Бас тақырып

Білім гранттары иелерін тапты

Биыл 2019-2020 оқу жылына 53 785 грант бөлінді. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 64 452 адам (52 337 – қазақ тілі, 11 757 – орыс тілі, 87 – ағылшын тілі) қатысты. Қабылданған өтініштердің нәтижелері бойынша конкурстың көп бөлігі медицина, журналистика, құқық, дизайн, педагогика және психология бағыттарында жүргізілді.

Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың айтуынша, мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 47%-дан астамы инженерлік, өңдеу және құрылыс, IT-технологиялары саласын қамтыды. Бұл тізімде техникалық білім беру бағдарламаларының тобы бойынша коммуникациялық технологиялар, биологиялық және аралас ғылымдар қарастырылды. Сондай-ақ, педагогикалық ғылымдарға 8276 грант, жаратылыстану ғылымдары, математика, статистикаға 4088 грант берілді. Тиісінше, 2200 грант қызмет көрсету саласына, 1615 грант өнер және гуманитарлық ғылымдарға бөлінді. Ауыл шаруашылық ғылымдары және ветеринарияға – 2435 грант, ал, әлеуметтік ғылымдар, бизнес және экономика салаларына 2183 грант берілді.

Биыл сондай-ақ, колледж бітірушілердің бейіні бойынша, мамандықтармен қысқартылған формада жоғары білім алуын қолдау мақсатында 3040 грант бөлінгенін айта кеткен жөн. Ауыл жастарына «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» жобасы аясында 5109 грант берілді. Жекелеген категориялар үшін де (жетім балалар, мүгедектер, ауыл жастары, қазақ диаспорасы) квоталар қарастырылды.

– Көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары үшін республика бойынша 5 мың грант бөлінген. Оның 195-і облыстағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына беріледі. Осы мақсатта Қарағанды облысының білім басқармасы Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және жеке пәндер бойынша маусым айында ҰБТ тапсырған, 50 және одан да көп балл жинаған көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан түлектер тізімін ұсынды. Оған қоса, облыстық бюджеттен бөлінген 60 грант педагогикалық ғылымдар, ветеринария, өнер және мәдениет, гуманитарлық, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларын қамтиды, – деді облыстың білім басқармасының маманы Гүлдана Нұрсұлтан.

Сала маманының сөзіне сүйенсек, облыс бойынша грантқа іліккен талапкерлердің нақты саны жоғарыдағы тізім түбегейлі шешім қабылданғаннан кейін белгілі болады. Білім гранттарын тағайындау 25 тамызға дейін жүргізіледі.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button