Баған

Беташардың берекесі кетті

Ежелден үзілмей бүгінгі күнге жеткен тағылымы мол салт-дәстүрлеріміздің бірі – беташар еді. Беташардың да берекесін кетірдік.

Естігенімізді емес, көргенімізді айтқан жөн. Тойлардан, әлеуметтік желіден кәдімгі беташардың қазіргі нұсқасын көріп, жерініп жүрміз. Бүгінде беташарды кәсіп қылып алған асабалар даңғырлақ музыкамен елдің құлағын сарсытып, миын ашытып болды. Қазақтың домбырасымен, әуезді әнімен ашқанға не жетсін?! Кез келген адам өз ойына келген дүниесін және жұртымызға жат әуенге салып айтып, ұятты белінен басып, беташарға әзілді орынсыз кірістіріп жіберген. Мұның соңғы салдары неге апарып соқтыратынын сіз бен біз жақсы білеміз. Өз тілдерінде айтқанда, «ырымын жасай салсақ болады» деп ойынсауықты артық көретіндер қазақтың дәстүрлерін бастапқы күйінен, әуелгі әлеуетінен, маңызы мен мазмұнынан айырып бітті. Кейбір келіннің иығы да жалаңаш, төсі де жалаңаш, бүкіл жүзі көрініп тұратын ақ желегімен шыға салады. Мұның несі беташар?! «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмай тұр.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты еңбегінде беташарға арнайы бір тарау арнаған еді. Онда қазақ отбасында жаңа түскен келінге арналатын өсиетті тізіп, жаңа келген елінде әдепті, еңбекшіл, өнегелі, үлкен мен кішіге ізетті болуға тиістілігі ғибрат, ескертпе ретінде қамтыған. Мәселен, «ел-жұртыңа жақ, келін, ата-енеңді бақ, келін, кісі келсе үйіңе, киізіңді қақ келін…» деген мысалдарды келтіріп, толық нұсқасын берген.

Ал, қазіргі беташарды бизнеске айналдырған асабалар қалталыларды көпірте мақтап, жұртты мезі етеді. «Ағайындар, сәлемнің бәрі платный» деп тойға келген қауымды бір «күлдіреді». Бесіктегі балаға дейін атын атайды. Ұзынсонар елдің есімін атағанша, тәрбиелік мән-мағынасы бар арнауларын айтса тиімді болар еді.

Беташардың кейбір атрибуттары ұмытылып кеткен. Мәселен, жаңа түскен келiннiң бетiне ұстаған орамалдың шетiне қамшы байлау салты орындалмайды. Бүгiнгi жұрт орамалдың шетiне неге қамшы байланатындығын бағамдай алмай жүр. Елдің көбі қамшыны тек атқа мінген адамның қолындағы құрал деп қабылдайды. Ақиқатында, ата-бабаларымыздың әйел адамға қол тигiзбей, әрi кетсе, қамшымен ғана жасқауында ерлiкке, өрлікке бастайтын тылсым мән-мағына болған. Бұл жас келіннің ерінен ығып жүруі керектігін меңзейтін «көрнекі құрал» екендігін еске салғанымыз жөн.

Әлімсақтан әлемдегі ең алғашқы бет ашушы Адам ата болып есептелген. Хақ тағала Адам ата жалғызсырағаннан соң жанына жар етіп Хауа ананы жаратады. Қалың ұйқыда жатқан өзінің сол қабырғасынан жаралған әйел адамды алғаш көрген Адам ата есінен танып қалмас үшін Хауа ананың жүзін жасырып, ақ шілтер жапқан екен. Көз шырымын алып болған Адам ата Алладан игі тілек тілеп тұрып, ақ шілтерді көтеріп жұбайының ажарына сүйсініп қараған деседі.

Айтпағымыз «Бүгін бала келін болса, ертең ана келін, одан кейін дана келін бол» деп жақсы жолға үгіттейік.

«Беташар» деген қасиетті ұғымның қадіріне жете білейік!

Нұрдос КӘРІМ,

“Ortalyq Qazaqstan” газетінің ақпарат, құқық және бұқарамен жұмыс бөлімінің меңгерушісі

Басқа материалдар

Back to top button