Білім бәйгесінің бір күні

Кеше облыс орталығында арнайы жабдықталған үш пунктте ҰБТ сынағының кезекті кезеңі өтті. Сынаққа 1656 түлек қатысты.

Жолымыз ҚарМУ-дың бас ғимаратына түскен. Студенттер сарайы толған түлектердің ата-аналары мен туған-туыстары. Мәлімет кешке қарай белгілі болатынын білсе де, жұрт таң атпай осында ағылған. Ниеттері – балаларына қолдайтын жанашыр жандардың бар екенін ұқтыру, алаңсыз жоғары ұпай жинауларына моральдық көмек көрсету.

Тәртіп қатал, барлық жерде бейнебақылау камералары орнатылған, бас ғимараттың жұмысы тоқтатылып, күзеттің қырағылығы күшейтілген. Төрт секцияға бөлінген талапкерлердің екеуі – қазақ тобы, қалған екеуі – орыс тобы. Акт залында үлкен экраннан ҰБТ-ны тікелей жақындары бақылап отыр. Сонымен қатар, екі кіші экран қойылған, жақыннан көру үшін. Біз де елмен бірге экранға үңілгенімізде, ешқандай шпаргалка, телефон ұстап отырған оқушыны байқамадық. Бақылаушылар жіті қадағалауда. Келеңсіз жайттар, түсініспеушіліктер орын алған жоқ, барлығы тыңғылықты ұйымдастырылыпты.

Жиналғандардың ішінде сазгер-әнші Марат Бекішев, ғалым Жансая Жарылғапты кездестірдік. Көңіл-күйлері жақсы, перзенттерінің жоғары балл жинайтындарына сенімді. Ал, Шахтинск қаласы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің директоры Арарат Есмағамбетов 20 талапкер әкеліпті. Биыл білім ордасының екі оқушысы мектепті «Алтын белгіге» аяқтаған.

  • Осымен екінші рет келіп отырмын. 5 жыл бұрын үлкен немерем М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияны үздік бітіріп, ҰБТ-да ойдағыдай нәтиже көрсетіп, Алматыда жоғары оқу орнын аяқтады. Бүгін тағы бір немерем тест тапсырып жатыр. №39 гимназияның ұстаздар құрамы өте білікті мамандардан жасақталған, ризамын. Бастысы тәртіп бар. ҰБТ-ның ұйымдастырылуынан да тәртіп пен ұқыптылықты байқап отырмын. Өзім педагог болғасын алдымен тәрбиеге, тәртіпке қараймын. Жастар – еліміздің ертеңі. Сондықтан, бәсекеге қабілетті болулары керек. Немеремнің жоғары ұпай жинайтынына сенемін, – дейді техника ғылымдарының кандидаты Зейнеп Жұманова.

Таңертеңгі сағат 10.00-де басталған сынаққа берілген уақыт шамаласып, талапкерлер ақырындап шыға бастады. Біз де жұртпен бірге есікке ұмтылдық.

  • Математика бағытын таңдаған едім. Бірақ, осы пәннің сұрақтары маған қиындық туғызды. «Бағдарламашы» мамандығына түскім келеді. Барлық оқушылар жақсы дайындалып келіпті. Көңіл-күйіміз жақсы, өз тобымнан заң бұзушылық немесе басқа жағдайларды байқамадым. Бәрі нақты түсіндірілді, уақыт та жеткілікті болды. «Жақсы» деген нәтиже көрсеткеніме сенімдімін, – дейді №27 орта мектеп бітірушісі Илья Кружнов.

Ал, №36 орта мектептің түлегі Аружан Қапан заңгер мамандығы бойынша ҚарМУ-ға түскісі келеді. «Бәрі жақсы болды, өзім біліп тұрып белгілеген жауаптарым біраз болды. Қиын сұрақтар да жоқ емес. Көңіл-күйім өте жақсы. Алдын ала тест тапсырғанда 100 ұпайға дейін жинағанмын. Бүгін де жоғары нәтижеге жеттім деп ойлаймын» – дейді ол.

Ресми деректерге сүйенсек, ҚарМУ базасында өтетін ҰБТ сынағына 1900ға жуық түлек қатысады. Сынақ 26, 29, 30-маусым күндері жалғасын таппақ. Бастапқы екі күн, мектеп түлектері тест тапсырса, соңғы екі күні орта арнаулы оқу орындарын бітірген түлектер бақтарын сынайды.

Кешегі күн қорытындысында ең жоғарғы көрсеткіш 133 балл болса, орташа нәтиже 73,5 баллды құрады. Ал, ең төменгі көрсеткіш – 14 балл.

Жәлел ШАЛҚАР.