Бекайдар би

          Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында маңызды мәселелерді көтереді. Мақалада Мемлекет басшысы «туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Міне, халқының қалаулы перзенттерінің бірі – Қарағанды атырабына аты аңыз болып таралған Бекайдар би.

Бекайдар Әлмәмбетұлы (1745-1854ж.ж.) – әділ сөзді би, тілге көсем шешен. Туған өңірдегі би-шешендер, әйгілі батыр, озық ойлы ел жақсылары мен мырзалары арасында өскен Бекайдар, солардан тәлім алған. Ел шетіне жау тиген, елдің іргесі сөгіле бастаған алмағайып заманда өмір сүрген.
Бекең айтты деген өнегелі сөздер ел ішінде әлі де сақталған. Малды өрісінде, құлынды желісінде, баланы жас кезінде танып, сын айтатын дәл болжампаз, ақылды шешен, бидің дүрі болған екен. Бәйгеге ат қосқанда Мұрат атасы Бекайдардың аруағына сыйынып, “бекайдарлап” шабады екен. Бекайдар бидің үйіне бірде қонаққа келген бір сыйлы адамы: «Сізді жұрттың бәрі “Бекайдар” дейді, бәйгеге ат қосқанда “бекайдарлап” шабады, ел құрметіне қалай ие болдың!” – деген екен. Сонда би: «Қазаным қайнап тұрса, дастарқаным жайнап тұрса, қызыл тілім сайрап тұрса, дұшпаным сескеніп байқап тұрады, сондықтан мені ел неге сыйламасқа?!» — депті.
Бекайдар айтты деген көптеген билік, нақыл сөздер ел аузында сақталған. Бір топ ақсақал кеңес құрып, өмір тәжірибесі туралы ұзынсонар сөз етіпті. Бекайдар би осы жиында: «Адам қартайғанда өзін неден тыю керек?» – деп сұрапты. Әртүрлі жауап айтылып, соңында сұрақ қойған Бекайдар бидің өзі: «Адам қартайғанда бес нәрседен өзін тыю керек. Әуелі, көзіңді тый; екіншіден, қолыңды тый; үшіншіден, аяғыңды тый; төртіншіден, аузыңды тый; бесіншіден, тамағыңды тый!» — депті. Онысы ашкөз болма, сұраншақ болма, қыдырмашы болма, тантық, мылжың, тынымсыз болма дегені екен.
Қазіргі Теміртау қаласының аумағы, Аққұдық (Тихоновка) деген жер Бекайдар бидің баласы Елібайдан тарайтын Мұздыбай деген атаның мекені. Мұздыбай қорасы осы жерде болған. Ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Әлмәмбеттен төртеу – Жылқыайдар, Қожағұл, Қалқаман, Бекайдар. Бекайдардың үш қатыны тоғыз ұл туды. Тоғызы да өсіп-өнді. Мырзамбеттің қатынының аты Төмен бәйбіше атанған. Мырзамбеттен Қошқар деген баланы тапқан. Мырзамбет өлген соң, бұл Төмен бәйбішені Бекайдар алған. Төмен бәйбіше Бекайдардан үш ұл тапқан: Елібай, Жайықбай. Төмен бәйбішеден кейін Сәлия атты қатын алған. Мұнан туған Төлебай, Дербес, Қожамсейіт. Баяу тоқалдан Ізбасар, Баба, тағы біреу бар. Төлебайдан – Жиенәлі батыр», — деген шежіре келтірген. Жиенәлі батыр Төлеубайұлы – Абылай тұсында болған Қуандық руының аруақты батыры болған Елібайдан – Байсейіт, Нұрсейіт, Тоқсейіт, Ортабан туған.
Тағы бір тарихи аңыз бойынша «Бекайдар төрт әйел алған, сол төрт әйелі: Түмен, Сәлия, Баяу, Қаныш. Осы төртеуден: Елібай, Жайықбай, Сиқымбай, Дербіс, Қожамсейіт, Төлубай, Кенжәлі (Қаражігіт), Ізбасар, Баба, Жанәлі, Естай, Шортай, Үмір, Медет, Жақсылық. Осы балалары аталас болған соң мен қаламымды қойып, Бекайдардан тоғыз деуші еді, ол қалай деп Ғабеңе сұрақ қойдым. Ғабең Түменнен туған алғашқы төртеу Бекайдардан емес, өлген Мырзамбеттің балалары болуы мүмкін және қартайған шағында алған Қаныштан туғандарды алдағыларға қоспайтын тәрізді деді атамыз.
Қазақтың атақты жазушысы Ғ.Мұстафин осы Елібай атаның ұрпағы, Байсейіттен тарайды. Белгілі қоғам қайраткері, «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева осы Елібайдың ұрпағы Нұрсейіттен тарайды, қазіргі Бұқар жырау ауданы, Қызылжар ауылының тумасы.
Бекайдар би жоғарыдан түсіріліп отырған жарлықтарды барынша жұмсартып, ел мен жердің жағдайына лайықтап іске асырып отыратын болған. Шекаралық даулы мәселелер, жер бөліс істерін көп ретте өз қалауынша шештіріп отырған. Әсіресе, жер дауын үнемі халық пайдасына шешуге тырысқан. Осы табандылығының арқасында ол орыс әкімшілігіне де, халыққа да қадір-қасиеті қатар артқан.
Бақиға көшерінде ақар-шақар ел болған өзінің әулетін, көңіл жетер ағайынның барлығын жинап алып: «Даңқ, байлық, мансап деген үш нәрседен сақ болыңдар. Даңққа бой берсең – көзіңді байлайды, құздан құлайсың. Байлыққа мастансаң – төгілесің, қайыршылыққа қадам тартасың. Мансап биігіне берілсең – жалғыз қалып сандаларсың. Даңқты да, байлықты да, мансапты да уыстарыңда ұстай біліңдер. Топшыл болмаңдар, көпшіл болыңдар. Топ тоқыратады, көп батырады. Береке, бірлік – шаңырақ, ел биіктігі» — деп өсиет айтыпты.
Өткен ғасыр басында жүрген Ақмола ояздығын зерттеу құжаттарында Спасск болыстығына (ұлысына) қатысты құжаттар тарихтың маңызды дерек көзі. Бұл деректерден біздер жер-су атына қатысты құнды мәлімет ала аламыз, сондай-ақ, бұл жерлердің нақты қандай аталарға тиесілі мирас болғанын байқай аламыз.
Спасск ұлысының № 6 ауылына қараған 25 жеке шаруа ауыл тұрғындары Қарамұрат пен Сарымұрат ұрпағы. Мұрат атаның алты руы үш топ болып топталған. Бірінші топ – Әлмәмбет ұрпақтары, екінші топ – Қарамұрат ұрпағы, оларға – Мәмбет пен Үкібас ұрпақтары жатқан. Үшінші топ – Сарымұрат ұрпағы, немесе – Мырзамбет пен Үмбет баласы.
ХХ ғасыр басында осы өңірге келімсектердің қоныстануы 1904-1905 жылдары мұжықтың көші-қон толқыны бәсеңсіді. Бұған сол кездегі екі ірі саяси оқиға әсер еткені белгілі. Бірінші ахуал сәтсіз аяқталған 1905 жылғы төңкеріске қатысты болса, екіншісі – орыс шаруаларының бұрынғы мекендері – Орал тауынан берірек орналасқан күншығыс бетіндегі жер бос қалып тартымды бола қалуы.
Осы кезеңде Нұра бойындағы Мұрат атаның жерлеріне де біршама келімсектер қоныстанып, елді мекендер атаулары жаппай өзгеріске ұшырады. Бұл өзгерістер Бекайдар атаның ұрпақтары отырған қыстауларды айналып кетпеді.

Ә.Әлімбаев,
экономика ғылымдарының
докторы, профессор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.