Берекені еңбектен ізде

«Қолы қимылдамағанның, ауызы қимылдамайды» дегенді қазақ баяғыда-ақ айтқан. Осы бір қанатты сөзді еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрі Бердібек Сапарбаев та кеше ғана: «Әрбір қазақстандық, егер ол жұмыс істесе, оның жағдайы жаман болмайтынын түсінуі керек» – деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік жұмыс орындары қарастырылған. Әлеуметтік жұмыс орындарын әлеуметтік қызметкерлермен шатастырмау керек.

Әлеуметтік жұмыс орны жұмыс берушінің жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт негізінде әрі олардың жалақысын субсидиялау арқылы құрылатын жұмыс орны болып табылады. Жұмыс берушімен бір жылға жасалған шарт негізінде әр жұмыскердің, яғни, бағдарламаға қатысушының ай сайынғы тағайындалған жалақысының 35%-ы халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы субсидияланады. Жалпы айтқанда әлеуметтік жұмыс орындарының басты мақсаты жұмыссыз жүрген адамдарға жұмыс тауып берген жұмыс берушілерді мемлекет тарапынан қолдау арқылы жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы еңбек қатынастарды ресми түрде рәсімдеу, көлеңкелі экономикадан шығару екенін бағамдауға болады. Бұл бір жағынан жұмыс беруші үшін де жасалған көмек деуге болады. Жұмыскердің жалақысының белгілі бір мөлшерін мемлекет қамтамасыз етеді. Жұмыс берушіге айтарлықтай салмақ түспейді деуге болады.

Мұндай жұмыс орындары әдеттегі бос жұмыс орындарымен қатар беріледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар осындай жұмыс орнына барып орналасуына болады. Әлеуметтік жұмыс орындары аймақтың барлық өңірлерінде ашылған.

  • Биылғы жылы әлеуметтік жұмыс орындарына 25 адамды қамту жоспарланған болатын. Дегенмен, біз бұл межеден асып түстік. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында 37 адам өзіне жұмыс тапты, яғни, жоспардың орындалысы 148%-ды құрап отыр, – дейді Қарқаралы ауданы бойынша халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Қанат Бабайбеков.

Қазіргі таңда аудан бойынша 8 жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орындарын құрып, 37 адамды жұмыспен қамтып отырған көрінеді. Егіндібұлақ селосының тұрғыны, жеке кәсіпкер, «Балқантау» ЖШС директоры Өмірзақ Қапсаттаровты айтуға болады. Ол жыл басынан осы бағдарламаға жұмыс беруші ретінде қатысып келеді. Ет өнімдерін қайта өндеумен айналысатын кәсіпкер ауылында жұмыссыз жүрген 8 адамды әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтып, нәпақасын айыруға мүмкіндік беруде.

Уақытша болса да жұмыс тапқандардың бірі – Рахат Хасен аудан орталығындағы «Новая технология» ЖШС-да техникалық бағдарламалық құралдарды орнатумен айналысады.

Жұмыс таппай біраз жүрген, халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке араласқанын айтады.

  • Әр жерде жүріп күнделікті тапқан табыстың берекесі болмайды. Қазір менің зейнетақы жарналарым да жүріп жатыр. Қолыма 70 мыңның көлемінде жалақы аламын. Бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым жақсы, – дейді Рахат Хасен.

Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа тұруға ниет білдіретіндер қатары көп. Мәселен, Жезқазған қаласында былтыр жоспарланған 85 адамның орнына 115 адам осындай жұмысқа жолданған екен. Оның 39-ы жастар. Оларға қаладағы 22 кәсіпорындар мен мекемелер жұмыс орнын тауып беріпті. Бұл ретте осыншама адамның 78-і тұрақты жұмысқа қалғанын айрықша атап өткен жөн. Ал, биыл 85 бос жұмыс орнының 82- сі өз иесін тапты.

  • Жұмыссыз азаматтардың тұрақты жұмысқа қабылдануы – біздің түпкі межеміз. Халықты жұмыспен қамту бүгінгі күнгі үлкен мәселенің бірі, – деді Жезқазған қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Абай Әзімбаев.

Қазақстандықтардың Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына деген қызығушылығы басым. Оны салалық министрлік берген мәліметтен анық байқауға болады. Былтыр жоспар бойынша қамтылуы тиіс 571 мың адамның орнына 628 мың азамат жұмыспен қамтылған екен. Ол үшін республикалық бюджеттен 107 миллиард теңге бөлінген де болатын.

Жансая ОМАРБЕК.