Бас тақырыпЖаңалықтар

Білім мен білік ордасы

АШЫЛҒАНЫНА КӨП УАҚЫТ БОЛА ҚОЙМАҒАН ҚАРАҒАНДЫ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ КЛИНИКАСЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫҢ «ПАЦИЕНТ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КҮТІМ» ЖАҢА ӘДІСІ ЕНГІЗІЛІП, ЕРЕКШЕ ОТАЛАР ДА ЖАСАЛУДА. КЛИНИКА ЕЛБАСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫНА СӘЙКЕС, МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІҢ САПАСЫН АРТТЫРУДЫ КӨЗДЕЙДІ.

ДӘРІГЕР – ҚАМҚОРШЫ

Клиника шалғайлау – Пришахтинскіде орналасқанына қарамастан, мұнда келушілер саны артып келеді екен. Емделушілерді мұнда көрсетілетін ерекше қамқорлық тартады. Бізде әдетте кездесетін дәрігердің немқұрайлылығы онсыз да дерті жанына батып отырған адамды одан сайын түңілдіріп жібереді емес пе? Бұл жерде басқаша. Мұнда «жылы сөз – дәрігер құралдарының бірі» деген ұстаным басты қағидаға айналған. «Пациент орталықтандырылған күтім» арнайы курстарының негізінде емделушіге ең әуелі адами тұрғыдан қарым-қатынас жасау жолға қойылған.

  • Бұл әдіс – қоғамдық денсаулық сақтау ісінің бір көрінісі. Медицина – емдеу ғана емес, ол педагогика да бола алады. Қазір кез келген адам ықылас пен көңілге зәру. Біздің жоғары курс студенттеріміз осы ілім бойынша емделушілермен жағымды қарым-қатынас орнатуды үйренеді. Бұл студенттер үшін үлкен тәжірибе алаңы деуге болады. Емделушілер үшін қытай гимнастикасын енгіздік. Оны жақсы қабылдады, – дейді медицина университетінің медициналық психология және коммуникациялық машықтар кафедрасының меңгерушісі Лариса Мациевская.

Дұрыс тыныс алуға бағытталған жаттығулардан тұратын арнайы пәнді осы кафедра жасап шығарған. Әуелде студенттердің таңдауына ұсынылған ол қазір міндетті пән ретінде оқытылады. Мұндай гимнастика әзірге терапиялық бөлім емделушілеріне арналған. Хирургиялық бөлімнің емделушілері мүмкіндіктеріне қарай жеңілдетілген гимнастикамен айналысады. Алдағы уақытта «пациент орталықтандырылған» әдісін облыстың басқа да емдеу мекемелеріне енгізу жоспарланған. Клиникада гипертония, қант диабеті, гастрит, остеохондроз сынды жиі кездесетін ауруларды бақылауда ұстауды үйрететін денсаулық мектептері жұмыс істейді. «Мұндай жағдайда не істеу керек, ұстанатын режим, қандай дәрі-дәрмек қолдану керек?» деген сынды мәліметтерді түсіндіреді. Бұл шаралардың түптөркіні – әркімнің өз денсаулығына өзі жауапты екенін ұғындыру.

ДӘРІГЕР – КӘСІПҚОЙ

Мұндағы дәрігерлердің дені жас. Университеттің клинкасы болғандықтан, жас мамандарды кәсібилікке баулуды мақсат еткен. Денсаулық сақтау ісінің майталмандары осы мақсат аясында ұйысқан. Мүйізі қарағайдай профессорлар – клиниканың жиі келетін қонақтары. Жай келмей, дәрігерлермен бірге емделушілерді аралайды, емдеу әдісін көрсетеді, қажет жерінде ақыл-кеңесін айтады. Сәйкесінше, жас дәрігерлер де тиісті іріктеуден өтіпті.

  • Бұл біз үшін шеберлік сағаттары сияқты, – дейді кардиолог-резидент Сергей Югай. – Бөлімдегі медициналық құрал-жабдықтар ағзадағы болмашы өзгерістерге кең көлемді зерттеу жасауға мүмкіндік береді.Жастардың тәжірибе жинақтап, білімдерін көтеріп, шеберліктерін шыңдауына осындай клиника қажет. Бізде кейде жас мамандарды менсінбей жатады. Медициналық университеттің клиникасы болғандықтан емдеу ісінің эталоны болуы керек. Бар білгенімізді үйретуге әзірміз,– дейді профессор Вилен Молотов-Лучанский.

Аурухананың хирургиялық бөлімі – көпсалалы. Урологиялық, хирургиялық, гинекологиялық, оториноларингологиялық оталар әлемдік танымал брендтердің аппараттарында лапараскопиялық әдіспен 3D форматта жасалады. Асқынған гидронефроз ауруы салдарынан бүйрек асты астауында ерекше ауытқуы бар ер адамға осындай әдіспен ота жасалған көрінеді. Операциялық топтың жетекшісі, профессор Нұрқаси Абатов лапароскопиялық әдіс науқастың тез сауығуына үлкен мүмкіндік екенін айтады.

  • Клиника жаңа әдістердің барлығын қолданады. Дегенмен, дәстүрлі ашық оталардың да қажеттілігі туындайды. Сондықтан, біз жастарға барлық мүмкіндіктерді қарастырып, емделуші үшін барынша тиімдісін таңдауды үйретеміз. Әр ота әртүрлі өтеді. Оның барлық ерекшеліктері кітапта жазылмайды, тек, тәжірибе арқылы үйрену керек. Бізді де кезінде ұстаздарымыз үйретті, сол үрдісті үзіп алмау қажет. Мен жастарға емделушімен ашық, айқын, адал болуды үйретемін, – дейді профессор.

ДӘРІГЕР – ҒАЛЫМ

Алдыңғы жылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Нұрқаси Абатов клиниканың міндеті жас дәрігерлерді оқытып қана қоймай, ғылыми жұмыстар жүргізу екендігін алға тартады.

– Университет клиникасы ғылыми жұмыстармен бұрыннан айналысады. Себебі, ғылымсыз ештеңенің дамуы болмайды. Біз 2014 және 2017 жылдары Білім және ғылым министрлігінің білім гранттарын жеңіп алдық. Ондағы жұмыс хирургиялық және урологиялық операцияларда отандық биопротез өнімдерін пайдалануға бағытталған. Биоматериалды өзіміз әзірледік. Барлық тексерістерден өтті, оның қауіпсіздігін іс жүзінде дәлелдегеннен кейін тіркеуге алынды,– дейді Н.Абатов.

Клиника ұсынған биоматериалдар қазір пайдаланатындардан жұмсақ көрінеді. Сондықтан, қажау, шіру, ағзаның қабылдамауы сияқты кері реакциялар аз болады екен. Клиника ендігі зерттеулерді адам ағзасында жасауға құжаттар тапсырып қойыпты. Бұл үшін клиниканың материалдық базасының мүмкіндіктері де, мамандарының шеберлігі де жетіп тұр.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button