Басты тақырып

Бiлiм көшiндегi ширек ғасыр

    1992 жылдың желтоқсанында Қарағандыдағы қазақ мектептерінің қатары тағы бір білім ордасымен толықты. Ұлт қайраткері Әлихан БӨКЕЙХАН есімін иеленген №76 мектеп қазақтың қарадомалақтарына есігін айқара ашты. Білім көшіндегі ширек ғасырда бұл мектептен мыңдаған қаракөздеріміз қанат қақты. Өткен жылдың соңында осы түлектердің демеуімен мектеп ұжымы жиырма бес жылдық мерейтойын атап өтті.

 

 

Азаттық алып, қаз-қаз тұрған мемлекетімізде орын алған қиындықтарға қарамай, жанашыр азаматтардың үлкен еңбегінің арқасында қазақ балаларының басын құраған білім ошағы Тәуелсіздіктің ерекше тартуы болған еді.

Мерейтойға мектеп зейнеткерлері, бұ­рын­ғы мектеп директорлары, ата-аналар мен түлектер шақырылды. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының, білім беруді дамыту әдістемелік орталығы мен қалалық білім бөлімінің мамандары, мектеп басшылары және облыстық, аудандық сот және аудандық әкімдік, ардагерлер кеңесі мен кәсіподақ комитетінің өкілдері келіп құттық­тап, ақ ниеттерін білдірді.

Салтанатты шараны ашқан мектеп директоры Абылай Армияұлының орынды ой орамдары мен ой саларлық тарихи деректері, өзге де сөйлеушілердің лебіздері қазақ елінің мәртебесін асқақтатқандай.

Кеште мектептің алғашқы директоры Тілеуғалы Әміртайұлы, кейін мектеп басшысы болған Жанкелді Базыл, Өзбек Бимендин және басқа да зейнеткер ұстаздар мектептің алғашқы жылдардағы қиын да қызықты оқиғаларына, жетістіктеріне тоқталды.

Мектеп ашылу сәтінің куәгері, сол кезде директордың бастауыш сыныптар бойынша орынбасары болған Светлана Шайменқызы қызықты естеліктерімен бөлісті.

Алғашқыда тек бастауыш сыныптар ғана болды. Аудандық білім бөлімі «әр сыныпта 20 баладан кем болмасын» деген талап қойып, жұмысымызды тығырыққа тірегені бар. Өйткені, қазақ балалары орыс мектебіне баратын. Үгіт-насихатты күндіз-түні жүргіздік. Бір сыныпқа 18 баланы әрең тауып, сынып ашайық десек, білім бөлімі келіспейді. Содан ата-анасымен келе жатқан екі баланы көшеден ұстап алып, жетектеп, 20 балаға толтырып, сынып ашқан едік. Осында қатысып отырған сол балалардың ата-анасы куә, – деген Светлана Шайменқызының сөзін ата-аналар да растады.

Тоқсаныншы жылдардың басында мектеп түгілі халықтың өзі титықтап, күнкөріс қиындап, ер мұғалімдер базарға кетіп, мектептегі оқу-тәрбие жұмысы түгелдей қыз-келіншектердің мойнында қалған тұста қазақ тілді мектепті ашу және оны сақтап қалу оңай емес еді. Осы тұста орыс мектебінде ұстаздық етіп жүрген және орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашуды ұйымдастырып, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Тілеуғалы Әміртайұлы жаңа оқу жылының басталуына шамалы күндер қалғанда директор болып тағайындалады.

Тілеуғалы Әміртайұлының мойнындағы жауапкершілігі зор міндетті атқару сол кездегі қала әкімі Шаймерден Оразалиновтың, оның орынбасары, білім ардагері Майдаш Оспанованың ұлт мүддесі үшін жасаған қамқорлығы, қолдауы болмаса, бос қиял болатындығы белгілі еді. Шаймерден Оразалиновтың қолдауының арқасында Октябрь ауданының 16-шы шағын ауданында орналасқан мектепке Пришахтинск, Сұрыптау бекеті, Майқұдықтың ішінде 3 «ЛАЗ» автобусы үш жыл бойы оқушыларды тасымалдады. Соның арқасында алғашқы бес күннің ішінде 1-6 сыныптарға 280 бала жиналып, жаңа оқу жылы сәтімен басталды. Әйтсе де, мұғалімдер ұжымын тұрақтандыру қиын болды. Алыстан қатысатын мұғалімдер бар, бірақ аз. Облыстың әр аудандарынан тәжірибелі мұғалімдер шақырылды. Үй-күйі жоқ оларды орналастыру керек. Келгісі барлар көбейді. Келгендер таныс-жақындарының үйлеріне уақытша болса да орналасып, жұмысқа кірісіп кетті.

Ауылдағы тұрмыс та мәз емес еді. Тілеуғалы Әміртайұлы оларды баспанамен қамтудың жолын тапты. Сол кездегі Октябрь ауданының әкімі П.Ильницкий, оның орынбасары Е.Поддубная иесіз қалған 4 балабақшаның кез келгенін алуға көмегін берді. Облыстық білім департаментіне тиісті  «Настенька» деген балабақшаны «Заттар мен мекемелерді жекешелендіру» департаменті арқылы шешім шығартып, өз жауапкершілігіне алады. Бос жатқан ғимарат, бұзылып қалған. Мектепке орналасқан, келген мұғалімдерге өз күштерімен жөндеп, кіріп алуларына жағдай жасап, бар көмегін көрсетеді. 16 отбасы үйлі болды. 8 отбасыға шахтаның есебіндегі үйлерден үй алып береді. 4 отбасы отбасылық жатақханаға орналасады. Сөйтіп, 28 отбасы баспаналы болады.

Айтуға оңай. Мұның артында қаншама азапты күндер мен түндер десеңізші. Орасан кедергілер болды. Жалыну, сұрау, қағаз жазу… Бірақ, нәтижелі болды. Ұлт мұддесін өз мүддесінен жоғары қоя білген Тілеуғалы Әміртайұлы мектеп үшін өз қаражатын да жұмсап жіберіп отырған. Жұмыс істейтін баласы да, жұбайы да көмектескен.

Қазір Тілекең әлихантанушы ретінде белгілі. «Мектепке Әлихан Бөкейханның атын алып беру директор болған күннен бастап-ақ ойымда болатын», – деп еске алады Тілекең.

Ленин атындағы көшені Әлихан Бө­кей­хан атына ауыстыру туралы әңгіме қозғалғанда, Әлекеңнің ақталғанына бірнеше жыл өтіп кетсе де, «ол кешегі халық жауы болған, оның еңбегі жоқ» деген лақапты таратушылар, оның арасында Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атағын алған азаматтар, олардың жақтастары бар, біраз жұрт атойлап шыға келген болатын. Қазақ үкіметінің алғашқы көсемі, мемлекеттіліктің негізін қалаушы Әлиханды күні бүгінге дейін өз елімізде ұлықтай алмай жүргеніміз солардың кесірі деп білеміз. Ал, Тілекең осы мәселе бойынша комиссияның құрылуына мұрындық болып, мектеп ұжымын, ата-аналар ұйымын, аудан халқының және жекелеген тұлғалардың қолдау хаттарын жинай жүріп, қалалық, облыстық билік орындарына, олардың сілтемелеріне қарамастан, облыстық, қалалық мәслихаттарға ұсыныстар жіберіп, мектепке Әлекеңнің атын беруді талап етуді тоқтатқан емес. Әлихан Бөкейхан туралы деректі фактілермен көлемді еңбек жазып, «Орталық Қазақстанға», «Ана тілі» және басқа республикалық газеттерге жариялады. Әрі тарт, бері тарт боп тұрған қыңыр заманда Тәуелсіздігіміздің негізін қалаушы Әлихан Бөкейхан екендігін дәлелдей білді. Мектеп Әлихан Бөкейхан есімін алды. 17 желтоқсан 1992 жылы мектептің ашылу және Әлихан Бөкейхан есімімен аталу кешіне жазушы Жайық Бектұров, облыстық «Қазақ тілі қоғамы» төрағасы Мәсһұт Халиоллин бастаған журналистер және облыстық, қалалық, аудандық әкімдік пен білім саласының қызметкерлері, ата-аналар қатысқан салтанатты жиын күні бүгінге дейін ел есінде.

Мектеп ішінде «Әлихантану» бағдарламасын жазып, 2-9 сыныптарда факультатив сабақ ұйымдастырды. 1995 жылы Әлекең атындағы мұражайды ашты. 1997-2005 жылдары қаладағы қазақ мектептерінің мұғалімдеріне арналған Әлихан кубогына спорттың алты түрінен сайыс ұйымдастырды. Осы еңбектерінің өзі Тілекеңді нағыз әлихантанушы деп тануға тұрарлық.

Сондай-ақ, заман талабына, болашақ ұрпақ жағдайын ойлауына орай, облМАИ және аудандық  ДОСААФ, тігін-шұлық кәсіптік учи­лищесімен келісім-шартқа отырып, көлік жүргізуші, слесарь-токарь, дәнекерлеуші, тігінші, шаштараз, аспаз секілді мамандық куәліктерін аттестаттарымен қоса алуды ұйымдастырды.

Істеген ісі ерлікке пара-пар жаңашыл басшы – ұлағатты ұстаздың мектептегі айшықты іздерін мектеп ұжымы ұмытпақ емес.

Жас келсе, іске…

2013 жылы мектеп директорлығына Абылай Жәлелов тағайындалды. «Жас келсе, іске» деген. Осы жылдар ішінде мұғалімдер білімін бекітіп, санатын көтеру және оқушылардың білімін сапаландыру бағытында ұстаздар ұжымын ұйымдастыра білді. Сол бағытта  кабинеттер жүйесін жандандыру, жаңа техника түрлерімен қамтамасыз ететін технологиялық жаңалықтарды енгізуге баса назар аударылды.

Кейінгі екі оқу жылында ҰБТ нәтижесі бойынша Қарағанды қаласының қазақ тілді мектептерінің арасында алғашқы орындарға шықты. Оқушыларын шығармашылық еңбекке және салауатты өмір салтын ұстануға, өнерге және кәсіпке баулуға ден қойды. 2015 жылы Әлихан Бөкейханға арналған облыстық ақындар мүшәйрасында мектеп оқушылары алдыңғы орындарда болды. Олимпиада, білім және спорт  сайыстарында да орын алған жүлдегерлері жеткілікті.

Мектептің шаруашылық жұмыстарын қалпына келтіру, соңғы заманауи талаптарға сай безендіруде демеушілер тауып, іс жүзіне асыруда. Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай мектеп мұражайын қайта жаңғырту, Алаш арыстарын, мектеп тарихын танытуға айрықша көңіл бөлді.

2016 жылы осы мектептің базасында өткен облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жазушылар, ғалымдар, Әлекеңнің туыстары қатысқан. Соның ішінде Әлекең өмірі мен еңбегі жөніндегі 15 томдық шығармалардың авторы Сұлтан-Хан Аққұлы «Республикадағы көптеген мектептерде болдым. Бірақ, мұндай мазмұнға бай, көрікті де көркем безендірілген 4 бөлме, үлкен залдан тұратын, қазіргі талапқа сай, қазақ ұлтының нақышында жасалған мұражайды көрмедім» деген болатын. Сол мұражай облыстық байқауда екінші орынға ие болды. Қазіргі таңда екі жыл қатарынан «Ең үздік мектеп» атанып, бәйгенің алдында келе жатқан қаладағы ең мықты мектептердің бірі күн өткен сайын гүлдене түскендей.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай жұмысты жаңаша, кейінгі талаптарға сай жүргізуді, ата-аналармен, тәлімді түлектермен кездесу кештерін өткізуді дәстүрге айналдырды. Латын әліпбиін енгізудің қажеттілігін айқындау мақсатында жергілікті қаламгерлер және ардагер ұстаздардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырып, ой-пікір кездесулерін өткізді.

Әлихан Бөкейхан мектебінің 25  жылдығын өткізуге орай жасаған «Мектеп тарихы» залының мазмұны, көркемдік-әсемдігі көрермендерді қызықтырды да таң қалдыр­ды. Астана, Қарағанды қалаларынан, аудандардан келген ардагер-педагогтарды арнайы дайындалған Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектептің грамотасымен марапаттауы да жиналғандардың рухын көтеріп, ризашылыққа бөледі.

Жоғары дәрежеде өткен ширек ғасырлық мерейтой туралы айта берсе сөз көп. Жиырма бес жылда талай жетістікке жеткен Әлихан мектебінің алар асуы әлі де аз емес екендігі сөзсіз.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button