымдардың тәжірибесі біздің оқу орнына оң ықпал етіп, білім сапасын арттыруға тың серпін береді деген ойдамын, – дейді Қарағанды мемлекеттік индустриалық университетінің ректоры Бақыт Жәутіков.

Қазіргі таңда елімізде жоғары оқу орындары заманға сай бейімделіп, қайта жаңғыруда. Осы орайда, университеттерді құру және басқару, стратегиялық миссияларды жоспарлау, инновациялық бағдарламалар әзірлеп, оларды дамыту мәселелерінің өзектілігі де арта түсті. Сондай-ақ, білім беру сапасын қамтамасыз ету, жекеменшік-мемлекеттік әріптестіктерді құру және инвестицияларды басқару мәселелерінің де маңызы артып отыр. Дөңгелек үстелдің шетелдік қонағы, «MENA PhD» аймағының жетекшісі Вадия Атия дәл осы сұрақтар бойынша АҚШ-тағы және Еуропа елдеріндегі жетекші мамандардың бірі.

– Біздің университет – АҚШ-тағы ең ірі мемлекеттік жоғары оқу орны. Қазіргі таңда 120 мыңнан астам студент білім алуда. Сондай-ақ, басқа штаттар мен Ресей, Қытай тәрізді шет елдерде филиалдарымыз ашылған болатын. Біз НАСА мен бірлестікте инновациялық жобаны әзірлеп, Марс ғаламшарын зерттеу үстіндеміз. Осы кездесудің нәтижесінде қазақстандық білім беру жүйесінің тың жаңалықтарымен танысып, өзімізге пайдалы ақпарат ала аламыз деген үміттемін, – дейді Вадия Атия

Дөңгелек үстел отырысынан соң делегация өкілдері ҚМИУ базасындағы «Cisco» желілік академиясының аймақтық орталығын, «СОТСБИ» ақпараттық-коммуникациялық орталығын, 3D инжиниринг және Festa зертханасын, «Электрондық микроскопия және нанотехнология» инженерлік бейіндегі зертхананы аралап көрді. Сонымен қатар, «Металлургия» оқу-ғылыми өндірістік орталығына барып, «Металлургиялық үдерістер» тәжірибелік-өнеркәсіптік алаңымен, домна және конвертерлік өндірістің толық циклінің қолданыстағы үлгілерімен танысты.

Кездесудің соңында делегация мүшелері бұл кездесу отандық және шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа векторы болатыны туралы келісімге келді.