Тарих

Белгілі батырдың беймәлім қырлары

Әр жылдары Тұңғыш П резидент- Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тікелей бастамасымен қолға алынып, қоғамда серпіліс тудырған «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары ұлттық құндылықтарымызды қайта саралап, рухани игіліктерімізді еселеуге мүмкіндік тудырды. Ұлт тарихына деген жаңа көзқарас қалыптастырып, ұлы тұлғаларымыз туралы тың деректер игерілді. Осының барлығы Ұлы Даланы мекен еткен бүгінгі ұрпақ, яғни, ұлы рух мұрагерлері үшін орасан олжа болғаны ақиқат. Тағы бір тамаша мүмкіндігіміз – еліміздің саяси билік жүйесінде салтанат құрған сабақтастық. Осы сабақтастық нәтижесінде жарқын бастамалардың жалғасты болып, ресми билік тарапынан ұлттық құндылықтарымызға деген тарихи жауапкершіліктің нығая түсуі айқын көрініс тауып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ кешегі Алтын Орданың 750 жылдығы ұлы ұлыстың қарашаңырағы қазақ даласынан бастау алуы керек деуінің өзі санамызды серпілтіп, алты құрлықтың алдында бағамызды өсірді емес пе?! Міне, өлгеніміздің тіріліп, өшкеніміздің жанғаны!

Қазақ – тағдырлы халық. Алағай да, бұлағай заманды басынан өткеріп, «қарағай басын шортан шалған» дәуірде де рух байрағын құлатпаған. Дәуір дауылының ішінде жүріп, ауыр тағдыр соқпағында да көшпенділер өркениетін қалыптастырған. Найза намысты, қайла қайратты қазақтың бүгінгі әр ұрпағы бабаларының өр рухын мақтан тұтады. Иә, кешегі отаршылдық езгінің оқпанынан аман шыққан өр халықтың бүгінгі тағдыры жаһандану жұтқыншағына жұтылуға дайын тұр еді. Елбасының көреген көсемдігі мен сындарлы саясатының арқасында ол аждаһаның азуынан да аман қалдық.

Өйткені, біз өткенімізге үңіле білдік. Бабамның кім болғанын, даламды кім билегенін таныдық. Сол өршіл рухтың мұрагері ретінде ұлы мұратқа ұйыса білдік. Тарихымыздың көмескі тұстарын жаңғыртып, беймәлім тұлғалардың белгілі қырларын аштық.

Мен сөз еткелі отырған Төреқұл, Қарғаш есімді әкелі-балалы қос батыр да – енді ғана көмескіден қаныққа айналып, көнекөздердің сергек жады арқылы халыққа жеткен тарихи тұлғалар. Рас, Төреқұл Сасықұлы мен Қарғаш Төреқұлұлы туралы нақты деректер ғылыми айналымға түсе қоймаған. Бізге жеткені – ел аузындағы аңыздар желісі. Ал, аңыз ақиқаттан бір саты төмен тұр десек те, астарында шындық жатқанын мойындауымыз керек. Анығы – кіші жүз Алшынның Құлтума бұтағынан шыққан қос батырдың ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүргендігі. Жергілікті халық «Төреқұл-Қарғаш кесенесі» деп атап кеткен әкелі-балалы батырлардың мәңгілік мекені – Жаңаарқа ауданы, Қызылжар кентінің күнгей қапталында. Нақтырақ айтсақ, теміржол станциясынан 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Кесене құрылысы дәл қай жылы салынғаны белгісіз. Кемі бір жарым ғасырға жуықтаған көне құрылыстың күйдірілген қыш кірпіштен салынғаны және қабырғасы сегіз қырлы болғаны ғана мәлім. Бағамдап көріңіз, дала дәстүрінде сегіз қырлы, күмбезді етіп тегін адамға кесене салынбайтыны белгілі. Ендеше, Төреқұл мен Қарғаштың тарихи бейнесі ешқандай құжатсыз-ақ, ел аузындағы аңыз арқылы айқындала түспей ме?!

Қазақтың қайраткер ұлы Жанайдар Сәдуақасовтың туған інісі, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылының қадірлі ақсақалы, шежіреге де, ескі әңгімеге де жетік Құрман Сәдуақасовтың айтуынша, Төреқұл Кенесары ханның сенімді сардарларының бірі болған. Зерделі қария Төреқұл батыр туралы көнекөз қариялардан естігенін әңгімелей келе, Ақтау бекінісі салынып, хан Кененің осы төңіректе орыс патшалығының отарлаушы саясатына қарсылық көрсетіп, ұлт-азаттық көтерілісінің шиеленіскен тұсы болса керек деп сөз сабақтайды. Кенесары әскері патшаның жазалаушы отрядынан ығыса ұрыс салып, Сарысу өзені мен Ұлытау арасындағы «Ақжар» деп аталатын жерде қиян-кескі шайқасқа тап болады. Сол ұрыста екі жақтан да көп сарбаз шығын болып, Төреқұл бабамыз да ерлікпен қаза тапқан екен. Сол «Ақжар» Кеңес Үкіметі орнағаннан кейін «Қызылжар» атанған. Яғни, бүгінгі Қызылжар кенті. Аңыз қисынға жақындады. Ал, Төреқұл батырға күйдірілген қыш кірпіштен кесене салдырған да Кенесары ханның өзі дегенді де Құрман ақсақал дала шежірешілерінен алып қалған. 1936 жылы «Жарық-Жезқазған» теміржолының құрылысы басталып, күре жолдың бойындағы «Қызылжар» станциясында да қарқынды құрылыс жүреді. Қызыл империяның атеистері батырдың рухы, кесене киесі дегенді ойлаушы ма еді?! Төреқұл баба кесенесінің бір бұрышынан кірпіш бұзып әкеліп, наубайхана құрылысына пайдаланады. Алайда, от тиген бетте пеш атылып, кесене бұзған адамдар қайтыс болады. «Бұл туралы теміржол құрылысына қатысқан, осы оқиғаны көзімен көрген Досжан, Сейілбек, Ысқақ, Бөлекбай, Ахмет, Мелдебек қариялардың өз аузынан естіп едім», – дейді Құрман ақсақал.

Осыдан-ақ, Төреқұл бабамыздың қасиетті адам болғанын, жай ғана барымташы емес, нағыз ұлт батыры болғанын бағамдай беруге болады. Жасыратыны жоқ, Төреқұл батырдың Кенесары көтерілісіне қатысқанын нақтылайтын архив құжаттары жоқ қолымызда. Десек те, қасиетті бабаның өмір сүрген жылдары Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болған кезеңмен тұспа-тұс келетіндігі және Төреқұл бабаның ел аузындағы бейнесі шын батыр болғандығы аңызды ақиқатқа жақындата түседі.

Ал, кесене неге сегіз қырлы? Осы мәселе бізді көп толғандырды. Өзім тарихшы болмасам да, құймақұлақ, зерделі ақсақалдардан естіген аңыздар желісі арқылы бұл түйткілдің де ұшығын тапқандаймын. Белгілі шежіреші, қаламгер Пернебай Дүйсенбиннің «Үркердей болып көшкен жұрт» (Алматы, «Литера-М» баспасы, 2007 ж.) атты кітабында Төреқұл мен оның баласы Қарғаштың тек батырлықпен ғана емес, шешендігімен, дау түйінін дөп басқан әділ билігімен танылғандығын дәлелдейтін деректер көп кездеседі. Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының 1928 жылы Арқадан, нақтырақ айтқанда, аудан орталығы болған Түгіскеннен көшкенін жақсы білетін боларсыздар. Сол Сарысу ауданының 90 жылдығына арналған тарихи-танымдық жинақта да қос бабамыздың батырлықтан өзге қырлары туралы көп әңгіме топтастырылған екен. Ел аузындағы мұндай әңгімелерді жинастырып, баспаға тапсырушылардың бірі – батырдың ұрпағы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, қазақтың рухты қызы Алтын Досжанова апамыз.

Сол аңыздың біріне жүгінейік. Ертеде ағайын арасында жүген сылдырамай тұрған ба? Жақсылық Алшын Отыншы әжі мен Құлтума Төреқұл арасында жауласу емес, өкпе-реніш жүрген кездер болыпты. Сонымен, Қаратау өңірінде Жақсылық Алшын мен ұлы жүздер арасында ердің құны дау болады. Әр тараптан келген билер дау түйінін шеше алмай, жағдай ушыққан тұста Отыншы Арқадағы Төреқұлға күйме жібереді. Төреқұлдың ағайындары оның Отыншы үшін дауға баруына қарсы болғанда жарықтық бабамыз: «Өзім араз болғанмен, намысым араз емес» деп, жолға қамданған екен. Сөйтіп, Арқадан Қаратауға барып, билік айтып, шиеленіскен дауды шешіп қайтқан екен. «Қалай шештің?» деген ағайындарға: «Болмайтын жігіт бітпейтін дауды даулайды. Істің бітісетін ымырасына жүгініп, құн үшін айғырға – тай, атанға – тайлақ, қойға – қозы, ешкіге – лақ алуға келістім» деген екен.

Бірде Төреқұлдың ауылы Тоқалардың шабындығына келіп қонады. Абайсызда ошақтан шоқ ұшып, шабындық отқа оранады. Онымен қоса екі қыстау жанып кетеді. Шабындық иелері атақты Телғозының Шоңының жамағайындары екен. Олар Батыс Сібір губерниясының жер комиссиясында қызмет ететін Шоңкеңді бел тұтып, өртенген шабындық пен қыстауға құн даулайды. Шоң Төреқұлды шақыртады. Төреқұл келгенде Шоң кеңсесінде медалын тағып отырған екен. Есіктен ентелей кірген батыр кілт кідіре қалып: «Астапыралла! Қарғыны төбетке тағушы еді, адамға таққанын сенен көрдім» десе керек. Сонда Шоңкең де тосылмай: «Жерді өртеп жүрген өзің емес, тілің екен ғой» депті. Жауапкер екенмін деп қарап қалған Төреқұл жоқ. «Кім өртесе де, әйтеуір, өртенді ғой. Жер өртенсе көгерер, өртеңге шыққан шөп жұғымды. Қора өртенсе жөнделер, екі жақ бірдей көтерсе шығынды» деп, өртенген қыстаудың шығынын екі тарап бірге көтеретіндей мәмлеге келтірген екен деседі ескі әңгіме.

Міне, Төреқұл кесенесін кім салдырса да, қабырғасын сегіз қырлы етіп өруінде үлкен мән жатқанын батыр бабаның осындай қырлары арқылы аңғаруымызға болады. Атам қазақ бойына сан қырлы өнер дарыған жігіттің төресін «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп атамайтын ба еді?!

Биыл жергілікті халық қастер тұтып, ерекше құрметтейтін «ТөреқұлҚарғаш» кесенесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекет қаржысына жаңғыртылып, маңызды тарихи ескерткіш ретінде мемлекет  қорғауына өтті. Біздер, ұрпақтары кесене айналасын абаттандырып, бабаларымызға тас қою рәсімін атқардық. Сөйтіп, мемлекет қамқорлығының арқасында ажарлы Арқа төсінде тағы бір тарихи ескерткіш жаңғырды. Ең бастысы, рухты бабаларымыздың елеусіз (жермен жексен болған) кесенесі Мәңгілік Елдің мәңгілік мұрасына айналды. Осы орайда, кесене құрылысының сапалы жүргізілуіне, бастапқы сәулет үлгісінің сақталуына мұрындық болып, халқымыздың рухани мұрасына асқан жауапкершілікпен қараған облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау инспекциясының басшысы Түлкібай Төлеуовке алғыс айтқанымыз абзал болар.

Сөз басында кәсіби тарихшы емес екенімді айттым ғой. Ендігі мақсат – бабамыздың жаңарып, жаңғырған кесенесін құр малданып отыру емес, әкелі-балалы Төреқұл мен Қарғаш батырлар туралы тарихи деректерді жинастырып, ғылыми айналымға түсіру. Жасыратыны жоқ, бұл ауылда мал баққан біздің қолымыздан келетін іс емес. Архивтерден Төреқұл мен Қарғаш жайлы құжаттар іздестіріп, табылып жатса, жүйелеп, ұрпақ кәдесіне жаратар, отандық һәм ұлттық тарихымызға олжа салар мезгіл жеткен секілді. Бұл бір рудың емес, тұтас ұлттың ұпайын түгендеген игілікті іс болар еді. Сонда ғана белгілі тұлғаларымыздың беймәлім қырлары ашыла түскен болар еді. Осы мәселені тарихшыларымызға құлаққағыс етсем деген ниетпен қолға қалам алған едім.

Рухани мұрамызды жаңғыртып, жоғымызды түгендеуге мүмкіндік берген Елбасымыз бен Мемлекет басшысына, мемлекеттік билік басындағы ұлтжанды азаматтарға айтар алғысымызда шек жоқ.

Нұрша ИГЕНБАЕВ,

 батырдың ұрпағы, еңбек ардагері,

«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.

Басқа материалдар

Back to top button