Бес жасымда КГБ тергеген

Мен Бұқар жырау ауданының (бұрынғы Тельман) Қызылжар деген ауылында 1932 жылдың ақпанында туыппын. Сонда орта мектеп, жанында интернатта басқа ауыл балалары келіп жатып оқыды. Бұл тура бес жасымда болған оқиға, ешқандай қоспасы жоқ, шындық. Бестегі мені КГБ тергеді.


Үлкен ағатайым Қойшан деген ағайын жоғарғы класта оқитын. Соның қасында көрші Жаңаталап колхозынан Нұрсұлтан Әбутәліпов деген бала жүретін. Сол жылы үлкен сайлау болып, үй іші түгелімен көрші үйге үгіт естуге кетті де, мен үйде жалғыз қалдым. Біраз уақыттан соң ішім пысып, не істерімді білмедім. Содан ағайдың кітаптарының арасынан бір кітапты алып қарасам, бір сурет бар екен, қолыма қалам алып, суретті айналдыра сыздым да, кітапты орнына қоя салдым. Ертеңіне ме, ағай сабақтан келді де, кітаптарын лақтырып
жіберіп, өкіріп жылады. Сөйтсе, класта балалар суретті көре салып, мұғалімге айтқан ғой. Артынан білдім, ол Сталиннің суреті екенін. Бұл Қойшан кешегі үлкен молданың тұқымы, Сталинге қарсы дейді (Үлкен әкелеріміз Мұқаш деген молда болып, дүниесі тәркіленіп, өзі Сепкірайға жер аударылған, содан келмеді). Содан күнде тергеу, үй ішінен сұрайды, менен сұрайды.
Мен айтам: «кітапты өзім алдым, шимайлаған мен» десем, «саған кім үйретті, әкең, шешең, не ағаң?» деп. «Мені ешкім үйреткен жоқ» деймін. Әлгі екеуін мектептен шығарып жіберді. Қыстың бір кешінде ойнап келіп, тонған соң пешке жылынып отыр едім, ала көлеңкеде екі кісі келді. Біреуі бойы ұзын қара кісі екен, үстінде шинелі бар. Мен қорқып жылап жібердім.
«Сен Қисасың ба, қорықпа!» деді. Сосын болған оқиғаны сұрады, мен айтып бердім. Ол кісі менен «кітапты қайдан алдың» деді. Ол кезде ауылды жерде қабырғадан ойып шұңқыр жасап, соған ыдыс-аяқ қояды ғой, кітаптар сол қуыста тұратын. Мен сол жерді көрсеттім, ол мені сол қуысқа апарып: «көрсет» деді. Мен қол созып көрсеттім, тура жетті. Олар кетіп қалды. Екі-үш күн бе, бірде үйге ағатайым жолдасы екеуі келіп, мені құшақтап бетімнен сүйіп, «бізді құтқардың» деп жатыр. Сонымен бәріміз пәледен құтылдық. Міне, осылай мені КГБ тергеген.

P.S. КГБ-ның оғынан сақтап қалған ағамды немістің оғынан сақтай алмадым, ақыры…

Қиса ӘУБӘКІРОВ.
ШАХТИНСК қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.