Бас тақырып

Білім беру: көшелі көрсеткіштер бар

Биыл еліміздің білім және ғылым саласында жүзеге асуы тиіс реформалар өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысумен өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде айтылған. Инновациялық идеялар мен жаңа бастамалар ұсынылған жиында мұғалім мен ата-ананың талабы да ескерілетіні белгілі болды. Нәтижесінде балабақшадан бастап жоғары оқу орындарында бірқатар жаңашылдықтар орын алып, тиісті шешімдер қабылданды. Соларға тоқталсақ…

 

PART TIME: СЫРТТАЙ БІЛІМ АЛУ ӨЗГЕРДІ

Өткен жылы жоғары оқу орындарында сырттай жоғары білім алудың бұрынғы форматы тоқтады. Бірақ, сол жылы тапсырып, сырттай білім алып жатқан студенттерге оқуларын белгіленген оқу ақысымен, келісілген уақытта аяқтауға мүмкіндік берілді. Жаңа жүйе Білім және ғылым министрлігінің part time балама жобасы аясында жүзеге асты. Бұл өз кезегінде жұмыс істейтін азаматтардың жұмысынан қалмай, кешке немесе демалыс күндері жоғары білім алуына ықпал етпек.

СТУДЕНТ ШӘКІРТАҚЫСЫ ӨСТІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қазақстандық студенттердің шәкіртақысы жөнінде «2016 жылдан бері шәкіртақы өскен жоқ. Оған себептер бар. Сондықтан да, студенттерді қолдау мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантурада оқитын жалпы саны 133 мың студенттің шәкіртақысын 25 пайызға өсіруді тапсырамын» – деді. Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің айтуынша, биылғы қаңтардан бастап орта оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы 16 759 теңгеден 20 948 теңгеге дейін, ал жоғарылатылған шәкіртақы 19 272 теңгеден 24 090 теңгеге артты. Сондай-ақ, бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20 949 теңгеден 26 186 теңгеге, магистратурада 53 530 теңгеден 66 913 теңгеге өссе, докторантурада оқитындардың шәкіртақысы 81 998 теңгеден 102 498 теңгеге артты.

ПЕДАГОГТІҢ МӘРТЕБЕСІ АРТТЫ

Қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы 19 баптан тұрады. Нормаларды жүзеге асыру үшін 2024 жылға дейін бюджеттен 5 трлн. 3 млрд. теңге бөлініп, білім беру саласында істейтін 500 мың мұғалімнің жалақысы екі есеге артады деп күтілуде. Яғни, биылдан бастап жалақы 25 пайызға өсіп, 4 жыл ішінде екі есе артады. Жаңа жүйе бойынша балабақша, колледж педагогтері де біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақының 30-50 пайызы аралығында қосымша ақы алады. Заң аясында артық жұмысқа тартуға тыйым салу арқылы педагогтің жүктемесін азайту көзделіп отыр. Ұстазды артық жұмысқа жеккендерге 20 АЕК-тан 120 АЕК-ке дейін (50 500-ден 303 000 теңгеге дейін) айыппұл салынады. Жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін де дәл осындай айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ, сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақы екі есеге өсіріледі. Педагогикалық шеберлік үшін де үстеме төленеді. Барлық педагог үшін еңбек демалысын 56 күнге ұзарту, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу де қарастырылған.

Заң жобасына сәйкес, енді мұғалімдердің балаларына балабақшадан бірінші кезекте орын беріліп, ұстаздарға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапатын бекіту көзделіп отыр. Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауыл мұғалімдерінің еңбекақысын арттыру, «Үздік педагог», «ЖОО-ның үздік оқытушысы» гранттары сияқты әлеуметтік кепілдіктер де заң аясында жүзеге асады.

ОҚУЛЫҚТАР – ЭЛЕКТРОНДЫ ФОРМАТТА

Алдағы уақытта оқушылар қарапайым қағаз оқулықтарды планшет немесе ноутбуктерге алмастырады. Бұл оқушылардың мектепке ауыр сөмке тасымай, қажетті кітапты QR-код арқылы жүктеп алуына тиімді. Бірақ, планшеттер пайда болғанымен, дәстүрлі қағаз оқулықтан білім алу жойылмайды. Электронды форматты таңдау – ата-ананың өз еркінде.

2021: «ӘЛІППЕ ҚАЙТА ОРАЛАДЫ»

Өткен жылғы тамыз конференциясында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде 2021 жылы қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесіндегі Әліппе енгізілетінін мәлімдеді.

  • Ұстаздар болсын, ата-аналар болсын көптен Әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселе – өте маңызды. Біз Әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізілетін болады, – деді Асхат Аймағамбетов.

ЕКІ ЖАСТАҒЫЛАР – БАЛАБАҚШАҒА

Министр сондай-ақ, тамыз конференциясында жаңа бағдарлама бойынша балалардың жас ерекшелігіне байланысты бүлдіршіндерді балабақшаға екі жастан қабылдау жүзеге асатынын атады. Бұл туралы министр «Бүгінде балабақшалар үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Бірақ, балалардың көбі 6 жасқа тола салысымен мектепке барып жатыр. Сондықтан, балаларды екі жастан бастап балабақшаға қабылдау мәселесін көтеріп отырмыз. Сонымен қатар, балабақшаның жұмысын тамызға дейін ұзарту керек. Осыған байланысты арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз» – деді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button