Жаңалықтар

Бес басымдық – белеске жол

Елбасының әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз ету, салықты азайту арқылы еңбекақы көлемін арттыру, терең әрі қоғамға қажетті білім алу үшін гранттарды көбейтіп, жатақханалар салу, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, халықты газбен толық қамтамасыз етуді көздейтін әлеуметтік бастамалары үлкен қолдауға ие болды.

Елбасы Жолдауында айталған бес әлеуметтік бастамасының қайсысы болмасын қазақстандықтардың мүддесін көздейтіні даусыз. «Бұл елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба» деген Елбасы бастамалардың елдің болашағына арналған кең көлемді әлеуметтік жобалар екендігіне дәлел бола алады. Тәуелсіздікті алған осы жылдар ішінде біз көбіне экономикалық өркендеуге баса назар аударып келдік. Ол заңды да. Себебі, өндірісі өркендеп, экономикасы қарышты дамыған елде ғана әлеуметтік мәселелерді шешу мүмкін еді. Сондықтан да, Елбасының осы жайға баса назар аударып, енді әлеуметтік реформалар жасау кезеңінің келгенін атап өткені бекер емес. Бұл жерде елімізде осы күнге дейін әлеуметтік реформалар жасалмады деген ой туындамауы керек. Бүгінгі күнге дейін түрлі сала бойынша әлеуеттің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар жүргізді әрі олар әлі де жалғасын таба береді. Дегенмен, Мемлекет басшысының бұл жолғы бес әлеуметтік бастамасы көптің көкейіндегі негізгі деген мәселелердің нақты шешімін табуға бағытталғандығымен құнды. Елбасы халықтың әлеуметтік ахуалын арттыруға бағыттаған бұл тапсырмалардың екшеліп, есептеліп, алдын ала жоспарланғандығын айтты. «Мемлекет енді әлеуметтік мәселелерді батыл шешуді қолға алады, бұған біз жанжақты дайындықпен келдік» деді. Демек, бұл бағыттар іске асырылатыны сөзсіз. Бұл енді жерде мемлекеттің ғана емес, әр адамның етене араласатын ісіне айналды. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстарды бір арнаға бағыттап, әлі де жүзеге асырылатын шараларды жоспарлаған облыстық мәслихаттың депутаттары жаңа бастамалар қоғамды ортақ мүддеге ұйытуға ықпал ететінін айтуда.

Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі жарияланғаннан кейін облыстық мәслихат депутаттары сәуірмамыр айларында тұрғындармен кездесулер өткізді.

Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешов Октябрь ауданының жастары, қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Кездесуге арқау болған – басты бастамалар. Халықты ақпараттандыруды көздеген кездесу барысында Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастаманың мән-маңызы мен өміршеңдігі туралы жан-жақты сөз қозғалды. Серік Балғатайұлы президенттік бастамалар әлеуметтікэкономикалық және рухани жаңғыру жолындағы алдымызда тұрған үлкен міндеттерге қол жеткізуге бағыттайтын тарихи маңызы зор құжат болып табылатындығын айрықша атап өтті. Сол бастамаларды жүзеге асыру бойынша аймағымызда атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды.

Осындай мақсаттағы кездесулер облыстың барлық өңірлерінде өткізілді. Кездесу аясында жаңа бастамаларды іске асырудың жолдары көрсетіліп, механизмдері талқыланды. Арыстан Мағзұмов, Дмитрий Чернов, Марат Ибатов, Еркін Көбеев, Жанна Штергер, Гүлнара Ратаева сынды мәслихат депутаттары облыс орталығындағы түрлі мемлекеттік мекемелерде және ұйымдарда, жоғары оқу орындарында, медициналық көмек көрсету орталықтарында кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында тұрғындар өздерін мазалаған мәселелер туралы сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Салық жүйесін жетілдіру, «7-20-25» бастамасының аясында қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, ипотекалық қарыздарды, банк жүйесін қайта қаржыландыру және өңірлерді газбен жабдықтауға қатысты мәселелер қозғалды.

«Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қадиша Оспанованың Жезқазған өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында да бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. Оның ішінде, «KAZAКHMYS «MAINTENANCESERVICES» кәсіпорны қызметкерлерімен кездесуді атап өтуге болады. Аталмыш кәсіпорын тау-кен жабдықтарын өндіру және өңдеумен шұғылданады. Кездесуге қатысқан облыстық мәслихатының депутаты Бауыржан Шыңғысов сөз сөйлеп, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» маңыздылығын атап өтті. Кездесу барысында Жезқазған өңірі үшін ерекше маңызды жоба болып табылатын Жезқазған-Астана газ құбырының құрылысы жайлы мәселелер талқыланды.

– Газ бөлетін станция Талап кентіне жақын салынатынын ескерсек, сөз жоқ, Сәтбаев және Жезқазған қалаларына да газ тартуға болады. Бұл, өз кезегінде, тұрғындарды арзан энергетикалық ресурстармен қамтамасыз етеді және өңірдегі экологиялық ахуалға оң ықпал ететін болады,– деді депутат.

Бұл бастамалардың барлық қазақстандықтар үшін аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Халықты, әсіресе, жастарды тұрғын үймен қамтудың жаңа мүмкіндігі, жұмыскерлердің салық жүктемесін төмендету арқылы еңбекақысын арттыру туралы айтылды. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамуды іске асыратын әрі кәсіпорындарға қажетті білікті мамандады даярлау үшін жасалған мүмкіндікті де атап өтпей кетуге болмас. Техникалық мамандықтарға гранттар санын арттыру арқылы осы саланы жандандыруға ықпал жасалды. Шағын және орта бизнесті дамыту, өз кәсібін ашқысы келгендерге оқу курстарын ұйымдастырып, кейін сол білімі бойынша кәсібін бастауға қолдау сала-сала бойынша жасалуда. Ал, елді көгілдір отынмен қаматамасыз ету тұрғындарға шапағатын тигізетін игілікті шара.

Корпорацияның еңбек ұжымы спикерлерге сан алуан сұрақтар қойып, нақтылы жауаптар алды. Депутаттар «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС құю механикалық зауытының жұмыскерлерімен де кездесті. Мұнда да екі жақты пайдалы әңгіме өрбіді. Бауыржан Шыңғысов зауыт жұмыскерлерімен өңірдің экологиялық жағдайы туралы ойымен бөлісті.

– Астананы газбен қамту экологияны жақсартып, зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге азайтады екен. Жобаны жүзеге асыру біздің аймаққа да жаңа мүмкіндіктер ашып, дамудың жаңа серпінін әкеледі, – деген депутат құрылыстың бірнеше рет екшеліп пысықталғанын, сөйтіп нақты жобаға айналғанын атап өтті.

Еркін Жұмабеков Сәтбаев қаласындағы «Сәтбаев жылу-сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС, «Сәт Тазалық» ЖШС қызмектерлерімен, сондай-ақ, Сәтбаев қалалық орталық ауруханасының дәрігерлері және тұрғындармен кездесу жасады. Абай ауданында облыстық мәслихаттың депутаты Жомарт Таласпеков аудандық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасында, аудандық мәденидемалыс орталығында және №14 мектеп-лицейде тұрғындармен кездесті. Саран қаласында Александр Бойко «Карат» ЖШС зауытында және «Бақыт» ЖШС кездесулер өткізді. Сонымен қатар, халық қалаулысы Игорь Ахмеев «Шахтинская» шахтасында, сондай-ақ, «Құрылысмет» ЖШС №2 өндірісінде тұрғындырмен кездесу ұйымдастырды. Теміртау қаласында облыстық мәслихаттың депутаттары Ивин Георгиади мен Светлана Брамонтова бірқатар білім беру мекемелерінде, «ОРТАЛЫҚ ӨНЕРКӘСІП ҚҰРЫЛЫС» ЖШС, «ИМСТАЛЬКОНТЕМІРТАУ» ЖШС, «АвтоТехОрталықАзия» ЖШС, сондай-ақ, Цеснабанк пен Кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен кездесулер ұйымдастырды. Мұндай кездесулер қатары Жаңаарқа ауданында да да өткізілді. Облыстық мәслихаттың депутаты Ғазым Жарылғапов Ғ.Жарылғапов атындағы аграрлық колледжде, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы және С.Сейфуллин атындағы аудандық кітапханада кездесулер ұйымдастырды. Осакаров және Молодежный кенттерінің Мәдениет үйлерінде депутат Дулат Экзеков тұрғындармен кездесті. Аталған бұл шаралардың барлығының көздегені біреу – Елбасының бес әлеуметтік бастамасын халыққа жеткізу, осы орайда туындаған сұрақтар мен мәселелерді шешуге атсалысу. Бастысы, халықтың қоғамдағы тың өзгерістерге, жаңа мүмкіндіктерге дер уақытында қол созып, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға негіз болсын ниет пен тілек.

Өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша депутаттар бағдарламаның қазақстандықтар үшін маңыздылығын және Мемлекет басшысы таңдаған стратегиялық курстың әлеуметтік өміршеңдігін айрықша атап өтті.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button