Жаңалықтар

Бекзат болмыс

Табақтас болмасақ та, таныстық тамырланғалы талай уақыт: отыз жыл өтіпті. Бастапқыда сырттай сүйсіндім. Сосын алғашқыда көрмей-ақ әдемі әсер қалдырған азаматтан көз жазып қалмауға тырыстым. Содан шығар, жиі жолықпасақ та, бекзат болмысты Бекеңнің бар ғұмыры көз алдымда.

Өткен ғасырдағы сегізінші онжылдықтың соңына салым қоғамдағы сілкініс демократиялық дүмпуге ұласты. Лауазымды қызметке “баламалы негізде сайлау” деген шықты. Сондай “жаңалық” жиі жетіп жатты.

 Онда Жезқазған облыстық “Сарыарқа” газетінде істеймін. Жаңалықты жіліктеп, тақырыпты талқылайтын орын — редакцияға кіреберістегі темекі тартатын жер. Айтылған әңгіме ауыл-аймақпен шектелмей, әлемді қамтып жатады.

Бір күні Ақтоғай аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына балама негізде сайланған Байзақ Әлмағамбетов кезекті әңгіме арқауына айналды. Өзім өндіріспен айналысқандықтан ба, білмейді екенмін. Бірақ, ол жөнінде айтылған жағымды пікір әдемі әсер қалдырды.

Кейін кездестік. Өзім құралыптас жігіт екен, сыпайы әрі байсалды. Салмақты сөйлейді, астарынан алымдылығы аңғарылды, бекзат болмысы байқалды. Бір ғажабы, алғашқы алған әсер алдамады. Табиғаты — тасқа басылғандай, мінезі — мінсіз.

Есесіне, ол туралы білетінім байыды. Бәкең — Ұлытау ауданындағы “Аманкелді” ауылының тумасы.

шіліңгір шілдеде шыр етіп жарық дүниенің есігін ашқан. Ауыл баласына тән барлық “қызық пен шыжықты” бастан өткерді.

Мектепте үздік оқыды, сол үрдіс одан кейін де үзілмеді: Қарқаралы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын қызыл дипломмен тәмамдады. Екі жыл Отан алдындағы борышын өтегенде — “үздік жауынгер”, сосын Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түскенде үздік оқып, “лениндік стипендиат” атанды.

Ол кезде Ленин атындағы стипендия — 100 сом! Мұндай қомақты қаражаттың қазіргі құны қандай екенін қайдам, ал сол шамада Жезді аудандық “Октябрь туы” газетінде тілші болған менің жалақым 19 сомдай еді. Енді безбендей бер…

 Отбасында он баланың кенжесінің алдындағы ол ерке емес, ес біліп, ақыл тоқтатқаннан-ақ елгезек болып өсті. Алғырлық танытты. Ерте үйленді. Студент кезінде екі баласы бар Байзаққа сенім артқан факультет деканы оны жатақхана комендантты етіп бекітті.

Институтта парткомның бюро мүшесі болды. 1983 жылы оқу бітіргенде қызыл дипломды қанжығасына байлады. Осындай абырой-атағы мен беделі бар Байзақ деканат басшылығы оқуды аспирантурада жалғастыру жөнінде ұсыныс жасаса да, Алматыда қалмай, Ұлытауға тартты.

Қызметті кеңшарда бас зоотехник болып бастады. Араға жыл салып аудандық партия комитетіне нұсқаушы болды, сосын Жезқазған облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөліміне шақырды. Компартия тарағанша партиялық жұмыста жүрді.

1992 жылы Тоқырауын ауданының Абай кеңшарына директор болып барды. Үш жылдан кейін Балқаш қаласына қоныс аударып, сондағы кен-металлургия комбинатының агроөнеркәсіп кешенін басқарды. Жеті жылдай баспахана шаруасымен де айналысты.

Былтыр желтоқсанда Балқашта жолықтық. Қала әкімінің аппаратында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімін басқарады екен. “Амандық болса, алдағы жылы зейнеткерлер ауылына ат басын бұрамын” деді…

Айтпақшы, Бәкеңнің жары Зада Жұматова — біздің әріптес, “Балқаш өңірі” газетінің бас редакторы. Екеуі үш перзентке өмір сыйлап, ұлды — ұяға, қызды қияға қондырды.

Тұңғышы Әсел екі жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірді, Жоғарғы сот академиясын үздік аяқтады. Қазір сот саласында, Алматыда. Күйеу баласы Кеңес Өтепов — Алматы ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

 Ортаншысы Алмат — Қарағанды жоғарғы полиция мектебінің түлегі. Біраз жыл тергеуші болды, бүгінде — басқа салада. Кенжесі Абай — заңгер, “Қазақмыс Смэлтинг” компаниясында қызметте.

Көзқуанышы — немере. Бұдан бірер жыл бұрын Аружан мен Еркежан “Елбасы жолы” киноэпопеясының “Тығырықтан жол тапқан” деген бөлімінде Дариға мен Динараның балалық шағын сомдап, атасы мен әжесін қуанышқа кенелтті.

Қуаныш ортаймасын, Бәке!

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button