Бас тақырып

Білім бағаға байланды ма?

Қазір күнделікке баға қойылмайды. Ол да «Әліппе» секілді оқушысынан алыстады. Кішкентай қуанышын бөлісіп, «апа, мен 5 алдым» деп келетін бала да жоқ. Жаңа жүйеге еті үйрене бастаған заманауи ата-аналардың күні таң атқаннан кеш батқанға дейін «Bilimal. kz» электронды күнделігіне телмірумен өтеді. Ескі жүйеден үмітін үзбегендері әлі де баладан баға сұрап жүр. Жаңа бағдарлама жаңалық әкелді дей аламыз ба? Ата-ана жүйені қалай түсінді? Ұстаздар не дейді?

Сурет интернеттен алынды

«2019 жылы – 30 мектепте пилоттық жоба»

Жаңа білім беру бағдарламасы Кембридж технологиясына негізделген. Жеті модульдің біріне орай, оқу және жазуды үйрете отырып, сыни тұрғыдан ойлауды дамытады. Алайда, бұл өзгеріске әу баста дайын болмаған бастауыш сыныптың оқушылары дұрыс жазу мен оқудан алшақтап қала жаздады.

Кейін, оқушыға жазуды үйретуі «жаңа оқыту технологиясына жат» деген түсінік пайда болды. Оған қоса, әлі еркін оқып-жаза алмайтын балаларды деңгейлер және бағыттар бойынша оқыта бастады. Тіптен, бастауыш мектептің оқушыларын топтарға бөліп, пікір алмасу арқылы оларға бір-бірін бағалатпақ болды. Қош, бастауыш сыныптың оқушылары әңгімелесіп, пікір алмассын. Бірақ, сауаты ашылмаған оқушылар бір-бірін қалай бағалайды?

Сөйтіп, білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асты. Критериалды бағалау жүйесі қалыптастырушы және жиынтық бағалаумен ерекшеленді. Қалыптастырушы бағалау оқытуға бағытталса, баға қою және қорытындысын шығару үшін жиынтық бағалау қажет.

Бірақ, жаңартылған білім беру мазмұнына көшудегі басты қағида – орта мектептерде оқушылардың оқу жетістігін бағалаудың тиімділігін арттыру болатын.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде еліміздегі оқушылардың 73%-ы білім берудің жаңартылған мазмұнымен қамтылған (2016 жылы – 12,6%, 2017 жылы – 43%).

Ал, 2015-2016 оқу жылында 1-сыныптарда, 2016-2017 оқу жылында 2, 5 және 7-сыныптарда, 2017-2018 оқу жылында – 3, 6 және 8-сыныптарда жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламалары мен оқулықтар апробацияланды.

2018-2019 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап апробациядағы 30 мектеп пилоттық жоба ретінде 4, 9 және 10-сыныптарға жүргізіліп жатыр. Әр тоқсан сайын жаңартылған мазмұнды енгізудің аралық қорытындылары шығарылады. 30 пилоттық мектепте жиынтық сыныптар саны – 143. Апробацияның жалпы қорытындысы 2018-2019 оқу жылының соңында шығарылады.

Бұл жөнінде облыстық оқу-әдістемелік орталығы директорының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру ісі жөніндегі орынбасары Бақытгүл Әбдікерова:

– 30 пилоттық мектеп негізінде Қарағандыдағы №3 гимназия мен Нұра ауданындағы №2 мектептегі 4, 9 және 10-сыныптарда жаңа білім беру бағдарламасы сараптамадан өтіп жатыр.

Мұғалімдер кемшін тұстарын анықтап, бізге ұсынады. Ұсыныс тиісінше Білім және ғылым министрлігіне жолданады.

Ал, ата-аналармен жаңа білім беру бағдарламасына қатысты сынып жиындары өтіп тұрады. Мұғалімдерге арналған арнайы нұсқаулықтар, сондай-ақ порталдар жұмыс істейді. Мәселен, облыс ұстаздары өткен аптада ұйымдастырылған экочеллендж аясында экологиялық бағытта тоқсандық жиынтық бағалау жасап жатыр, – дейді.

Талпыныс әлде қабілет?

Қалыптастырушы бағалау әр пәнде әртүрлі тәсіл арқылы көрініс береді. Тапсырма оқушының жеке бас қызығушылығын арттырады. Шәкірт талпынысы кенже қалып, «қабілеті» алға шығады. Талпынысы жоғары, бірақ, үлгерімі нашар балалардың өз күшіне сенімі төмендейді.

Қарағандыдағы М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның педагог-психологы Меруерт Қошанова:

– Дәстүрлі сабақтарда бала күнделікті оқып, дайындалса, жаңа бағдарламада сабақты күнделікті қайталамайды. Оқушыларда мұғалім сабақ сұрамайды деген түсінік қалыптасқан. Өйткені, күнделікті оқығаны күнде бағаланбайды, – дейді.

Психологтың айтуынша, дәстүрлі білім жүйесі отандық ақын-жазушыларды көп оқытатын. Жаңа бағдарлама әлемдік жазушыларға мән берген. Оның үстіне кейбір оқулық өте үлкен әрі ауыр. Бұл – баланың психологиялық-физиологиялық дамуына кері әсер ету мүмкін.

Мәселен, оқушылар математикада алгоритмдер жөнінде түсінік қалыптастырады. Кейбір теңдеулерде математикалық тәсілдерді қолданудың бірнеше дұрыс нұсқасы болады. Тапсырмалар нақты мысалға сүйеніп, талқылауды қажет етеді. Талпынысы жоғары оқушы тереңірек зерделегісі келіп, формула ойлап табуы мүмкін.

Ал, жаратылыстану пәндеріндегі жағдай мүлдем бөлек. Ғылым табиғат құбылыстарын жіті түсіндіріп бергенді ұнатады. Мұнда оқушы дәйектерді ұғынбаса, мұғалім оның сөзін жоққа шығаратын немесе көзін жеткізетін нақты түсініктеме ұсынуы қажет. Бұл жерде оқушыға тек бір ғана дұрыс жауап бар деп айта алмайсыз. Балмен шектеу оның дүниетанымына кері әсер етеді.

Сөйтіп, тоқсан соңында ішкі жиынтық бағалау тапсырмалары тест арқылы бағаланады. Онда талпынысы бар әрі логикасы мықты бала ойын түсіндіріп жеткізе алмайды. Бір сөзбен айтқанда, қалыптастырушы бағалау – кеңінен ойлауға шектеу қояды. Қабілеті бар бала да, үлгерімі нашар, бірақ талпынысы жоғары оқушы да бірдей баға алады. Білімді бағаға байлау дегеніңіз – осы.

«Қағазбастылықтан құтылған жоқпыз»

Жаңартылған оқу бағдарламасымен жұмысты бастаған 1-сынып мұғалімдерінің айтуынша, оқу жылы барысында көп ата-аналар жаңа бағалау жүйесін түсінбеген. Бағалау жүйесі үшін әр оқушыға портфолио – міндетті. Ал, портфолио жүргізу уақыттан бөлек, материалдық шығынды талап етеді. Бір сыныпқа орта есеппен 12 қорап қағаз (А4) кетсе, оған күнделікті сабақ жоспарын шығару қажет.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, үш жылда педагогтарды жаңартылған мазмұн бағдарламалары бойынша курстардан өткізу 75%-ды құрады. Бүгінгі таңда 208 мың мұғалім жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ бергені үшін үстеме ақы алады.

Егер «Bilimal.kz»-те құжаттар электронды түрде көрсетілген болса, жоспарды қайта шығарып, мектеп әкімшілігіне өткізу қаншалықты тиімді? Әр қорап қағаздың құны 1200- 1500 теңгеден. Оқушылардың ата-аналарынан ақша жиналмасын деген талап тағы бар.  

Түйін

Англия мен Шотландиядағы білім беру саласында оқыту үшін бағалау жүйесі ойлап табылған. Лондондағы білім саласының мамандары Пол Блэк және Дилан Уильямнің «Қара жәшік ішінде: сыныпта бағалау арқылы оқыту стандарттарын арттыру» мақаласында қалыптастырушы бағалау жөнінде (Фи Дельта Каппан, қазан, 1998, 139-148-беттер) айтыпты. 2002 жылы басып шығарылған кітапша Біріккен корольдікте кеңінен таралған.

Отандық ғалымдар «Критериалдық бағалаудағы ағымдағы және қорытынды бағалар қоры арқылы оқушы еңбегінің нәтижесін көрсетуге болады. Білімді бағалаудың объективтілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді» дейді. Пікірге қаншалықты келісуге болады?

Ата-ана Перизат Жаппарова (аты-жөні өзгертілген): «Балдық жүйе – ата-ана мен мұғалім арасын алшақтатады. Балл сұраған ата-ананы мұғалім жақтырмайды» десе, мұғалімдер: «Оқушыға қойған балл мәнін атаанаға түсіндіреміз деп қатемен жұмыс жасауға уақыт жоқ» дейді.

Биыл тұңғыш рет «Педагог мәртебесі» туралы Заң қабылданады.

Отандық білімге концептуалдық бағытты айқындау керек-ақ.

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button