Бас тақырып

Әбігерге салған ақ боран

Апталап соққан ақ боран Арқа жұртын әбігерге салып қойды. Құтқарушылар ауа райы қолайсыз кезде алыс жолға шықпауға шақыруда. Бірақ, оны елеп, ескерген адам аз. Күн сайын ұзын жолдың бойында қарға малтыққан көліктерден ондаған, тіпті, жүздеген адам құтқарылуда. Бұдан бөлек, қалаішілік жолдардағы көлік қатынасы да айтарлықтай қиындады. Толығырақ тарқатсақ…

Құтқару жұмыстары жалғасуда

«Ат құлағы көрінбейтін» ақтүтек боранға байланысты облыс аумағындағы барлық бағыттағы автокөлік жолдары жабылды. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Теміртау, Абай қалалары, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Ұлытау, Нұра және Осакаров аудандары аумағындағы тас жолдарда құтқару жұмыстары жүргізілді. Мәселен,  «Алматы – Екатеринбург» тас жолының 1047-1073 шақырымында жиырмадан астам жүк көлігі, 40 жеңіл автокөлік және автобус қар құрсауында қалып қойған. Құтқарушылар түні бойы қарлы боранға қарамастан құтқару жұмыстарын жүргізіп, 27 қаңтар күні таңғы 6.30-ға дейін 187 адам Теміртау қаласына жеткізілді. Сондай-ақ, Теміртаудың «Ракета» демалыс аймағында тұрып қалған 10 көліктен 35 адам құтқарылды. Қар құрсауынан шығарылған азаматтар медициналық көмекке жүгінген жоқ.

Дәл сол күні Ұлытау ауданында «Қызылорда – Павлодар» тас жолының 363 және 233 шақырымдарында жолда қалып қойған 6 көліктен 26 адам құтқарылып, Жезқазған қаласына жеткізілді. Ал, Бұқар жырау ауданының Тоғызқұдық ауылынан 5 шақырым жерде 4 машина қар құрсауында қалып қойған екен. Олардан 10 адам құтқарылып, көліктер тазартылған жолға шығарылды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тек, 27 қаңтарда ғана аймағымызда жолда қалып қойған 319 адам құтқарылған. Олардың ішінде 82 адам жылыту бекеттеріне жеткізілді.

Қазіргі таңда құтқару жұмыстары жалғасуда.

Қалада қозғалыс қиындады

Долы боран қалаішілік көлік қозғалысына да айтарлықтай қиындық туғызды. Жолдың тазалығына жауап беретін мекемелер қалың қарға қарсы қауқар таныта алмай отыр. Әлеуметтік желіде Майқұдықтағы автостанциядан шыға алмай тұрған автобустардың, қалың қарға батып қалған жедел жәрдем көліктерінің видеолары таралуда. Бұл кеше таңғы уақытта болған оқиға. Облыс орталығындағы күрделі мәселеге аппарат жиынында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек назар аударды.

  • Майқұдық автостанциясынан адамдардың шыға алмай қалғаны туралы ақпарат алып отырмын. Түнде жолды қар басып қалған. Ал, тазарту жұмыстары сылбыр жүргізілуде. Тұрғындар тарапынан техника, адам ресурстары тапшылығына және жауапты мекемелердің шапшаңдығына қатысты сын айтылуда. Бұл – нақты бір аудан немесе қалаға ғана емес баршамызға ортақ мәселе. Сондықтан да, оны жедел шешу қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.

 Аймақ басшысы сонымен қатар, республикалық және облыстық маңызға ие автокөлік жолдарындағы ахуалды да басты назарда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, Bizbirgemiz акциясы аясында қаланың тазалығына белсене көмек көрсеткен еріктілерге алғыс білдірді.

Облыстың жолаушы тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтоновтың мәлімдеуінше, бүгінде жолдарды уақытылы тазарту және қауіпсіздікті сақтауға 52 мердігер компания 800 дана техника жұмылдырылған. Қаңтар айы басталғалы Қарағанды қаласына қалыпты нормадан екі есе көп қар түскен. Бұл қарды уақытылы тазалау жұмыстарына айтарлықтай қиындық келтіруде екен. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек жауапты мекемелерге бір аптаның ішінде қаланы қардан тазартуды тапсырды.

P.S: Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ауа райы қолайсыз кезде тұрғындарды алыс жолға шықпауға шақырады. Әсіресе түк көрінбейтін ақтүтек боран кездерінде жолда қалып қою қауіпі жоғары. Құтқару қызметі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бірақ, тұрғындар да өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдауы тиіс.  Ауа райының өзгеруі және автожолдардың жағдайы туралы ақпаратты  «Дәрмен» мобильді қосымшасынан және ТЖД ресми сайтынан алуға болады. 

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.

 

Басқа материалдар

Back to top button