Жаңалықтар

Бектауата

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» жобасы бойынша aнықталған «Қазақстанның киелі 100 нысаны» тізіміне «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санаты бойынша Бектауата тауы және үңгірі енгізілген.

Бабаларымыздың ұрпағына мәңгілікке қалдырған иелігі, ең қымбат мұрасы – атамекені. Осынау сөзді естігенде көз алдыма Сарыарқаның жазиралы даласы, көгілдір көлі, қасиетті Бектауата таулары, Торанғының қасиетті ағаштары, ашық аспаны мен жел өтінде тербелген жасыл желегі елестейді. Әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеген қасиетті мекені бар. Сондықтан, туған жер – адам өмірінде ең киелі, қасиетті мекен. Мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру әркімнің өз туған жерінен бастау алса керек.
Ойлап қарасам, елімізде керемет, көрікті орындар көп. Солардың бірі және бірегейі – Бектауата тауы. Бектауата – сұлулық мекені, адам қолымен жасағандай таңдандыратын тарихи орын.
Бектауата – туризмді дамытуға аса қолайлы, Астана мен Алматы сияқты ірі мегаполистердің басын қосатын күре жолдың бойындағы қасиетті аймақ. Тауларға бір қарасаң, әжеміздің жинап қойған көрпелеріне де, қабат-қабат қамырдан жасалған тәтті тоқашқа ұқсатуға болады. Мұнда жанартау түзіндісінен пайда болған жартастар қабаттаса орналасқан. Тауда киелі саналатын тұщы су көзі бар «Әулие үңгірі» орналасқан.
Алыстан қарағанда мұнартып, ақ қаладай көрінетін тау Балқаш қаласынан 60 шақырым жерде. Сарықұлжа мен Бектауатаның өзге биіктерін Құбылтай өзегінің аңғары бөліп тұр. Тау беткейлері тік, жылтыр көкшіл тасты, төбесі үшкірлеу келеді. Таудың ішіне кірсеңіз, аспаннан жаңа ғана жерге қонған ұшқыш тарелкаға ұқсайтын, не болмаса ертегілердің ғажайып қаһармандарына ұқсаған небір әдемі көріністерді көресіз.
Бектауата су астында көп жатқанға ұқсайды, таудың осыншама мүжілуін, граниттен табиғаттың өзі жасаған ертегі мүсін дердің пайда болуын түсіндіру қиын. Бектауатаның табиғаты да керемет, оны шөл даланың ортасындағы оазис деуге келеді. Тау шатқалдарында орман-тоғайлар, емдік шипалы сулары бар бұлақтар көп. Әр жерде тас бетінен көлшіктерді көресіз. Бұл жерде биолог ғалымдардың айтуы бойынша, өсімдіктің 100-ге тарта түрі кең таралған, олардың сирек кездесетіні 40-тан асса, «Қызыл кітапқа» енген 8-і бар. Соның ішінде, Бектау атымен аталатын да өсімдік бар.
Әр елді мекен сияқты Бектауата тауы жайлы да халық арасында аңыз бар. Бағзы заманда бір қарт өмір сүріпті, ол кісінің ауылдастары жау тарапынан опық көріп, ауыл болып қашуға мәжбүр болған. Қарт адам халқын тау мен тастан, өзен мен көлдерден өткізіп, мал асырап, жақсы күн кешуге болатындай мекенге көш бастап, алып келеді. Ауыл халқы тау етегіне жайғасады, ал, қарт адам үңгірлердің біріне кетуді шешеді. Ақсақал кетер алдында: «Мен мына жатқан таудың ішіндегі үңгірге кетемін, егер, менен бір нәрсе қажет болса, үңгірге келіңдер, барынша көмектесемін, бірақ, сендерге бір шартым бар. Кімде-кім анау таудың басына шығатын болса, бір жамандық келеді.
Сондықтан, онда баруға тыйым саламын», – деген екен. Қарттың сөзіне құлақ аспаған бір адам, таудың басына шығып, одан құлап, жараланған екен. Содан бері бұл тау «Бектау атаның тауы» деп аталып кеткен.

Елжан ЖҰМАШЕВ,
№15 мектеп-лицейі «Жас өркен»
баспасөз орталығының жас тілшісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button