Білікті басшымыз еді

Биыл «Орталық Қазақстан» газетінің негізін қалаушылардың өзіміз шартты түрде үшінші буынына жатқызатын азаматтардың үлкен бір тобы – 50-ші жылдардың басында Алматыдан журналистика факультетін бітіріп келген қаламгерлер тірі болса, торқалы 90 жасқа толар еді. Олардың шығармашылық ізі газет тігінділерінде мәңгібақи сақтаулы. Өзіміз көзін көрген, ұлағат алған ұстаздарымызды туған күндері қарсаңында еске алу – ертеден келе жатқан дәстүр. Басқа да қалам ұстаған аға-аталарымыздың түрлі мерейтойлары болмақ екен. Ендеше, бұрыннан қалыптасқан «Қарағанды қаламгерлері» айдары аясында аяулы азаматтарымыздың есімдерін еске алатын боламыз…

Көгілдір Көкшедегі Қошқарбай ауылы Зерендіден онша қашық емес. Ұсақтау картасызбаларда аты көрсетілмейді де. Осында көмірлі-темірлі өлкенің айнасына айналған облыстық газеттің белді қызметкері, талай жас өскін журналисттердің тәлімгері болған қарымды қаламгер, білікті басшы, республикамыздың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Есімбек Бәйтенов ағамыздың мүрдесі жатыр. Ол осы ауылда 1929 жылдың ақпанында дүниеге келген.

Ескең жастық шағын Қарағандыда өткізген, осында Жамбыл атындағы мектепті 1946 жылы бітірген, кейін бүкіл ғұмырын көмірлі қалаға арнаған азамат. Сондықтан, қазақтың осы қасиетті өңірлерін тел еміп, ер жетті, екеуі де оның туып-өскен өлкесі болды дей аламыз. Әріптесі, әрі кластасы Асығат Темірбаевтың «Кешегіні жалғастырған келешекпен» атты естелігінде жазылғандай, журналисттік мамандықты тағы бір оқушы Қойшы Шаяхметов үшеуі ұстазы, оқу ісінің меңгерушісі Ш.Тагирова сол кездегі «Советтік Қарағанды» газетінің редакциясына экскурсияға апарғанда ұнатып қалыпты. Өздері де ептеп өлең, мақала жазып жүруші еді. Қарағандылық газет редакциясында Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, Саттар Ерубаев, Шахмет Құсайынов сияқты қазақтың қабырғалы жазушы-драматургтері еңбек етті дегенді естігенде бұлар да ақырғы тоқтамға келген. «Журфакка түсеміз» деп шешкен. Арманшыл жастар күн сайын шығатын газет бетінен мақала-очерктерімен жиі көрініп, ар жағында кім біледі, классик болмаса да белгілі жазушы болуды да қиялдаған шығар…

Соғыстан кейінгі таршылық заманға қарамай бес жыл оқып, университетті ойдағыдай аяқтайды. Газет редакциялары мұндай жоғары білімді мамандарға зәру болып отырған кез ғой. Асығат және олармен бірге оқыған Егіндібұлақ ауданының тумасы Тоқан Әбуғалиев Шығыс Қазақстанға, Есімбек пен Қойшы және сол кездегі Ворошилов ауданы Жаңақала ауылының тумасы, бұлардан бір-екі жас үлкен Ораз Сағынаев үшеуі Қарағандыға жолдама алады. Ал 70-жылдары біз газетке келгенде Аскең мен Тоқаң да туған жерге қайтып оралып, құрдастары көкшетаулық Қайыркен Сұлтанов (журфактың 1950 жылғы түлегі) пен ақтоғайлық Масұғұт Халиоллин де (1957 жылғы түлек) еңбек етіп жүр екен. Сөйтіп, бес-алты курстастың, құрдастың басы «Орталықта» тоқайласыпты.

Журналистиканың теориясын меңгеріп, ұстаздарынан шығармашылық өнердің қырсырынан дәріс алған жастар тау қопаратындай болып келген еді. Ойда – еркін шығармашылықтың талай жоспарлары. Бірақ, облыстық партиялық газеттің жазар ауқымы, тілі мен стилі бөлек болып шықты. Бұлардың жазғандарын бөлім меңгерушілері шимайлап, өз мәнерлеріне келтіріп жатады. Есімбек пен Қойшының бұл тұрғыдан алғанда жолы болды. Екеуі де өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, сонау 30-жылдары Саттардың шәкірті болған, сол кездің өзінде «өндірістік журналистиканың халықтық академигі» атанған Қали Садықовқа тап болады. Қалекеңнің «шинелінен шығу» екеуіне де зор олжа болды деу керек. Өйткені, Ораз Сағынаев аталмыш кітаптағы «Менің өмір мектебім» деген естелігінде Шәкен Мұстаханов, Рапық Фазылов деген журфак түлектері газеттің қасаң стиліне, бөлім меңгерушілерінің «қыспағына» шыдай алмай, басқа салаға ауысып кеткенін жазады. Шынында да таудай талабы бар талай азамат газеттің ауыр жұмысына көндіге алмаған көрінеді. Екеуі де біраз жылдан кейін бөлім меңгерушісі болып жоғарылатылды. Тіпті, өз ісіне тиянақты, орыс тіліне жетік Ескең облыстық партия комитетіне жауапты қызметке шақырылады. Бірақ, ол партиялық лауазымды мансап тұтпай газет редакциясына қайтып оралып, ұзақ жылдар газет штабының басшысы – жауапты хатшы және 1974 жылдан 1989 жылы зейнетке шыққанша редактордың бірінші орынбасары қызметін мінсіз атқарды. Бейсек Исабеков, Сейфолла Оспанов, Рамазан Сағымбеков, Тілеухан Жүсіпов, Нұрмахан Оразбеков сынды бірінен бірі асқан редакторлармен тіл табысып, қоян-қолтық жұмыс жасады.

Есімбек Айдарханұлы Қарағанды сияқты республикамыздағы ірі индустриялық облыстың қазақ тілінде шығатын газетінің қайта түлеп, іргелі баспасөз органы болуына аянбай тер төкті. Оның қаламынан туған көптеген әсерлі мақалалар мен очерктер, проблемалық корреспонденциялар жұршылық сүйсіне оқитын рухани азыққа айналды. Әсіресе, редакцияға өзінен кейін келген жас толқынға ақылшы аға, қамқоршы ұстаз бола білді. Оны кезінде Ескең туралы естеліктер жазған Базарбай Мұстафин, Ермағамбет Лұқпанов, Сүйіндік Жанысбай, Мағауия Сембай және осы жолдардың авторының жазбалары дәлелдейді.

«Газет жұмысын Ескең бәрінен жоғары қоятын. Сол кезде аптасына алты рет шығатын газеттің соңғы бетіне қол қойылғанша басы-қасында жүруші еді. Сондықтан болар, Сапура жеңгеміз «қайран Ескең ағаларың өз балаларының қайсысының қай класта оқып жүргенін білмеуші еді» деп ойын-қалжыңы бар еске алады» деп жазды бірде марқұм Е.Лұқпанов.

Ескеңнің өмірлік серігі Сапура жеңгеміз де бірге өмір сүрген жылдарын қимастықпен сағына еске алады.

– Біз Ескеңмен 38 жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Ол кезде қазіргідей әр журналистке бас-басына жеке пәтер беріле қоймайтын. Бастапқыда Қағазбек ақсақалмен бірге бір секцияда сығылысып тұрып жаттық. Ол кісінің бес баласы бар, үш қарындасы да кезекпен осы екі бөлмеде жатып оқиды. Біз бір бөлмедеміз. Біздің туыстарымыздың студент балалары да тұрады. Шіркін, сол кездің адамдарының пейілдері кең еді ғой. Ешкім қабақ шытпайтын. Кейін Совет даңғылынан кеңірек пәтер алдық. Жолдастарымыз көп, жиі-жиі қонақта боламыз. Ескең жұмысына берілген адам, қақ-соқпен жұмысы жоқ, тіпті, үй шаруасында аңқаулау да еді. Бірде кешкілік, Ескең жұмыстан кешіккен соң жақын көршінің үйінде болып, тамақ піскенше қисая тұрайын деп ұйықтап қалыппын. Ешкім оятпапты. Таңертең ерте жалма-жан оянып, үйге келсем, Ескең де тұрып, «Ерте оянып, не істеп жүрсің?» деп сұрайды. Сонда менің үйге қонбағанымды да байқамапты.

Ескең мен Сапура жеңгеміз алтын асықтай екі қыз, бір ұл өсірді. Олардан екі немере сүйді. Гүлнар мен Берік политехты, Гүлназ ҚарМУ-дің экономика факультетін бітіріп, өз мамандықтары бойынша қызмет етуде.

Ескең «Орталықтан» зейнетке шығысымен «Боздақтар» зерде кітабын шығарушы топтың құрамына еніп, қазақша бөлімінің редакторы болды. Мені аудармашылар құрамына алды. Әжептәуір қосымша табыс таптым. Сонысына ризамын. Бірақ, Ескең кітаптың томдарының жарыққа шыққанын көре алмай кетті. Қайтыс боларынан біраз.

бұрын мені іздеп жатыр деген соң Мичурин көшесіндегі үйлеріне бардым. Сөйтсем, Ескең әскерге алынып, әлі политехтағы оқуын бітірмеген Берікке сенде бар шығар деп оқулық кітаптар сұрады. Сонда сопромат. теормех, жоғары математика оқулықтарын әкеп бергенде қатты қуанды. Бұл менің Ескеңді соңғы көруім екен. 1993 жылғы тамызда қайтыс болып, туған жеріне шығарып салуға қатыстық.

«Боздақтар» үш томдығын шығаруға Ескең редколлегия мүшесі ретінде үлкен үлес қосты. Онда Ұлы Отан соғысында мерт болған қаншама боздақтар туралы архивтерден деректер жиналып, Қарағандының арнайы экспедициясы Ресейдің соғыс болған Ленинград, Новгород облыстарына барып, қаза болған, хабарсыз кеткен жауынгерлер туралы тың деректер жинады. Халық кезінде бұл үштомдықты жоғары бағалады. Жүздеген адамдар туыстарының аттарын көріп, алғыстарын білдіріп жатты.

Мысалы, Қарағандыдағы біз оқыған №2 мектеп-интернатының бастауыш сыныптар мұғалімі, зейнеткер Мәкөш Зәйітова «Орталық Қазақстан» газетінің 1995 жылғы 29 сәуірдегі санында күйеуі Зайырбек Сыраевтың 1940 жылы Қарқаралыдан әскер қатарына алынып, соғыстың алғашқы айларында-ақ хабар-ошарсыз кеткенін жазыпты. Сан жылдар бойы бір хабарды сарғая күтеді. Содан «Боздақтар» зерде кітабының 110-бетінде Зайырбек суретімен басылып, Могилев облысының Климовичи селосында жерленгені келтіріліпті. «Осынау тебіреністі сәтімде менің жолдасымның деректерін іздестіруге көп еңбек сіңірген «Боздақтар» зерде кітабын әзірлеуші жігіттерге, әсіресе, марқұм Есімбек Бәйтеновке шексіз алғысымды айтамын» – деп газетке ағынан жарыла жазады қарт ұстаз.

Есімбек ағамыз, сөз жоқ, артынан мол шығармашылық мұра қалдырды. Бірақ, бір өкініштісі, ертерек қайтыс болып кетті де, «ғұмыры бір күндік» деп аталатын газеттегі материалдарының басы құралып, кітап болып шықпады. Әйтпесе, жас журналисттерге ғибрат боларлық дүниелер баршылық. Өз басым өзгені қойғанда Ескеңнің 80-жылдардың басында жазған «Теңіз асып, ел танып» деген Испания сапарынан жолжазбасын кезінде құмарта оқығаным есімде. Онда журналист жат елдің табиғатын суреттей отырып, оны сол халықтың тарихымен, көркем шығармаларымен астастыра отырып баяндайды. Сонда жолжазба әсерлі шығады. Мәселен, қаламгер ағамыз Барселона, Мадридте болып, Гренадаға аттанғандарын былай баяндайды:

«Гренадаға тақала жер бедері мүлде өзгеше реңге бөленді. Биік шатқалдар мен жартастар, терең сай-салалар, жолдың екі жақ жиегі қалың ағаш. Осыны көргенде П.Мерименің «Карменіндегі» суреттелген жайлар көзге елестеді. Ана бір қалың жыңғылдың арасынан контрабандистер өтіп бара жатқан жоқ па екен, сұлу да тәкаппар Кармен Дон Хозе қолынан мына бір биік бәйтерек түбінде қаза тапты ма екен деген әсерде боласың».

Бұл жолдардың есімде қалғаны сондай, 2007 жылы Кубаға облыстық әкімшіліктің тапсырмасымен барған сапарымда әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэйдің Гаванада тамақтанатын кафесін сұрастырып тауып алып, жолжазбама қосқаным бар. Үлкендердің тәжірибесі ешқашан артық болмайды. Қайта рухани азық болары сөзсіз…

Аман ЖАНҒОЖИН,

«Орталық Қазақстан» газеті ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Суретте: композитор Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВ

(ортада) редакцияның бір топ журналистерімен

(солдан оңға қарай) Е.БӘЙТЕНОВ, Қ.СҰЛТАНОВ,

Б.МҰСТАФИН, Ә.ӘЗИЕВ және М.ХАЛИОЛЛИН (1976 ж.).