Білікті маман — сауатты жұмыс

Біз қазақстандық полицияны құруға атсалысқан және онда қызмет етуші жандарды құрметтеп ұлықтаймыз. Өз ісіне жауапкершілікпен қараған, халықтың мақтанышы болып, елдің сенімін ақтаған кадр қызметкерлерінің бай тәжірибесі – бүгінгі күннің жетістіктері. Әрқашан да білікті басшы, сауатты кадрлар өскелең ұрпаққа, жас қызметкерлерге өнеге, үлгі болып келеді. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері ішкі істер органдарына 35 жылдан астам уақытын арнап келе жатқан Күлзира СӘДУАҚАСОВА.

Өмірінің тең жартысынан астамын тәртіп сақшыларының кадры мен қасиетіне арнаған Күлзира Садуақасова бүгінде алпыстың асуынан асқан жан. Ресей Федерациясындағы Қорған облысының тумасы. Оқуын тәмамдағаннан кейін ішкі істер органдарында 1980 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Қарапайым кадр инспекторынан Ішкі істер департаментінің Кадр жұмысы басқармасында полковник шеніне дейін жоғарылап қызмет атқарды. Саналы ғұмырын ішкі істер департаментіне арнаған ол осы саланың ең жоғарғы марапаттарын иеленген. Атап айтқанда еңбегі еленіп, Ішкі істер министрінің де «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Күлзира Қаликенқызының тәжірибесі мол маман ретінде, жалпы ішкі істер органдарындағы кадр жүйесі, жақсы кадр даярлау жөнінде де айтары аз емес.

«Ішкі істер органдарына кәсіби кадр дайындау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Полиция қызметкерлерінің кәсібиліктерін арттыру, білікті мамандар даярлау – бүгінгі күннің талабы. Сіз бен біздің қолданыстағы ішкі істер органдары жүйесі үшін кәсіби кадр мәселесі қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. «Білікті маман – баға жетпес кадр» деп тегін айтылмаса керек. Басшы кез келген мәселені шешу үшін сауатты кадрлар мен тәжірибелі мамандарды іректеуді қолға алады. Өкінішке орай, осы мамандық иелерінің еңбегі кейде ескеріле бермейтіні рас» дейді.

Расында қазіргі полиция имиджінің қалыптасуына жасампаздық жұмыс жасалып жатқан кезеңде бізді тек білікті, қабілетті және жаны да, ары да таза кадрлар ғана ілгерілете алады. Олар жеке басының жүріс-тұрысы, сөзі, тұрмысы, жұмыс істеу мәдениетімен, ізденуімен, жаңашылдығымен жеке құрамға өнеге болып, өз ұжымымен бірге еңбектеніп, бірге өрістеуі тиіс. Тәуелсіз мемлекетімізді өркениетті елге айналдыру жолындағы қажырлы істе әр полиция қызметкеріне – өз халқына жауапкершілікпен қарау жүктеліп отыр. Бұл қасиеттің барлығы кейіпкеріміздің бойынан табылады. Кәсіби біліктілігі жоғары маман иесі көрген-білгенін келер ұрпаққа дәріптеуден жалықпайтындығын да жеткізді. Біз де өз кезегімізде Күлзира Қаликенқызын төл мерекесімен құттықтап, мінсіз қызметі үшін зор алғысымызды білдіріп, отбасына және жақындарына мықты денсаулық, бақыт, береке тіледік.

Қуаныш МЕДЕУБАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.